"Не болғанын әлі айта алмайды": Желіде Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалған стюардессаның видеосы пайда болды
Желіде Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалған Azerbaijan Airlines әуе компаниясының стюардессасы Айдан Рахимлидің видеосы пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бағыт алған Embraer 190 жолаушылар ұшағы Ақтауда апатқа ұшыраған еді. Әзірбайжан әуе жолдарының екі ұшқышы да қаза тапқан. Бес экипаж мүшесінің екеуі, стюарт Зулфугар Асадов пен стюардесса Айдан Рахимли аман қалған.
Әзірбайжанның Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, стюардесса Айдан Рахимли Маңғыстау облыстық ауруханасында ем қабылдап жатыр. Желіде тараған видеодан 25 жастағы қыздың әзірбайжандық делегацияны көріп еріксіз жылап жібергенін байқауға болады.
“Айдан әлі күйзелісте. Ол не болғанын әлі айта алмайды. Алайда тірі қалған бірнеше жолаушы стюардессаның ерлігін тілге тиек етті. Қиын жағдайда ол адамдарға көмектесті. Дүрбелеңнің алдын алып, нақты нұсқаулар берді”, –делінген Әзірбайжан министрлігінің хабарламасында.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Бортта 67 адам болған. Оның 38-і қаза тауып, 29 адам Маңғыстау облыстық ауруханасында ем абылдап жатыр. Апаттың алдын ала себебі оның құстарға соғылуынан екені айтылды.