Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әр ер жігіт Отан алдындағы борышын өтеуі тиіс": Әскерге барып келген отандастарымыз естеліктерімен бөліседі

7 мамыр - Отан қорғаушылар күні қарсаңында Stan.kz редакциясы әскерде борышын өтеген ер азаматтармен байланысып, ерекше естен кетпес оқиғаларын тыңдады. Отан алдында борыштарын өтеген азаматтар, қызығы мен шыжығы мол шақтың құнды естеліктерімен бөліспек.

Нұрбақ Жұмабекұлы Жақсылықов, 1979 жылы Алматы облысында орта мектепті бітіріп, Талғар медицина колледжіне оқуға түскен. Артынша 1980 жылы әскерге шақырту келіп, Отан алдындағы борышын өтуге әскерге аттанған. Ол уақытта Қазақстан КСРО-ның құрамында болған кезі еді.

"Сол жылдың мамыр айында Ресей Федерациясының Калуга қаласына 5 күн дегенде жеттік.  Бара салысымызбен шашымызды алып, моншаға түсіріп артынша әскери киім берген еді. Осылайша  1982 жылы әскердегі қызметімді аяқтадым. Осы екі жыл екі күндей боп зулап өтіп кетті...", - деп еске алады ол.

 

Мені бірден штабқа жұмысқа алды

Жалпы білімімізге қарай жұмыс бөліп берді. Қатарластарымның көбі орыс тілін білмеуші еді. Мен орыс тілін жетік білгенім әрі жазуым ұнаған болуы керек, бірден штабқа жұмысқа алды. Бас аяғы алты ай сол штабта жұмыс істедім. Қосымша мені сол жерде медсанчастьтке көмекші қылып алды. Сол кездері қатарлас әскердегі балаларға бастапқы медициналық көмек көрсетіп жүрдім. Осының бәрі мен үшін зор өмірлік тәжірибе болды. 

Нұрбақ Жұмабекұлының айтуынша, қызметтес болғандардың ішінде өзге ұлт өкілдері көп болған. 

"Бас-аяғы Алматы облысынан 18-дей жігіт болдық. Сонымен қатар Өзбекстан, Тәжікістан, Әзербайжанның жігіттерімен бірге қызметтес болдым. Басқа ұлт демей бәріміз бір үйдің баласындай жүруші едік", - дейді ол.

 

Әскерде әлімжеттік деген заңды нәрсе

Жалпы әскерде әлімжеттік деген заңды нәрсе ғой. Әрине, болмады емес, болды. Ол да бір әскердің қызық кездері ғой. Сонымен қатар наряд дейтінбіз. Ағаш жару, картоп аршу сынды қара жұмыс жасауға алып кететін. Мен штабта жұмыс істегендіктен, сол жерде жұмыс істейді деген қағазым болатын. Оны рұқсат қағаз ретінде көрсетіп, мені сол жұмыстардан босататын еді.

Нұрбақ Жұмабекұлының сөзінше, әскер деген ер адамды шыңдайтын, нағыз жігіт жасайтын жер. Сонымен қатар әр ер жігіт Отан алдындағы борышын өтеуі тиіс.

 

Айына бір рет шығып, қыдырып келуге болатын

Қызықты оқиғалар көп қой. Оның бірі есте болса енді бірі ұмытылды. Бізге айына бір рет сол Калуга қаласына шығып, қыдырып келуге болатын. Арнайы киініп алып, айына бір рет осылай қыдырып қайтатынбыз. Жалпы Калуга қаласы әдемі, таза қала болатын. Табиғаты да жайлы еді. 

 

Біразымызға әскерде қалып, жалғастыруға ұсыныс түсті

Осылайша екі жыл өте шықты. Біразымызға әскерде қалып, жалғастыруға ұсыныс түсті. Ата- анам елге қайтуымды қалады. Сонымен қатар елге деген сағыныш бар. Осының бәрі ұсыныстан бас тартуға алып келді. Әскерде бізге басшылық етіп, қарайласқан санитар дәрігер, капитан Сергей Кернитский, рота командирі Казельский мен рота старшинасы Петровқа алғысым шексіз.

 

Еден жуғышты ұстаған күйі ұйықтап кетіппін

Нұрбақ Жақсылықов әскерде әртүрлі қызықты оқиғалар болғанын ерекше ықыласпен еске түсіреді. Сондай бір қызық жағдайлардың бірі асхана тазалау кезегі уақытында болыпты.

"Бірде асхананы тазалау кезегі маған келді. Негізі қасыма тағы бір жігітті қосу керек еді. Алайда ол жігіт денсаулығына байланысты медпункке жіберіліп, келе алмады. Содан жалғыз өзім асхананың тазалығына кірістім. Бәрін бітіп, едендерді жартысына дейін жуып, сәл тынығып алайын деп, қолымдағы еден жуғышты ұстап отырған болатынмын.Түскі уақыт шамасы, көктем мезгілі еді. Бір кезде түскі ұйқы қысты ма, маужырап сол еден жуғышты ұстаған күйі ұйықтап кетіппін. Бір кезде тарс деген дауыстан шошып ояндым. Ұйқылы-ояу түріммен көзімді ашып қарасам, асхана меңгерушісі Света апай. Қолында екі темір кастрөлі бар. "Не болды біреу мылтықпен атты деп ойладың ба?" деп қарқылдап күледі. Кейіннен сұрасам екі кәстрөлді дәл құлағымның тұсынан бір-біріне ұрыпты. Құдай сақтап құлағымның пердесі жарылмапты", - дейді ол.

 

Тараз қаласының тумасы Мақсат Ошақбаев 2014-2015 жылдары Батыс Казакстан облысы Орал каласында 5517 әскери Отан алдындағы борышын өтеген. Бұрын Ішкі әскер атанса, қазір Ұлттық Ұлан мәртебесін алған. Айтуынша, әскери қызмет оған Отанға деген сүйіспеншілікті, бауырмалдықты және қатал тәртіпті үйрете білді.

"365 күн жақындарымнан жырақта болу мен үшін ауыр болды, ата-анаға деген сағыныш, бір жағынан 18 жастағы күліп-ойнап жүрген мен үшін үлкен өмірге қадам басу қиынға түсті. 

Қызметтес болған жауынгерлермен әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз, бір-бірімізді іздеп, кейде мейрамдарда жолығып, бастан өткен қызықты кездерді еске түсіріп айтып отырамыз. Қазір әркім әр салада қызмет етеді", - дейді Мақсат.

Оның сөзінше, қызықты оқиға көп болған. Соның бірі әскери дабыл кезінде орын алыпты.

"Әсери дабыл түнгі 3:20-да соғылды. Сол кезде әскери бөлімшені қорғау мақсатында 11 сарбаз өз міндеттерін атқаруы керек. Дабыл аяқталған соң, қарасақ, бір сарбазымыз жоқ, оны ары іздеп, бері іздеп таппадық. Сөйтсек ол, 2-атқыштар ротасында рациясын өшіріп, ұйықтап қалған екен", - деді ол.

 

Қайтып бармас едім...

"Әскери борышымды өтедім деп санаймын, екінші рет онда барудың қажеттілігі, қызығы жоқ сияқты. Менің ондағы қызметім өзім сияқты сарбаздарды кесте бойынша күзет орындарына жайғастырып, сақтық шараларын күшейту болды", -дейді ол. 

Айтуынша, есте қалған сәттер өте көп. Әсіресе оқу-жаттығу полигоны барлық сарбаздың есінде сақталатынын айтады.

Жерден көтерген граната жарылмаған болып шықты

Ең алғаш рет қару ұстау, құлақты шым еткізер бірінші оқтың даусы кеудеңде бір мезетте қорқыныш пен қуаныш сезімін ұялатады. Оқу-жаттығу алаңы жауынгер үшін қызықты сәттерге толы жер деп айтсам қателеспеспін. Сондай бір есте қалған оқиғалардың бірі кезекті жаттығу кезінде орын алды. РГД-5 қол гранатасын ұрыс алаңында қолдану шеберлігін шыңдап жатқан болатынбыз. Жауынгерлік сынақ аяқталып, барлық сарбазға жарылған граната қалдықтарын іздеуге бұйрық берілді. Барлық жауынгер бұйрық бойынша граната қалдығын іздеуге кірісті. Алаң гранатадан қалған ойыққа толы. Кенет жерден көтерген граната жарылмаған болып шықты. Сол сәтте үрейленгенім соншалық, бүкіл өмірім капитанға барар екі аралықта өтіп кеткендей болды. Капитан болса: "Ничего страшного. Ішіндегі маңызды бөлшегі жерге түскенде шашылып кеткен екен" деді...

 

"Бірің бәрің үшін, бәрің бірің үшін"

Мақсат Ошақбаевтың айтуынша, әскердегі әлімжеттік бұрыннан бар және сақтала бермек. Бұл - қалыпты нәрсе. "Әскерде әлімжеттік болды. Бұл болуға тиісті нәрсе, себебі бізден бұрын келген сарбаздар бізге көрген-білгендерін үйретеді. Күнде басқаша тапсырмалар болады, үлгермей жатамыз", - дейді Мақсат Ошақбаев. 

Әлімжеттік емес, тәрбие деген дұрыс сияқты. Әскерге әр өңірден жиналған, тәртіпке бағынып көрмеген әрбір үйдің ерке балалары келетіні анық. Жүз түрлі адам, жүз түрлі мінез, барлығын бір жүйеге салу үшін физикалық күшті шыңдау үшін таяқ керек. Әрине, бастапқы уақытта қатты қиналасың: ұйқы қанбай, устав жаттау "дедтердің" қысымынсыз жүзеге асуы қиын. Әлімжеттік неге үйретеді дегенге келсек, жаныңдағы адам үшін жауап беріп үйренесің. Егер жаныңдағы солдат тәртіпке бағынбай жүрген болса, сол үшін барлық жауынгер таяқ жейді. Мұнда "Бірің бәрің үшін, бәрің бірің үшін" деген қағида ұстанасың. Бұл жүйе баяғыдан болған және бола береді, себебі онсыз жауынгерлер ынжық, әлсіз болып шыға береді.

 

Дайындаған: Назерке МҰСА

STAN.KZ
Сәрсенбі, 06 Мамыр, 2020 16:20
Талқылау