Назым Қызайбай спорттағы мансабын аяқтаған соң депутат бола ма? Бұл сұраққа боксшының өзі жауап берді
Фото:KBF media
Еліміздің бокс тарихындағы тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай алдағы мақсат жоспары туралы айтты. Белгілі боксшы Instagram парақшасында жанкүйерлерінің сұрақтарына жауап беріп, өз ойымен ашық бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқырмандардың бірі: “Бокстағы мансабыңызды аяқтаған соң депутат боласыз ба?” — деп сұраған. Бұл сұраққа Назым Қызайбай былай деп жауап берді.
“Мен болашақта депутат боламын ба деген сұраққа айтарым — мен өз жолымды спорттан көремін. Себебі мен спортты жақсы көремін, спорт – менің өмірімнің бір бөлігі. Мен әрдайым өзім жақсы білетін, шын жүректен түсінетін іспен айналысқым келеді. Маған саясат емес, еңбек және табандылығыммен жақындарымның тәрбиесі арқылы үлгі болу маңыздырақ. Сондықтан мен өз саламда дамып, қоғамға пайдасын тигізетін нағыз маман болғым келеді”, — дейді Назым Қызайбай.
Айта кетейік, Назым Қызайбай Қазақстан бокс тарихындағы тұңғыш 3 дүркін әлем чемпионы. 2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері. Жақында Ливерпульде өткен әлем чемпионатында Назым финалға жолдамаға алған еді. 48 келінің ақтық сында ол үндістандық Минакшимен қолғап түйістірді. Алайда үш раундтың нәтижесі бойынша төрешілер шешімімен Минакши жеңіске жетті. Ал Назым Қызайбай күміс жүлдегер атанды. Осылайша оның қоржыны Әлем чемпионатының барлық жүлде қорымен толықты.

"Айлығымыз аз, қалай жеткіземіз?": Қазақстандықтар қазіргі жалақыға күн көру қиындап бара жатқанын айтып, дабыл қақты
