Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Жүкті кезімде қол көтеріп, көзіме шөп салды”: Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының бұрынғы жұбайы мәлімдеме жасады

Қайрат Сатыбалдының азаматтық некеде болған жарыФото: Видеодан скриншот

Өзін Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының бұрынғы жұбайы ретінде таныстырған Асылжан Есенқызы оның ерекше күтімді қажет ететін баласын тастап, әкелік міндеттерінен жалтарып жүр деп мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Асылжан Есенқызы Қайрат Сатыбалдымен бірнеше жыл бойы азаматтық некеде тұрғанын айтты. Оның сөзінше, екеуінің қарым-қатынасы жайлы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі білген. 

“Мен Қайрат Сатыбалдының тоқалы да, ашынасы да емеспін. Ол мені анасымен, туғандарымен таныстырған. Біз бірге тұрғанда оның басқа заңды әйелі болған жоқ, тек балаларына барып тұрды”, – деді ол.

Сондай-ақ ол Қайрат Сатыбалдымен жас айырмашылығы туралы айтып берді.

“Жап-жас бола тұра әкеңмен жасты адаммен неге көңіл жарастырдың дейтіндерге де жауабым бар. Мен биыл 40 жасқа толамын, ол менен небәрі 16 жасқа үлкен болды”, – деді ол.

Асылжан Есенқызы миллионермен ақша үшін көңіл жарастырмағанын алға тартты. Оның сөзінше, Қайрат Сатыбалды Франция, Түркия секілді елдерден вилла, қымбат сыйлықтар сыйлағанымен, ол өз қалауымен бас тартқан.

Балалы болу туралы ұсынысты Қайрат Сатыбалды өзі жасаған, бұған қарамастан, бұрынғы жарының айтуынша, жүктілік кезінде қол қөтеріп, тіпті ашынасы пайда болған.

“Жүктілік кезінде бәрі психологиялық қысымнан басталып, кейін физикалық зорлық-зомбылыққа ұласты. Ол маған қол көтерді. Сол кезеңде оның маған опасыздық жасағанын да болжаймын. Өйткені жүкті кезімде бірнеше рет сақтауға ауруханаға түстім. Талдаулар нәтижесінде жыныстық жолмен берілетін инфекциялар анықталды. Ол кез келген нәрседен жанжал шығаруы мүмкін еді. Кейінірек сол уақытта оның басқа әйелмен қарым-қатынасы болғанын түсіндім. Бәлкім, ол менен қалай құтылуды білмей, өзім кетіп қалармын деп үміттенген шығар”, – деді ол. 

Асылжан Есенқызы Қазақстанда да, Францияда да тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы арызды бірнеше түсіргенін айтты. Алайда нәтиже бермеген.

Асылжан Есенқызы 2019 жылы 16 мамырда қызды дүниеге әкелген. 

“Біз қызымның алты айлығында айырылыстық. Ол мені перзентханадан өзі шығарып алды, алғашында қызына жақсы қарады. Қарым-қатынасымыз бұзыла бастады, ол көзіме шөп салды, мен мұны кешіре алмай ажырасуға бел будым”, - деді ол. 

Оның айтуынша, қызына аутизм, СДВГ, дислекция секілді бірнеше диагноз қойылған. Сондай-ақ жалпы сөйлеу тілінің дамымауы (ОНР), психикалық дамудың кешеуілдеуі (ЗПР), сенсорлық бұзылыстар, сенсорлық шамадан тыс жүктеме және анамнезінде эпилептиформды белсенділік бар.

“Диагноз 2021 жылы қойылды. Ал Қайрат Сатыбалды диагноз туралы тіпті естігісі келмеді. Мен оған бірнеше рет хабарластым, көмек сұрадым. Бірақ ол үнсіз болды. 5 жылдан астам уақыт бойы балаға тек мен қарап келемін. Қайрат болса қаржылай мүлде көмектеспейді”, - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген сақ алтындары мұражайға берілгені хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Дүйсенбі, 12 Қаңтар, 2026 23:07