Адвокат Абзал Құспан: Жаңаөзен оқиғасы – адамзатқа жасалған қылмыс
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты Жаңаөзен оқиғасы үшін әлі де қамауға алуға болады. Бұл туралы адвокат Абзал Құспан Нартай Аралбайұлына сұхбат беріп, қаңтар оқиғасы, Нұрсұлтан Назарбаев пен Кәрім Мәсімов туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Абзал Құспанның пікірінше, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты Жаңаөзен оқиғасы үшін әлі де қамауға алуға болады.
“Қазір ол кісі биліктен кеткеннен кейін батыл пікір айтушылар көбейді ғой. 2012-2013 жылдары Назарбаев күшінде еді. Мен Жаңаөзен оқиғасына қатысты соттың біраз бөлігіне қатыстым деп айта аламын. Сол кезде пікір айттым. Елге оқ атқаны, террорды ұйымдастырғаны Нұрсұлтан Назарбаевты халықаралық трибуналға апаруға дейін мүмкіндік береді. “Адамзатқа жасалған қылмыс” деп бағалауға болады деген едім. Уақытында айтылған пікір еді. Мен бұл пікірімде әлі де қаламын”, – деді Абзал Құспан.
Cондай-ақ адвокат Кәрім Мәсімовтің тергеу жұмыстары туралы пікір білдірді.
“Бұл ресми түрде құпияландырылған іс. Ұлттық қауіпсіздік қызметі – ең құпия қызмет. Сол құпия қызметтің бірінші басшысына қатысты тергеу жүріп жатыр. Осы тұрғыда биылғы жылы Бас прокуратураға сын айттым. Бізде кез келген санаттағы істі 201-бапқа сілтеме жасап, тергеу құпиясы ретінде жауып тастайды. Жабулы қазан жабулы күйінде қалады. Ол өз кезегінде ел-жұрт тарапынан алып-қашпа әңгімегің тарауына себеп болады. Сондықтан 201-бапты толықтыру керек деп айттым. Біз әлі Кеңес жүйесінен құтыла алмай жүрміз. Кеңес жүйесінде барлық шешімдер астыртын қабылданатын”, – деді ол.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
