Дәретханада қыздарды жасырын видеоға түсірген: Назарбаев университетінің студенті жазаланды
Әйелдер дәретханасында қыздарды видеоға түсірген Назарбаев Университетінің студенті жазаға тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.kz
Астана қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметі құқық қорғау органдары заң бұзушыны анықтап, оны заң аясында жауапкершілікке тартқанын хабарлады.
"Әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында әйелдер дәретханасында заңсыз бейнежазба жасау фактісі анықталды. Заң бұзушылықты 2-курс студентінің жасағаны белгілі болды. Сұрастыру кезінде оның бөлімдер арасындағы саңылау арқылы көрші кабиналарды аңдығаны анықталды. Сот шешімі бойынша ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Елорда полициясы білім беру мекемелерінде мұндай әрекеттердің орын алуына жол берілмейтінін ескертеді және мораль мен заң нормаларын сақтауға шақырады", – делінген департаменттің хабарламасында.
Ол өз кінәсін мойындап, расында дәретхана кабинкасынан видео түсіргенін айтты. Жігіт әйелдер дәретханасына кездейсоқ кіріп кеткенін алға тартқан.
Назарбаев Университетінің баспасөз қызметі әйелдер дәретханасында видео түсірген студенттің университеттен шығарылғанын мәлімдеді. Ол енді жатақханаға, кітапханаға және университеттің басқа да нысандарына кіре алмайды.
"Университет кампуста қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қатаң шаралар қабылдады. Видеоға қатысы бар студент кампустан шығарылды. Сонымен қатар университет студенттердің қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қорғау үшін барлық қажетті шараларды іске асырды", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін желіде Назарбаев университетінде студенттің қыздарға арналған дәретхананы видеоға түсіргені туралы ақпарат тараған еді.