Қазақстан Түркиядағы қонақ үйді сатпайтын болды: Президент ісі басқармасы Rixos Beldibi қонақ үйін жекешелдіру тізімінен алып тастады
Түркиядағы 5 жұлдызды Rixos Beldibi қонақ үйі бірнеше жылдан бері Қазақстанның меншігі. Бастапқыда мемлекет басқаруында болған нысан кейін Тұңғыш президент қорының иелігіне өтіп кеткен. Ал жақында қонақ үй қайтадан мемлекетке қайтарылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Protenge Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бастапқыда Rixos Beldibi қонақ үйіне "Отель Алатау" АҚ иелік еткен. Ал 2001 жылы "Отель Алатау" үш құрылтайшы құрған. Олар: Президент ісі басқармасы, "Казхром" компаниясы мен "Enrichment" ЖШС.
Бірақ 2012 жылы "Казхром" компаниясы мен "Enrichment" ЖШС қонақ үйдегі өз үлестерін Тұңғыш президент қорына берген. Бұл қордың құрылтайшысы Нұрсұлтан Назарбаев екені белгілі. Ал 2013 жылы "Отель Алатау" АҚ-ның қосымша акциялары шығарылған соң қордың үлесі бірден 70%-ға өскен. Ал мемлекеттің үлесі тек 30% болды.
2017 жылы Тұңғыш президент қоры Rixos Beldibi акцияларын "Жылжымайтын мүлікті басқару бойынша дирекция" ЖШС-ға берген. Бір қызығы бұл компания "Елбасы қорына" тиесілі. Ал "Елбасы қорының" құрылтайшысы – Нұрсұлтан Назарбаев. 2019 жылы "Отель Алатау" АҚ тағы да акция шығарып, мұны "Жылжымайтын мүлікті басқару бойынша дирекция" ЖШС сатып алды. Нәтижесінде Дирекцияның үлесі бірден 77%-ға өсті.
Бірақ 2022 жылы қолдан-қолға өткен Rixos Beldibi қонақ үйін "Жылжымайтын мүлікті басқару бойынша дирекциясы" Қаржы министрлігіне сыйға берген. Ал министрлік жылжымайтын мүлікті Президент ісі басқармасының басқаруына өткізді.
Бұл келісім қандай шарт негізінде жасалғаны белгісіз. Дегенмен бастапқыда Нұрсұлтан Назарбаевтың иелігінде болған 5 жұлдызды қонақ үй бүгінде Президент ісі басқармасының меншігі. Ал 2023 жылдың 1 шілдесінде үкімет "Отель Алатау" АҚ-ны жекешелендіру тізімінен алып тастады. Бұл бастаманы да көтерген Президент ісі басқармасы екен. Сәйкесінше қонақ үй әрі қарай да мемлекет меншігінде қала бермек.
Айта кетейік, 30 жыл бұрын Түркия мен Қазақстан арасында Анталия провинциясындағы жерді пайдалануға беру туралы келісім жасалды. Түркия 1993 жылы бұл жер телімін Назарбаевқа берсе, 1996 жылы келісімшартты Парламент мақұлдады. Қазақстан жер телімін 49 жылдан кейін Түркияға қайтарып беруі керек.