Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаев пен Шаханов бір ауылда тұрады

Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданының Үлгілімалшы ауылында есімі ерекше екі адам бар. Бірінің аты Нұрсұлтан Назарбаев болса, екіншісінікі – Мұхтар Шаханов.

photo_70474

Бұл туралы “Дидар” басылымы хабарлайды.

1993 жылдың 18-тамызында үлгілімалшылық Назарбаевтар әулетінде үлкен қуаныш болады. Шекесі торсықтай болып туған ұлға анасы ырымдап Нұрсұлтан деген есімді қойыпты. Бүгінде ол Алматы қаласында Д.Қонаев атындағы университетте радиотехника және электр механигі мамандығы бойынша сырттай білім алуда. Бұған дейін Семейдегі электротехникалық колледжден білім алған Нұрсұлтан оқудан бос уақытында Семей-Ақтоғай-Талдықорған бағытында салынып жатқан жоғары кернеулі электр желісінің құрылысында электромонтер ретінде жұмыс істеп келеді.

Ол осынау әйгілі есімді абыроймен алып жүруге барынша тырысатынын айтады.

“Ес білгелі әке-шешем атымның мәнін түсіндіріп, есімімнің қаншама жауапкершілік жүктейтінін құлағыма құйып келеді. Мектепте ұстаздарым да сәл тентектіктігімді байқаса, атымды еске салып, сабама түсіре қоятын. Өсе келе, бұл атқа лайық болу үшін Елбасы жайындағы кітаптарды оқып, өмірбаянымен жете таныстым”, – дейді Нұрсұлтан.

Ол бұл есімнің адамдардың есінде оңай сақталатынын айтады. “Оқуға құжат тапсырғанда да, жұмысқа өтініш жазғанда да, замандастарыммен танысқанда да адамдар бірінші кезекте таңдана қарайды. Қанша айтқанмен үлкен есім ғой, бәрі жылы қабылдап жатады” – дейді ол.

Кейбір адамдар Нұрсұлтанның тегін білгесін “Әкеңнің аты Әбіш емес пе, туған күнің алтыншы шілдеде ме?” деген сияқты сұрақтар қойып, әзілдейтін көрінеді. Өз есіміне кір келтірмес үшін білім қуып, барынша саламатты өмір салтын ұстанатын Нұрсұлтан волейболдан бір сәт те қол үзбеген.

Ал осы ауылдағы Мұхтар Шаханов әзірге сегіз жаста. Сабақ үстінде кедергі жасауды жөн көрмегендіктен, атасына жолықтық. Шахан Тұрсынхановтың өзі де қара өлеңнен құр жаяу емес екен. Термешілікке аңсары ауып жүрген ақсақал кезінде әйгілі сазгер Тұрсынғазы Рахимовпен, тарбағатайлық тарланбоздар Абаш Кәкенов, Серікхан Жақияновпен бірге жүріп, талай зиялыны әніне тәнті етіпті.

Зиялы орта әсер етсе керек, тұңғыш ұл немересі дүниеге келгенде сәйкестікті пайдаланып, атын Мұхтар деп қойып жібереді. Алып Мұхтарлардың лайықты жалғасы болсын деген оймен әзірден бастап өлең жаттатып, дастан тыңдатып жүргенін айтады атасы.

“Немеремді шамамның келгенінше өнерге баулып жүрмін. Үмітім көп. Кезінде үлкен Шахановтың да атын ауылдастары “Жаман иттің атын Бөрібасар қояды” деп келеке қылғанын ақын өлеңмен жырлаған ғой. Менің Мұхтарымның да сол бір қисық догманы теріске шығармасына кім кепіл”, – дейді Шахан термеші.

Оқи отырыңыз:

Баян Мақсатқызы телеэкранға қайта оралды (фото)

Тыңдаңыздар! Мәдина Сәдуақасова Мейрамбек Беспаевпен дуэт айтты (фото, видео)

Ақерке Бүркітбайдің сұлулығы Нью-Йорк назарына ілікті (фото)

Жас келіншек: Некесіз туған баламның әкесімен араласқаным дұрыс па?

Талқылау