Назарбаев Nur Otan партиясы төрағалығынан кетеді: Елбасы неге ондай шешім қабылдады
Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың "Nur Otan" партиясының Төрағасы өкілеттігін Президентке тапсыру туралы шешімін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Атқаратын лауазымына, құқықтарына қарамастан, Нұрсұлтан Әбішұлы ұлтымыздың Көшбасшысы – Елбасы, әлем мойындаған қазіргі заманның көрнекті саясаткері, беделді тұлға болып қала беретінін түсіну керек. Заманауи Қазақстанның негізін қалаған, жанын салып, бүкіл өмірін елге арнаған адамның әрқашан халық мүддесін ойлап, еліміздің болашағы үшін алаңдайтынын бәрі түсінеді деп ойламын.
Елбасының бұл ұстанымы өзгермек емес. Бүгінгі шешім – билік транзитінің қисынды жалғасы ғана. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, әсіресе қазіргі пандемиядан болып отырған жаһандық дағдарыс кезінде "Nur Otan" партиясы Қазақстан Президенті үшін басты тірек болуы керек. Жарғыға сәйкес, "Nur Otan" партиясының Төрағасын сайлау мен оны лауазымынан босату Партия съезінің ерекше құзыретіне жатады. Оған дейін Нұрсұлтан Назарбаев партия Төрағасының қызметінде болады", - делінген Айдос Үкібайдың ресми комментариінде.
Айта кетсек, саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы төрағасы өкілеттігін Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдады.
Еске салайық, Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткеннен кейін "Nur Otan" партиясының Төрағасы лауазымында қалған еді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті "Nur Otan" партиясына 22 жыл жетекшілік етті.