Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаев мемлекет және қоғам қайраткері, академик Кенжеғали Сағадиевтің қазасына көңіл айтты

Нұрсұлтан Назарбаев көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик Кенжеғали Сағадиевтің қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Кенжеғали Сағадиевтің ұзақ жыл түрлі жауапты қызметтерді атқарып, үлкен экономист ғалым ретінде өзінің бар білімі мен ұйымдастырушылық мол тәжірибесін отанымызды өркендетуге, тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге арнағанын атап өтті.

«Кенжеғали Әбенұлы абыройлы қызметі мен бойындағы азаматтық  асыл қасиеттерінің арқасында халқымыздың лайықты құрметі мен қошеметіне бөленді. Халқымыз оның есімі мен еңбегін ұмытпайды деп сенемін», - делінген жеделхатта.

Айта кетейік, бұл жайлы марқұмның отбасы мәлімет таратты.

"25 шілде күні 82 жасында академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев көз жұмды. Өкінішке қарай, індет біздің отбасымызға да жетті. Жерлеу рәсімі тек отбасы мүшелерінің қатысуымен өтеді. Барлық қоштасу шаралары бір жылдан кейін, 2021 жылы 25 шілдеге жоспарланған. Бұл - оның соңғы өсиеті"делінген хабарламада.

Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев 1938 жылы 18 ақпанда Қостанай облысының Жангелді ауданында дүниеге келген. Экономика ғылымдарының докторы (1977), профессор (1978), ҚР ҰҒА академигі (1994), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері (1996). 150-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген.

STAN.KZ
Жексенбі, 26 Шілде, 2020 16:30
Талқылау