"Наурыздың атынан жіберілген": Атырауда қаза тапқан ерлі-зайыптының жоғалған ұлы жіберді деген хабарламаларға қатысты туыстары пікір білдірді
Фото: Атырау ПД, видеодан скрин
Желіде Атырау облысында қаза тапқан ерлі-зайыптылардың 32 жастағы ұлы Наурыздың нөмірінен жіберілген хабарламалар тарады. Туыстары бұл хабарламаларды Наурыздың өзі емес, бөгде біреу жазды деген пікірде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Желіде Атырауда із-түссіз жоғалған отбасының мүшесі Наурыз Мұқанғалиевтің туыстарына жіберген хабарламаларының скриншоттары тарады. Онда Наурыз туыстарынан “өзінің ісіне араласпауды” сұрайды.
“Неге елді дүрліктіріп, арыз жазып жүрсіздер? Мәселе онсыз да аз емес қой. Көмектесе алмасаңыздар, зиян тигізбеңіздер. Ата-анама өзім жауаптымын. Араласпаңыздар. Мен үйлендім. Тыныш өмір сүруге мүмкіндік бермедіңіздер”, – делінген 2025 жылдың 27 желтоқсанда жіберілген хабарламаларда.
Туыстары бұл хабарламаларды Наурыздың өзі жазғанына сенбейді.
“Біз Наурыз мұндай хабарлалар жазбайды деп ойлаймыз. Дәл айта алмаймын. Дегенмен, расында, осындай хабарламалар келген. Ол үйленбеген еді. Бізге де үйленетінін айтқан жоқ. Бірақ, мүмкін, сондай ойы болған да шығар”, – дейді есмімін атаудан бас тартқан туыстарының бірі.
Атырауда жоғалып, өлі табылған ерлі-зайыптының денелерінде пышақ жарақаттары болған
"Балам тәртіпті, сенбеймін": Атырауда өлі табылған ерлі-зайыптының құдағиы күдікті туралы айтты
Отбасының тағы бір туысы Ләззат Кенжеғалиева да хабарламаларды Наурыздың өзі жазғанына сенбейді.
"Желіде Наурыз WhatsApp арқылы жіберді делінген хабарламалар таралуда, хабарламаларда ол "ісіме араласпаңдар" деген секілді нәрселер жазған. Біз Наурыз мұндай нәрселер жазбайды деп есептейміз. Біз оны жақсы білеміз, ол мінезі жұмсақ адам еді. Біреу оның жұмсақтығын пайдаланып, телефонын алып, осы хабарламаларды оның атынан жіберген болуы мүмкін. Біздің үлкен ағамыз да әрқашан сондай сабырлы еді", – деді отбасының туысы Ләззат Кенжеғалиева.
Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түссіз жоғалып кеткен еді. Отбасы 2025 жылдың күзінде жоғалған. Іздеудегі адамдар 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин, оның жұбайы 1961 жылы туған Насипа Өтешқалиева, олардың балалары 1990 жылы туған Мейрамгүл Қарабалина мен 1993 жылы туған Наурыз Мұқанғалиев. Отбасының жұмбақ жағдайда жоғалуына байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Артынша отбасының үйінің ауласынан ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Насип Өтешқалиеваның мәйіттері көмілген күйде табылды. Олардың балалары әлі де із-түссіз жоғалғандар қатарында.
Полиция отбасының екі мүшесін өлтірді деген күдіктіге іздеу жарияланды. Күдікті – отбасының 29 жастағы күйеу баласы, Атырау облысы Махамбет ауданының тұрғыны Сұлтан Сәрсемәлиев. Полиция күдіктінің қайда екенін білетінін және жақын арада тұтқындайтытын мәлімдеді.
"Разы болмаймын": Қазақстандық әйел офисінің жанына киіз үй тігіп, мәйіт қойған көршілерінің әрекетіне шағымданды (видео)