Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 62 жыл бойы не себепті Наурыз мейрамын тойлауға тыйым салынды

Фото: ЖИ-дің көмегімен жасалды

ХХ ғасырда қазақ халқының ұлттық мейрамы саналатын “Наурыз” 62 жыл бойы тойланбай, ұмыт болуға шақ қалды. Оған "діни мейрам", "ескіліктің сарқыншағы" деген секілді небір айыптар тағылды. Stan.kz тілшісі не себепті Наурыздың ұзақ уақыт бойы тойланбағанын, мейрамды тойлау қай кезеңде қайта жанданғанын анықтап көрді. 

Наурыз – қазақ халқының ежелден келе жатқан мейрамы. Парсы тілінен  аударғанда "жаңа күн" дегенді білдіреді. Қазақтар бұл күнді Ұлыстың ұлы күні деп те атайды. Қазіргі күнтізбе бойынша күн мен түннің теңелуі кезіне келеді. Мерекенің басты тағамы – жеті түрлі қоспадан дайындалатын наурыз көже. 2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 64-қарарына сәйкес, 21 наурыз – Халықаралық Наурыз күні  болып аталып келеді. Бас Ассамблея түсініктемесінде Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқанын мәлімдеген.

Фото: видеодан скрин

Наурызтанушы Серік Ерғалидің айтуынша, қазақ ұғымында "Наурыз" сөзі ұзақ уақыт бойы айдың емес тек мерекенің атауы ретінде қолданылған. Ал наурыз айының өзін ел көбіне "амал" деп атаған. Сондықтан халық санасында "амал" келді жыл келді деген сөз орныққан. Осы тұрғыдан қарағанда "амал" да, "көрісу" де мерекенің тікелей атауы емес. Амал  – оның келетін мезгілі жылдың жанашыр шағы. Көрісу – жаңа жылдың алғашқы күніндегі қауышуы яғни қыстан аман шыққан жұрттың құшақтасып, амандасатын тамыры тереңде жатқан ғұрып. 

Наурызды тойлауға неге тыйым салынған?

Фото: ЖИ-дің көмегімен жасалды

Серік Ерғалидің сөзінше, 1926 жылдар Кеңес үкіметі құрылып, нығая бастаған кез болған. Ол кезде басқа идеологияның барлығы Кеңес үкіметінің өз идеологиясына қарсы, қауіпті болды.

“Наурыз мерекесі бүкіл түркілерді біріктіреді. Бұл халықтардың нанымы, танымы, құндылығы бірігіп кетсе, онда Кеңес үкіметі ыдырап кетеді деген ой болды. Сондықтан соған сәйкес идеологияның бәрін жойды, тыйым салды, халықты ұмыттырды. Мәселе осында. Яғни өз идеологиясын орнықтыру үшін басқа идеологияның, басқа танымның бәрін ысырып, халық жадынан өшіру керек болды”, – дейді наурызтанушы Серік Ерғали.

1926 жылы Наурызға тыйым салынғанымен бейресми түрде ешқашан тоқтатпаған. Халық наурыз көжесін асып, бірімен бірі араласып, көрісіп, құттықтап, мерекелеп келді. Әсіресе батыс, оңтүстік өңірде болған екен. Наурызтанушының сөзінше, 62 жыл бойы Наурыз негізінен ауылдарда тойланды, қалада мерекеленген жоқ.

“Себебі қаланың тәртібі қатаң. Тікелей қызыл идеологияға, кеңестік идеологияға бағынды. Ал ауылда қарапайым адамдар бір-бірін наурыз көжеге шақырып, көрісіп, мәре-сәре болды. Бір ауылдан екінші ауылға барып, "жыл құтты болсын, амал келді, жыл келді" деп құттықтайтын. Амал деген наурыз айының бұрынғы аты. Әрине, ол кезде нақты сипаты болған жоқ. Себебі барлық жерде идеологтар болды, олар бәрін бақылап жүрді. Ашық, ресми түрде ешкім мерекелей алмады. Бірақ үйді тазартып, аластап, құрақ көрпе, сырнақ текеметтерді далаға жайып, айналаны безендіріп, бұлақтың көзін ашып, тал егілген”,  – дейді наурызтанушы. 

Сонымен қатар, Серік Ерғали Наурыз мерекесіне дінмен байланысы жоқ деп айтуға болады. 

“Кеңес өкіметі кезінде Наурыз мерекесін діни мереке деп атады. Бірақ оның дінге ешқандай қатысы жоқ. Наурыз мерекесі кемінде бес мың жыл бұрын басталған. Ол кезде дін жоқ. Ал дәстүрлі дінді алып қарастырсақ, ол шамамен екі мың жыл бұрын пайда болған. Оған дейін әрине, әртүрлі наным-сенім болды. Ал Наурыз біріншіден астрономиялық күнтізбеден басталады. Соған байланысты мифология, аңыздар құрылып, оны тірілтіп, халық жадында сақтап, соны тәрбиеге сіңіріп, құндылықтарға айналдырған", - дейді наурызтанушы.

62 жыл бойы мерекені тойлауға тыйым салынғаннан кейін ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлер де біртіндеп ұмыт бола бастады. Тарихшы Досымбек Қатыранның айтуынша, "сайыс" деп аталатын ұлттық ойынға Кеңес үкіметі ресми түрде тыйым салған. Бұл ойын қазақтардың жауынгерлік қасиетін шыңдап, рухын көтеретін маңызды дәстүрлердің бірі болған екен.

Фото: видеодан скрин

“Кеңес билігі "сайыс" ойынын қауіпті деп бағалап, ресми түрде тоқтатты. Негізінде, ойында өткір емес қылыш, найза сияқты қарулар қолданылған. Алайда билік оны адам өміріне қауіп төндіреді деген желеумен жойып жіберді. Тарихшының пікірінше, үкімет үшін халықтың рухын көтеретін, жауынгерлік қасиетін арттыратын мұндай ойындардың сақталуы тиімсіз болған, өйткені бұл ұлттық сананың күшеюіне ықпал етуі мүмкін еді”, – дейді тарихшы. 

Сонымен қатар Досымбек Қатыранның айтуынша, бұл кезде тіпті сүндеттеуге де тыйым салған. Саяси белсенділерден тығылып халық балаларын сүндеттейтін болыпты.

“Бірде саяси белсенді ауылдың үлкен имамына барып, балаларды жасырын түрде сүндеттеп жүргені үшін ескерту жасаған екен. Ол имамға жеті баланы сүндеттеп, заңға қарсы әрекет жасап отырғанын айтады. Сонда имам: "Құдай алдында күнәһар болмайын, жеті емес, отыз бала болатын", – деп жауап берген. Бұл мысал сол кезеңде халықтың өз дәстүрін ашық түрде ұстана алмай, амалсыздан жасырын жүргізгенін көрсетеді. Наурыз мерекесі ұлттық сананы оятады деген себеппен тыйым салынса, дәл осындай салт-дәстүрлер де біртіндеп шектеліп, жойыла бастаған.

Наурызды қайтадан ресми түрде тойлауға мұрындық болған кім? 

Наурызды қайтадан ресми түрде тойлау Желтоқсан оқиғасынан кейін қолға алына бастаған. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы халықтың рухына ауыр соққы болып тиді. Үш күнге созылған жастар көтерілісі елдің еркіндікке деген ерекше ұмтылысын  көрсеткенімен, бұл қарсылық жоғары билік тарапынан аяусыз басып-жанышталды. Осы оқиғадан кейін халықтың еңсесі түсіп, ұлттық рух түсті.

Дәл осындай кезеңде ақын Мұхтар Шаханов бастаған бір топ қаламгер "Наурызды тойлайық, ағаш отырғызайық" деген тосын үндеу жариялады. Бұл үндеу ұлттық дәстүрді қайта жаңғыртуға деген ерекше бастама болып, халық тарапынан  жаппай қолдауға ие болды. Сол кезде наурызтанушы ғалым Тоқтасын Өмірзақ "Ұлыстың ұлы күні"  деген ғылыми әрі танымдық мақаласын 1988 жылы "Горизонт" және "Өркен" газеттерінде арнайы жариялады. Наурыз тақырыбына түрткі болған осы жайт кейін келе Алматы қалалық атқару комитетінде арнайы жиынның өтуіне де себеп болды. Жиынға белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысып, Наурыз мерекесін қайта жаңғырту мәселесін талқылады. Олардың қатарында Рахманқұл Бердібаев,  Мекемтас Мырзахметов,  Мардан Байділдаев  іспетті белді ғалымдар болған еді. Олар бұл бастаманы қызу талқылап, Наурызды қайта тойлау қажеттігін дәлелдеді. Осылайша  жиында Тоқтасын Өмірзақтың қос газетте жарияланған жазбасы себеп болып, 1988 жылдың 22 сәуірінде Алматы қаласының Калинин ауданында тұңғыш рет Наурыз мерекесі ресми түрде тойланды. Кейін бұл мереке жыл сайын дәстүрлі түрде сабақтастық алып, 1991 жылы Қазақстанда ұлттық мереке ретінде жарияланды.

“1986 жылғы оқиғалардан кейін Қазақстанның ішкі ахуалы нашарлап кетті. Сол кезде Колбин елді дұрыстап басқарғысы келді. Сөйтіп жағдайды жақсартуға байланысты зиялы қауыммен ақылдасты. Олар "қазақ халқының құндылығын жоғары көтеру керегін" айтып, Өзбекәлі Жәнібеков белгілі ақын-жазушыларды Колбинмен кездестірді. Соның ішінде Мұхтар Шаханов та болды. Сөйтіп Колбинге Наурыз мерекесі – бұл күн мен түннің теңесуі, оның дінге, идеологияға қатысы жоғын, ежелден келе жатқан, адамзатқа тән екенін түсіндірген. Осылайша Колбиннің шешімін алып, 1988 жылы алғаш рет мереке Алматыда басталды", - дейді Серік Ерғали. 

Қазақстан – посткеңес елдері арасында Наурызды ресми түрде тойлай бастаған алғашқы ел. Содан кейін 1989 жылдан бастап Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және басқа да халықтар тойлай бастаған.   

Толығырақ Stan.kz YouTube арнасынан көріңіздер 

 

 

STAN.KZ
Сенбі, 21 Наурыз, 2026 11:00