Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Наурыз қарсаңында әуе рейстері көбейді: Қазақстанда қанша қосымша ұшу жоспарланған

Фото: freepik.com

Наурыз мерекесіне орай Қазақстанда әуе қатынасы айтарлықтай күшейтілді. Ішкі бағыттар бойынша сұраныстың артуына байланысты отандық әуе компаниялары қосымша рейстер санын көбейтіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Air Astana және FlyArystan 2026 жылғы 16–29 наурыз аралығында ел ішіндегі танымал бағыттарға 146 қосымша рейс ұйымдастырады. Соның ішінде 80 рейс Алматы – Астана бағытына тиесілі. Қосымша рейстер Алматы, Астана және Ақтау қалаларынан Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Қостанай, Семей, Атырау, Өскемен және Орал бағыттары бойынша орындалады.

Ал SCAT Airlines мереке күндері қосымша рейстер ашатынын хабарлады. Атап айтқанда, 19-21 наурыз аралығында Алматы – Астана бағыты бойынша 5 рейс және Шымкент – Ақтау бағыты бойынша 1 рейс іске қосылады. Сондай-ақ 23-26 наурыз аралығында Алматы –Астана бағытында тағы 4 рейс, ал Шымкент – Астана және Ақтау – Астана бағыттары бойынша бір-бірден рейс қосылады.

Жалпы алғанда, Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған қосымша рейстер саны 160-қа жуықтайды. Бұл шара ел ішінде қатынасты жеңілдетіп, азаматтардың мерекелік сапарларын ыңғайлы жоспарлауына мүмкіндік береді.

Әуе компаниялары жолаушыларға билеттерді алдын ала сатып алып, қосымша рейстер туралы ақпаратты ресми сайттардан тексеруді ұсынады.



Еске салсақ, осыған дейін Air Astana Таяу Шығыс елдеріне рейстерді 10 наурызға дейін тоқтатқанын жазғанбыз. Оған қоса, Дубай халықаралық әуежайы жұмысын уақытша тоқтатқан еді.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 17 Наурыз, 2026 11:49