"Наурыз" ауылының жастары бастаңғыда бас қосты
Бүгін аудан жастарының бастамасымен ұйымдастырылған жастардың басын қосқан БАСТАҢҒЫ ойын-сауық кеші өтті. Шаған өзенінің жағасына киіз үйлер тігіліп, алаңқайдың қоршауына найза шаншылып, Кіші жүзді құрайтын 25 рудың таңбасы мен атауы жазылған жалау көтерілген. Аталмыш шараға ауданның 22 ауылдық округінен келген 100-ден аса жастар қатысты.
Алдымен аруақтар рухына Құран бағышталып, қой бауыздалды. Жастар ол жерде қой союдың қыр-сырына қанығып, тәжірибе алмасты. Қыздар жағы құрт қайнатып, бауырсақ пісірді. Ұлттық ойын Жамбы атудан жарысқан жастар аударыспақта білек күшін байқасты. Өнерлі өрендер күй тартыс жасап, дәстүрлі әнмен бастаңғының бәсін асырды. Алтыбақан теуіп, ру шежіресін тарқатқан әңгіме көрігі қызды.
Мәдениет бөлімінің қолдауымен, жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада он шақты салт-дәстүр туралы кеңірек мағлұматтар беріліп, арнайы көрініс қойылды.
Соның ішінде театрландырылған қойылымда ауылға салт атпен келген сал-серілерді құрметпен қарсы алған жастар "Деңгене", "Сірге жияр", "Қап қағар", "Қазан шегелеу", "Біз шаншар" сынды салт-дәстүрлерін дәріптеді.
Әр киіз үйде ауданның спорт, кітапхана, туризм, шырғамашылық орталығы, мәдениет және өнер саласында жүрген жастар жетістіктерімен бөлісіп, көрме ұсынды.
Әдемі кешті тамашалағандардың қатарында облысымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Жазушылары одағының төрағасы Мереке Құлкенов, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов, облыстық "Орал өңірі" газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылары одағы облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Ғұбайдуллин, облыстық қоғамдық даму басқармасының жастар бөлімінің басшысы Мирфат Бисекенов, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жетекшісі Аңсар Ибраев, БҚО бойынша "Болашақ" КҚ директоры Салтанат Тұманбаева, Орал қаласының ақпараттық талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Дулат Жүсіпқалиев бар.
Меймандарға жайылған дастархан басында "Табақ тарту" рәсімі жасалды.
Күмбір күй төгіліп, әсем ән шалқыған думанда аудан жастары өзара қағытпа қалжың, әдемі әзілдерімен сауық кешін түйіндеді.