Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Науқастарыма гипноз жасаймын": Қазақстандық психотерапевт құмар ойыннан емделудің тиімді әдістерін айтып берді

Денсаулық сақтау министрлігі биыл Қазақстанда 11 мыңнан аса адам құмар ойын дертіне шалдыққанын мәлімдеді. Олардың денсаулығы нашарлап, невроз, депрессия, жүрек-тамыр жүйесі және асқазан-ішек аурулары пайда болады. Адам психикасы нәзік әрі күрделі жүйе болғандықтан, даму себептерінің нақты тізімін беру мүмкін емес. Дегенмен 15 жылдан бері терапия кезінде мамандар оның пайда болуының негізгі қауіп факторларын анықтады. Бұл туралы Stan.kz тілшісі психикалық сауықтыру орталығының жоғары санатты психотерапевті Мария Токаревадан құмар ойыннан күресу шараларының әдістерін сұрап, оңалту мекемесінің жұмысына шолу жасады.

Фото: Stan.kz / психотерапевт Мария Токарева

Психотерапевтің айтуынша, құмар ойындарға тәуелділік көп жағдайда химиялық тәуелділіктерді (алкоголизм, нашақорлық) еске түсіреді, сондықтан емдеу әдістері де жан-жақты және тиянақты болуға тиіс. 

"Психикалық сауықтыру орталығындағы терапия науқастардың ерік-жігерін дәрі-дәрмектің көмегімен басуға емес, психологиялық әдістерге негізделген. Себебі қарапайым – тәжірибесі мол дәрігерлер құмар ойындарға тәуелділікпен күресудің ең тиімді жолдарын пайдаланады. Әрбір науқас үшін жеке бағдарлама әзірленеді. Бұл келесі әдістерді қамтиды: 

  • Гештальт терапиясы;
  • КМТ (когнитивті мінез-құлық) 
  • Дейтоп;
  • Емделудің 12 қадамы;
  • Гипноз

Адам өз бойындағы кемшіліктер мен артықшылықтарды қабылдайды. Емдеу кезінде ол барлық нәрседе, кезеңде тепе-теңдік табуға үйренеді. Құмар ойындарға тәуелділікпен күресудегі гештальт әдісінің негізгі принциптері:

  • Бұған дейін болған өмірлік тәжірибесінен сабақ алып, осы шақта өмір сүру;
  • Айналадағы әлемді шынайы деп қабылдау;
  • Өзіңді қабылдау және жақсы көру;
  • Әрқашан барлық нәрсе адал болу, өтірік айтпау;
  • Бойдағы эмоцияны дұрыс сезінуге үйрену; 
  • Қалауыңдағыны жасап, мақсатқа жетесіз", – деді психиатр. 

Ал когнитивті мінез-құлық терапиясы – адамның ойлауы мен эмоционалдық реакцияларын түзетуге мүмкіндік беретін психотерапия әдісі.

Психотерапевтің сөзінше, когнитивті мінез-құлық терапиясы екі ғылыми психологиялық көзқарасты біріктіретіні анық: когнитивтік және бихевиористтік (бихевиурист). 

"Біріншісі психологиялық проблемалар мен жүйке-психикалық аурулар өмір бойы жинақталған ойлар мен сенімдерден, ойлау үлгілерінен туындайтынын айтады. Екіншісі адамның мінез-құлқын білім беру арқылы өзгертуге болады, осылайша ол өзінің іс-әрекетіне жауап беріп, артық қимыл жасамауға үйренеді", – деді Мария Токарева.

Фото: Stan.kz 

Мария Токареваның зерттеу деректері бойынша когниция кезінде адам ес білген кезінен бастап эмоциясын шығаруға бейімделеді. Сол уақытта ол ата-анасы мен қоғам тарапынан кері байланысты күтеді.

"Егер бала сол кезде тиісті қуану, ренжу, қорқу эмоцияларын шығара алмаса, оны бала ержеткенде басқа дүниелерден сезінуге тырысады. Социум мен ата-ана баланың адекватты да, дисфункциялық та түсініктері қалыптасуына ықпал етеді. Ал осы дисфункциялық және жағдайға бейімделмеген көзқарастар ертең балаға өмірде болатын жағдайларды адекватты түрде бағалауға кедергі келтіреді. Балада қорқыныш пен комплекс қалыптасып, бір нәрсені дұрыс емес істеп жатқандай сезім пайда болады. Дәл осы сезім болашақта невротикалық және басқа да психологиялық мәселелерге әкеп соғады", – деді оңалту орталығының психотерапевті Мария Токарева.

Когнитивті мінез-құлық терапиясы қай кезде көмектеседі?

  1. Фобияның барлық түрлері
  2. Мазасыздық
  3. Депрессия
  4. Ұйқының бұзылуы
  5. Обсессивті-компульсивті бұзылыс (ОКБ)
  6. Психосоматикалық бұзылулар
  7. Посттравматикалық стресстік бұзылыс кезінде ем болады.

Дейтоп – құмар ойындарға тәуелділікті емдеудің шетелдік әдісі дейді психиатр.

“Мұнда тәуелділіктен арылу бағдарламасын жүзеге асыруға сарапшылар тобы тартылған: психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, құмар ойынға күрес шаралары бойынша кеңесшілер. Бұл кезде емделушілерге мүлдем дәрі-дәрмек қолданбай-ақ, саналы көзқарасты қалыптастыруға бағытталған. Психотерапевтер науқастармен ем-шара барысында сыпайылық танытып, абайлап сөйлесуге және сенімді қарым-қатынас орнатуға тырысады. Терапия уақытында топтық және жеке сессияларға бөле отырып, кезең-кезеңімен іске асырылады. Осылайша науқас өз әрекеттеріне жауапкершілік танытуға үйренеді.  Дейтоп техникасы – физикалық қалыпқа оралуға, салауатты өмір салтына және рухани үйлесімділікке апаратын жол”, – деді маман.

Фото: Stan.kz

Оңалту орталығында бағдарлама көбінесе 12 қадам тәжірибесімен, сондай-ақ басқа тиімді бағыттармен біріктіріледі.

Құмар ойындарға тәуелділікті емдеудің бұл әдісі топтық және жеке комбинациясы арқылы ұсынылған. Мұнда науқас құндылық бағдарларын қалпына келтіру үшін бағдарламаның барлық кезеңдерінен өтеді. Топтық сабақтарда тәуелді адамдар бір-бірінің мәселелерін талқылап, өз тәжірибелерімен бөліседі. Әрқайсысының отбасында болған тәжірибелер құмар ойындарға тәуелділікті емдеу бағдарламасының тиімділігін арттыруға көмектеседі.

Топтық сеанс кезінде:

  • құмар ойындарға тәуелділікті жеңген басқа қатысушылардың тәжірибесі;
  • түсіну және құрметтеу;
  • психологтар мен топтағы басқа қатысушылардың қолдауы;
  • өміріңізді өзгерту мүмкіндігі;
  • әлеуметтенудің басталуы;
  • туыстары мен достарының көмегі.

Әдістің негізгі артықшылықтары – нақты іс-қимыл жоспары, нәтижелерге салыстырмалы түрде тез қол жеткізу және салдарсыз тиімді емдеу психикалық сауықтыру орталығының қызметкерлері "12 қадам" әдісін бұрыннан қолданып келеді.

Гипноз – санадан тыс деңгейде құмар ойындарға тыйым салатын көзқарастарды қалыптастыру. Санадан тыс деңгейде адам психикасына әсер етіп, науқас транс күйіне түседі және мазалап жүрген мәселесі сыртқа айтылады. Дәрігер себебін өткеннен іздеп, жаңа нұсқаулар береді. 

Фото: Stan.kz / психотерапевт Мария Токарева және науқас

“Кейбір науқастарыма гипноз жасаймын. Алайда гипнозға науқастың өзі дайын болып баруға тиіс. Себебі ол транс кезінде дәрігерге сеніп, көмекке мұқтаж екенін сездіру қажет. Гипнозды психолог маман жүргізсе, онда қорқудың қажеті жоқ. Дегенмен психикалық және жүйке аурулары бар науқастарға гипноз сеансына қатысуға түбегейлі бас тартылады. Өйткені бұл жағдайда медициналық араласу қажет болады”, – деді Мария Токарева.

Сонымен қатар Мария Токарева науқас орталыққа келген күннен бастап оның күйі қаншалықты ауыр екенін бағалайтындарын айтты.

"Бірінші кезеңде оған психотерапевтің көмегі қажет. Ал екінші және үшінші деңгейде науқастың ауыр кезеңде жүргенін білдіреді. Сөйтіп ол емделу үшін 1 ай ауруханаға жатқызылып, қатаң бақылауға алынады. Кейін оңалту бөліміне ауыстырылып, ол сонда орта есеппен 2 айға дейін болады. Жалпы емделу мерзімі 6 айға жуық созылады", – деді психотерапевт.

Психиатр лудоманияның зардабын тарту маскүнемдік, есірткіге тәуелділік секілді адам ағзасына аса қауіпті болмаса да, жанын қатты жаралайтынын атап өтті. Мария Токареваның айтуынша, жан жарасы тән ауруына қарағанда әлдеқайда қиын және оны емдеу үшін айтарлықтай көп уақыт пен күш-жігер қажет етеді. Ол халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, жалпы халықтың 2-3%, яғни 36 мыңдай адам құмар ойынға қатты әуес екенін айтады.

"Құмар ойындарға тәуелділік (лудомания, гемблинг) – ойынға тұрақты психологиялық тәуелділік салдарынан туындайтын жағдай. Ойнау мүмкіндігінен айырылған адам депрессиялық күйге түседі. Казинолар мен ойын автоматтары бастапқыда ойын-сауық және стрессті жеңілдететін зиянсыз құмар ойындар сияқты көрінеді.  Алайда қызықты бос уақыт кез келген уақытта маникальды хоббиге, нағыз ауруға айналып кететінін ұмытпаған жөн. Үй жағдайында құмар ойындарға тәуелділікті емдеу мүмкін емес. Ойынға құмарпаздықты оңалту орталығының қабырғасында білікті мамандардың көмегімен ғана жою керек", – деді Мария Токарева.

Орталық маманы Әсел Сүлейменова науқастардың таңертең сағат 07:00-де оянып, 08:00-де таңғы асқа дайындалатынын айтты.

Фото: Stan.kz 

"Олар таңғы сағат 08:00-ден бастап 09:00-ға дейін таңғы ас ішеміз. Одан кейін 10:00-ға дейін дәрігерлер бөлмелерді аралап, науқастардың хал-жағдайын сұрап шығады. 10:00 мен 12:00 аралығында емдік-диагностикалық процедуралардан өтеді, яғни сол уақытта психологпен жұмыс істейді. Бұдан соң сағат 12:00-ден 13:00-ге дейін демалыс уақыты беріледі. Мұнда олар кітап оқып, түрлі телешоуларды көреді. Түскі асты сағат 14:00-ге дейін ішіп алады", – деді орталық маманы.

Әсел Сүлейменова сағат екіден төртке дейін демалып, көз шырымын алатындарын айтты.

Фото: Stan.kz коллажы

"Сосын кешкі төрттен алтыға дейін психологпен жұмыс істейміз. Ал кешкі алтыдан жетіге дейін – кешкі ас. Кешкі астан соң тоғызға дейін телебағдарламалар көреді, нарды және шахмат ойнайды. Тоғыздан бастап медициналық процедуралардан қайтадан өтеді. Апта сайын футбол және қол күресі секілді жарыстар ұйымдастырылып, оза шапқандар марапатталады", – деді орталық маманы Әсел Сүлейменова.

Бұдан бөлек Әсел Сүлейменова науқастарға музыка және арт-терапиясы ұйымдастырылатынын айтты.

Талқылау