Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Науқастарды өз көлігіммен тасыдым: Індет кезінде елден көмегін аямаған жандар кімдер?

Күллі әлемді алаңдатқан кесел талай жанды көмекке мұқтаж қылып, қыспаққа алғаны белгілі. Біреуіне дәрі, енді біріне аппарат жетпей қиналғанда әлдекімдер бұл сәтті өз пайдасына жаратып, арам ақша тапқаны да айтылды. Алайда жаны қысылғандарға қолы жеткенше көмек қылып, көзге түскендер қарасы да қалың.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеп хабарлайды.

Пандемияны бастан өткермейінше көбіміз әлемді қатыгездік жайлап кетті деп күйіндік. Тіпті мейірім мен қайырымнан күдер үзе бастағандай едік. Бірақ тосыннан келген кесел көп дүниеде көзімізді ашты. Көрінбейтін жауды жұдырықтай жұмыла жеңуге тырыстық.

"Адамдардың бір-біріне көмектесуне дайын екенін түсіндім", - деді фельшер Дәурен Айтжан. 

Қарағанды облысындағы Топар ауылының фельдшері Дәурен Айтжан осы қиын қыстау кезде жас та болса бас болып, ерлігімен еленген азаматтардың бірі. Ол дәрігердің көмегін қажет еткен тұрғындарға тегін көмектесіп, әр науқасты өз жеке автокөлігімен тасыған еді.

«Менің алғаш көргенім, қатты науқас адамдар. Оларды провизорлық орталықтар қабылдамай жатты. Оларды көріп, көңілім босады. Мен олардың үйлеріне барып, тегін медициналық көмек көрсетуге тәуекелге бардым», - деді фельшер. 

Алматы облысының меценаты Марат Сіргебаев та індет кезінде қайырымдылықтан қалыс қалмаған қаһарман. Дәрі-дәрмек таусылып, медициналық көліктер жетпей жатқанда қария қусырып отыра алмадым дейді. Ретро үлгідегі жедел жәрдем көлігін жергілікті аурухананың меншігіне беріп, дәрігерлер мен науқастарға да қолынан келгенше тегін көмектескен.

"Өзіңіз білесіз мына пандемия барлық әлемді жаулап алды, барлығы осы індетпен ауырып жатыр, оның ішінде өзіміздің халқымыз және біздің қапшағайлықтар бар. Көп таныстарымыз ауырып жатты осы індетпенү Біздің қала кішкентай ғой, барлығы бір бірін таниды. Ауруханаларда көлік тапшылығын көріп және дәрі дәрмек тапшылығын көріп, өзімнің атымнан отбасымның және кәсібімнің атынан осы ретро көлікті сыйға тарттым", - деді меценат Марат Сіргебаев.

Елордадағы учаскелік полицей Ерлан Жанабаев биыл бір емес екі мәрте тілсіз жаудан тұрғындарды құтқарды. Отқа оранған жатақхананы көріп, іркілместен қызыл жалынға тап берген. Ерлан бой тасалап қалғанда, кім білсін, қанша жанның ажал құшарын.

"Ерлік деп есептемеймін. Менің орнымда кез келген полиция қызметкері осылай істейтін еді. Ол әрбір азаматтардың қасиетті борышы деп есептеймін. Тұрғындарға айтарым, өрт қауіпсіздігін байқасын. Жас балаларды қалдырмасын. Жалғыз ескертетінім сол", - деді полицей Ерлан Жанабаев.

2020 жылды мемлекет басшысы еріктілер жылы деп жариялағаны белгілі. Шынымен де, биыл қайырымдылық пен ертедегі асар дәстүрі жаңғырып, жалпыұлттық сипатқа ие болды. Ал біздің көрсеткеніміз батырлардың бір парасы ғана.

Талқылау