National Geographic журналы қазақ емшісі туралы мақала жариялады (видео)
National Geographic танымал журналы бағзы замандағыдай отпен араластап, батамен емдейтін қазақ емшісі туралы мақала жариялады.
Бұл туралы bnews.kz хабарлайды.
Әмір Хан сертификаты бар емші. Кеңсесі Ақтауда орналасқан. Оның кабинетінен адамдарды емдеуге заңды құқық беретін 11 сертификатын көруге болады. Емшінің зәулім үйіне күніне 200-ге жуық адам дертке дауа іздеп келеді. Олардың көбісі дәстүрлі медицинадан күдерін үзіп, Әмір Ханнан жәрдем тілегендер.
“Кейде, жаз уақытында 200-ден астам адамды қабылдаймын. Қазақстан ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен емделуге келеді”, – дейді Хан.
Ханның айтуынша, түсінде ата-бабалары аян беріп, содан кейін адамдардың ішіндегі ауруын байқайтын ерекше қасиет қоныпты. Осыдан соң Ханның қабілеті туралы хабар алысқа тараған. Кейбір науқастар Әмір Ханның керемет емі туралы қуана-қуана айтып берді. Мысалы, бір әйел мұрнынан заулаған қанды емші тоқтатқанын айтып берсе, тағы біреуі қатерлі ісікке шалдығып, өлім аузында жатқанда Хан емдеп жазғанын баян етті. Сал боп қалған тағы бір әйел Ханның арқасында жүріп кеткен.
Емші емі үшін ақы алмайды, алайда оның қайырлы ісі үшін жомарттық жасайтын адамдар бар екен.
Емдеу процесінің өзі қызғылықты көрінеді екен: Ханның емделушілері далада оттың айналасына жиналып, отқа тәу етеді. Бұдан соң емші олардың құлағын, көзі мен басын үшкіріп, батасын береді. Осындай ғұрыптан соң тек науқастар ғана емес, сондай-ақ Әмір Ханның өзі де жеңілдеп, жаны рахатқа бөленеді екен.