Нариман Төреғалиев Казталов ауданында барып, көпір құрылысының қарқынын сынға алды
Казталов ауданында жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Нариман Төреғалиев "Казталов-Жәнібек-РФ" жолының күрделі жөндеуден өту барысымен арнайы барып танысып өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өңір басшысы бірінші жергілікті "Юнисерв" ЖШС салып жатқан жолдың 4 және 53 шақырымындағы телімдерін қарады.
Сондай-ақ облыс әкімі Казталов пен Жәнібек аудандарының шекаралас тұсындағы Ащыөзек өзені өтетін жерде салынып жатқан көпір құрылысының қарқынын сынға алды. Мердігер компанияның учаске басшысы Марс Кенжеғұловтың сөзінше, мұнда техника аздық етуде. Әсіресе экскаватор, тиеуіш (погрузчик), камаз секілді техникалар кажет.
Нариман Төреғалиұлы Оралға барған соң мердігер компания басшысымен хабарласып, техникаға қатысты мәселені шешуді тапсыратынын жеткізді.
“Бұл жолдың құрылысын ерекше бақылауымда ұстап отырмын. Өткен үш жылдың ішінде бар болғаны 55 шақырым жол салынды. Ал биылғы сегіз айда 100 шақырым жол күрделі жөндеуден өткелі тұр. Енді қалған 45 шақырымды 10 қазанға дейін аяқтау туралы осы жолға жауапты "ҚазАвтоЖол" АҚ өкіліне, бұл компанияның БҚО бойынша филиалының басшыларына тапсырма бердім. Біз жыл басынан бері Үкіметпен, "ҚазАвтоЖол", "Қазақстан темір жолы" АҚ-лармен бірлесіп жыл сайын мәселе тудырып келе жатқан битум, қиыршық тас сынды жол құрылыс материалдарына, вагонға қатысты түйтілдерді шешумен айналыстық”, – деді ол.
Айтуынша, соның нәтижесінде жол құрылысының жұмысы қарқын алған
“Күні кеше ойламаған жерден цементке қатысты мәселе туындады. Енді оны Ресейден және маңғыстаулық "КаспийЦемент" ЖШС-дан алу туралы келісімге келдік. Қазір қажет материалдар бар. Енді қалғаны мердігер компаниялардың жұмыс істеуіне байланысты. Егер жыл соңына дейін жолды пайдалануға беретін болсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қос ауданның тұрғындары үшін қолайлы жағдайдың жасалып, олар екі аралықтағы жолдан қиналмайтын болады. Сөйтіп халыққа берген уәдемізді орындаймыз”, - деді БАҚ өкілдері сұхбат берген Нариман Төреғалиұлы.