Нариман Төреғалиев БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нарман Төреғалиев “Атамекен” өнер ордасында Бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шараға қаысып, журналистерді құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өңір басшысы ұлттық рухты қалыптастыруда, қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, қоғам дамуына үлес қосып жүрген журналистердің еңбегін айрықша атап өтті.
“Баршаңызды кәсіби мереке "Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері" күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Осыдан төрт жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан журналистерінің кәсіби мейрамын мерекелеу бойынша 28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні ретінде ресми бекітілген болатын. Ұжымды ұйыстырып, қаламгерлердің шабытын шыңдау мақсатында өңірімізде мерекеге орай салтанатты жиындар, медиа-форумдар мен түрлі спорт түрінен дәстүрлі спартакиада ұйымдастырылып келеді. Биыл журналистер шағын-футбол, бильярд, боулинг, шахмат ойындарынан өзара сынға түсті. Шашасына шаң жуытпай, қатардан қара үзіп межеге алғашқы боп жеткен жеңімпаздарға сый-сияпат көрсетілді”, – деді әкім.
Сондай-ақ ол бүгінгі мерекелік шараның барысында өңірімізге еңбегі сіңген журналист, Ұлы отан соғысы ардагері, облыстың "Орал өңірі", "Приуралье" бас газеттерін басқарған Хабер Нұрмұхамедовтың есіміне ескерткіш тақта ашылғанын еске салды.

“Журналистерді ұлықтаған мұндай тағылымды шара облысымызда тұңғыш рет жүзеге асуда. Ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз осы. Қазір – ақпарат заманы. Қаламын қайраған қарымды қаламгерлердің қордалы еңбегін бекерден бекер 4-ші билікпен салыстырмайды. Журналистиканың корифейі, қарымды қаламгер, ұлт мүддесіне талмай қызмет еткен Шерхан Мұртаза ағамыздың айтқаны бар: "Журналистер – атан түйе секілді: арқалағаны алтын болғанымен, жегені –жантақ". Бүгінгі замандағы қаламгерлердің бет-бейнесін айқындайтын айшықты сөз осы. Бүгінгі жаһандық даму көшінен қалмай төрткүл дүниедегі оқиғалардан дер кезінде хабардар болып отырсақ, ол ең бірінші сіздердің арқаларыңызда жүзеге асуда”, – деді әкім.

Бұнымен қоса кәсіби мерекеде ақпарат саласының дамуына қызмет етіп, өңірден ақпарат таратып жүрген бірқатар журналист марапатталды. Кейін мерекелік шара концертке ұласты.
Қазақстан әуежайлары қандай заңдарды бұзды және оларды қалай жазалады