Соңғы жаңалықтар

Нәрестелер жатқан жан сақтау бөліміндегі өрт: Алматыда дәрігерлер қайғылы оқиғаның алдын алды

Алматы қаласының №1 перзентханасында шыққан өртті кезекші дәрігерлер ауыздықтап, жаңа туған нәрестелерді аман алып қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"18 шілде күні 21 сағат 47 минутта Алматы қаласы ТЖ департаментінің "101" пультіне Сейфуллин даңғылы 492 мекен-жайындағы №1 перзентхананың балалар жан сақтау бөлімшесінде өрт шыққаны туралы шұғыл хабарлама келіп түсті. ТЖ департаментінің күштері мен құралдары автоматты түрде шақыртудың жоғары деңгейімен жіберілді"- делінген Алматы қаласы ТЖ департаментінің хабарламасында.

Реанимацияда өрт дабылы іске қосылғаны анықталды. Түнгі ауысымда кезекшілік еткен дәрігерлер уақыт жоғалтпай және дүрбелеңге бой алдырмастан нақты түрде ТЖ кезіндегі іс-қимыл алгоритміне сәйкес жұмыстар атқарған.

"Сонымен, жаңа туған 8 сәби дәрігер-акушер-гинеколог Садықова Перизат, балалар медбикесі Жиделиева Арайлым және басқа да медицина қызметкерлерінің көмегімен нұсқаулыққа сәйкес, қауіпсіз аймаққа эвакуцияланды. Дәрігер Виталий Грушевский электр розеткасында тұйықталып қалған  электр сымдарының жануының алдын алып, ұнтақты өрт сөндіргішті шебер пайдаланды. Қызметкерлер өздерінің біліктілігінің арқасында өрт сөндірушілер келгенге дейін қызыл жалынның алдын алып үлгерді", - деді органдағылар.   

 "Алматы қаласы ТЖ департаменті медициналық көмек көрсетуде ғана емес, кез келген жағдайда тығырықтан шығуға қабілетті дәрігерлердің қырағылығы мен жоғары кәсіби біліктіліктері үшін аталған перзентхананың басшылығы пен медициналық қызметкерлеріне алғыс білдіреді", - деп қосты департаментте.

Сонымен қатар, өрттің алдын алып, отты дер кезінде жоюға ат салысқан барлық қызметкерлер марапатқа ұсынылатыны атап өтілді.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр