"Намысы мен рухын бірге ұзатамыз": Қарақат Әбілдина қазақ қыздарының өзге ұлтқа тұрмысқа шығуына қатысты ойын бөлісті
Фото: https://www.instagram.com/karakat_a/
Танымал әнші Қарақат Әбілдина өзге ұлтқа тұрмысқа шығатын қазақ қыздарына қатысты ойын бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі соңғы кезде өзге ұлтқа тұрмысқа шығып жатқан қыздың қарасы көп екенін айтты.
“Біраз қазақ қызын ұзатып жүрміз ғой. Соңғы уақытта өзге ұлтқа тұрмысқа шығып жатқан қазақ қыздарын жиі байқап жүрмін. Бастапқыда менің жүрегіме жеңіл тиген жоқ. Ұлтым, тілім, салт-дәстүрім мен үшін өте қымбат. Қыз – ұлттың айнасы. Оны кімге ұзатсақ та, ұлттың намысы мен рухын бірге ұзатамыз. Бірақ уақыт өте келе ойлана бастадым. Махаббат ұлт таңдамайды. Әр адамның өз бақыты бар. Әр қыз өз жүрегінің қалауымен, өз тағдыр жолымен жүреді. Дегенмен менің ойымда бір сұрақ тұрып қалды: Бұл махаббат па? Әлде бақытын өз жерінен, өз елінен таппағаны ма?! Кейде қыздарымыздың қазақ жігіттеріне ренжуі, қорған таппауы оларды өзге жаққа бұрып жібереді ме деген ой келеді. Бұл біреуді кінәлау немесе тағдырын талқылау емес. Жай ғана мені ойландырған мәселе”, – деп жазды әнші.
Одан кейін әріптесінің сөзін әнші Айдар Тұрғамбек те қолдады. Оның сөзінше, қазақ қызының бөтен ұлтқа тұрмысқа шығуы исламда күнә болып саналады екен.
"Қазақ қыздарының шетелдіктерге тұрмысқа шығуы көбейіп барады. Зияндары: Исламда күнә болады. Тегіңді құртасың. Ата-анаң қиналады. Ұрпағың дүбәрә болады. Толық сіңісіп кете алмайсың. Жастық шақта білінбеуі мүмкін, бірақ өміріңнің соңы өкініш болады. TikTok-та бір қазақ қызының европалық діні бөлек жігітке тұрмыс құрып бірге тұрып жатқанын күніге көрсетіп отырады, жарнама жасап жатқандай. Енді ойлашы оны көріп отырған қаракөз қыздар бізде солай шетелдікке тиіп кетсек, солай қыдырып жүрсек деп армандайды ғой. Бірақ расында шетелдікке тиген қыздардың іші қалай болып жатқаны белгісіз ғой. Мен өзім сондай қыздың өкінгенін көзінен көргенмін, қасында анасы жылағандай болып маған сырын айтқан еді", – дейді ол.
Еске салайық, "Шетелдікке күйеуге тимеді" деп Жан Ахмадиев отбасылы еркектен жүкті болған әпкесін айтып, дауға қалған еді.

Алматы облысында жасөспірімдер неге зорлықпен қаза табуда: Жаға ұстатқан оқиғалар хроникасы
