Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Намаз оқымайтындарға үйленуге болмайды деп сендіреді": Дінтанушы жат ағымдар халықты қалай адастыратынын айтты

Жат ағымдардың арбауына көп жағдайда пиғылы мен ойлау жүйесі теріс, сауаты төмен, түсінігі таяз адамдар түседі. Бұл теріс пиғылды қой терісін жамылған жамағаттың көсемдері қазіргі күні көше кезіп табанын тоздырмай-ақ, интернет арқылы бүкіл кеңістікке сөздерін жеткізіп отыр. Осылай деген теолог маман Stan.kz тілшісіне радикалды діни ағымдардың үгіт-насихаттарын қалай жүргізетіні және олардан қалай сақтану керектігін айтты.радикал 2022

Радикалды діни ағымдардың арбауына қандай адамдар тез түсіп қалады?

"Нұр-Мүбәрәк" Египет ислам мәдениеті университетінің жанындағы "Діни экстремизммен күрес орталығының" директоры, теолог Тимур Нүсіпханов жастарымыздың жат ағымдардың жетегінде кетуінің себептері көп екенін айтады. Сөзінше, діни білімсіздік, дұрыс діни ақпараттың болмауы, діни ілімді сенімді ақпарат көздері арқылы үйренбеу сынды маңызды қоғамдық-теологиялық факторлармен қатар, жеке бастың факторы, әлеуметтік жағдайлар да әсер етуі мүмкін.

"Жат ағым бактерия, вирус сияқты. Қай жерде әлсіздік болса, қай жерде сақтану, алдын алу шарасы болмаса, сол жерде өркен жаяды. Сондықтан да, әрбір азамат өзі дұрыс діни ақпараттармен өзінің имани иммунитетін күшейтіп, өзіне рухани сүзгі қалыптастырса, дінді сенімді қайнарлардан үйреніп, дұрыс ақпараттармен сусындаса, одан сақтануға болады", - деп түсіндірді ол.

Теолог дін ілімдерін өз бетінше үйрену дұрыс еместігін алға тартады. Алайда ол бұл сөзінің діннің қолжетімсіз дүние дегенді білдірмейді, дейді ол. Керісінше, мешіттерде  арнайы ұстаздардан дәріс алса, үйрену жеңіл болумен қатар, діннің сенімді құндылыққа айналатынын айтады.

Нүсіпханов сондай-ақ жат ағымдардың соңынан жоқшылықтан ғана еріп кетеді деген пікірдің жаңсақ екенін тілге тиек етті.

Теріс уағызшылар өз насихаттарын жүргізу үшін қандай әдістерді қолданады?

Теолог теріс ағым өкілдері әуелі сайлауға шақыратын демократияны ұстану күпірлік деп санайтынын сөз етті. Өз кезегінде, олар демократияда билік Алланың емес, халықтың қолында болады, ал Ислам шариғатында билік пен басқарушылық тек жалғыз Алланың иелігінде болуы керек деп түсіндіретін көрінеді. 

“Сонымен қатар жат ағымдағылар парламенттік жүйе және ол жердегі заң шығарушы адамдардың барлығы күпірлік іспен айналысып жатыр деп есептейді. Олардың пайымынша, заң шығару – Алланың заңынан бас тарту болса керек. Бұған қоса құқық қорғау саласындағы қызметкерлерді, соның ішінде полицейлер болып жұмыс істегені үшін кәпір деп айыптайды. Тіптен олардың намаз оқып, ораза ұстағанын да ескермейді”, – дейді маман. 

Тимур Нүсіпхановтың сөзіне сүйенсек, деструктивті ағымдағылар намаз оқымайтын адамға үйленуге болмайды, онымен жақын қарым-қатынаста жасамау керек деп сендіреді екен.

“Қысқаша айтқанда, теріс пиғылды уағызшылар осындай айыптауларын ашық әлеуметтік желі арқылы өз жамағаттарына жаппай жеткізуде және мұндай жалған сөздерге сенетін жамағат та аз емес. Олар жоғарыдағы айтқандарымен өз жақтастарын әуелі сайлау жүйесі, сосын демократиялық басқару, президент, парламент, полиция, т.б. елдің негізі құрылымдарының барлығын жоққа шығарып, ақыр соңында өз елінен жиіркеніп кетуден басқа жол қалдырмайды”, – дейді теолог маман.

Сонымен қатар Тимур Нүсіпханов теріс уағызшылардың көсемдері шет мемлекеттерде отырып, елде орын алып жатқан оқиғаны көздерімен көрместен кесіп үкім айтып, жұртты арандатуда дейді. Ондайлардың көксегеніне көбіне діни білімі аз, сауаты төмендер көніп, айтқандарына сеніп, ақыр соңында жақтасына айналады, деп кесіп айтты маман. 

Қауіпті радикалды ағымдардан қалай сақтанамыз? 

Теолог діни білім алу үшін де заманауи мүмкіндікті пайдалану барысында барынша абай болу керек екенін еске салады. Яғни, ілімді тек сенімді ресурстардан үйренген абзал, дейді ол.

"Бүгінгі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты muftyat.kz, сонымен бірге muslim.kz, azan.kz, sunna.kz, ummet.kz, mazhab.kz, т.б. отызға жуық діни сайт жұмыс істеуде. Діни құндылықтарды осындай сенімді ресурстардан үйрену керек. Сонымен қатар, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істер комитетіне қарасты kazislam.kz порталы бар. Бұнда да дәстүрлі Ислам құндылықтары, дін мен дәстүр сабақтастығы, жат ағымның алдын алу бағыттары бойынша  жұмыстар атқарылып жатыр", - деп жалғады ол.

Сонымен қатар маман кез-келген дін тақырыбы бойынша ақпарат алу және көмек сұрау үшін 114 сенім телефоны жұмыс істейтінін айтып өтті. Сөзінің соңында шетелдік ғалымдардың пәтуасын тыңдап, сөздеріне еретін жастарға ескерту жасады.

"Бізге шетелде отырған діни көсемдердің пәтуасын тыңдап, артынан ерудің еш қажеттілігі жоқ. Шекара сыртындағы әрбір діни қайраткердің уағызында өз елінің мүддесі, өздерінің мәдениеті мен дәстүрі болуы мүмкін. Бұдан абай болу керек. Халқымыздың бейбіт түрде сонау VII ғасырлардан бастап еркіндікпен қабыл алып, ғасырлар бойы даналықпен жалғастырған рухани жәдігерлеріне, киелі аманатқа ие болсақ, сонда шынайы отансүйгіш мұсылман боламыз", - деп түйіндеді Тимур Нүсіпханов.

Талқылау