Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралда 360 отбасы баспаналы болды

Жаңа жыл қарсаңында Орал қаласында 360 жанұя қоныс тойын тойлады. "2-10-20" бағдарламасы бойынша "Отбасы банктің" салымшыларына бүгін мемлекеттік бағдарлама бойынша осынша пәтердің кілті тапсырылды.

БҚО әкімі Нариман Төреғалиев тұрғындарға баспана кілтін табыстауда

Зашаған кенті Орал-Саратов трассасының бойындағы 9 қабатты үш үйдің құрылысы былтыр басталыпты. Бұл аудан әлеуметтік инфрақұрылымы жетілген, қарқынды дамып келе жатқан аудандардың қатарында. Жақын жерде №30, 47, 10 мектептер мен бірнеше балабақша, Батыс Қазақстан аграрлы-техникалық университеті, №6 емхана бар. Басқа да бірнеше әлеуметтік нысандар жұмыс істеп тұр. 

"Бүгін өте маңызды күн. Пайдалануға берілген пәтерлердің әр шаршы метрінің  құны 200 мың теңге болса, "Отбасы банкінен" 20 жылға берілетін жеңілдетілген несиенің пайыздық мөлшерлемесі –  2% (ЖТСМ 2,1% бастап). Оның үстіне "Отбасы банк" АҚ-да төлем қабілеттілігін дәлелдегеннен кейін 1,5 миллион теңге мөлшерінде тұрғын үй сертификатына ие болу мүмкіндігі бар. "2-10-20" бағдарламасының 360 қатысушысы бүгін міне осындай шарттармен баспаналы болды. 360 азаматқа пәтер кілттерін тапсырдық. Бағдарламаға 1-2 топ мүгедектері, мүгедек балаларды тәрбиелеуші отбасылар, толық емес жанұялар, жетім балалар мен көп балалы отбасылар қатыса алады", – дейді Отбасы банк" АҚ-ы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Аида Ипатова.

"Бұл бағдарлама халыққа өте қолайлы. Біз көп балалы жанұя ретінде 2019 жылы кезекке тіркелдік. Көп ұзамай, жыл жарым-екі жылда “осы бағдарламамен баспаналы бола аласыздар деген” жақсы хабар келді. Қатты қуандық. Ең бастысы сабырлылық, жүйелілік керек. Банктен шот ашып, ай сайын салымды үзбей салып отырған дұрыс. Сонда аңсаған арманыңа жетіп, баспаналы болуға мүмкіндік мол. Мәселен аумағы 80 шаршы метрлік 3 бөлмелі пәтерді біз 16 миллион 700 мыңға алып, 19 жылға рәсімдедік. Сонда осы 19 жылда үстіне төлейтініміз тек 3,5 миллион теңге ғана. Ал 8-9 жылда қарызды жауып тастаймын десең, үстіне төлейтінің небәрі 1 миллион жарым теңге. Мұндай шарттар басқа ешбір банкте жоқ", - дейді көп балалы ана, орыс тілі пәнінің мұғалімі Гүлмира Сейітқалиева.

Ал Медет Исламғалиев мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отағасы. Пәтер кезегіне тұрғанына 8 жыл болған екен.

“ "2-10-20" бағдарламасының шарапатын көріп, шапағатын сезініп жатырмыз. Алғашқы жарнаға да мемлекет қол ұшын созды. Сол үшін алғысымыз шексіз”, – дейді ол.   

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің сөзінше, бағдарлама бойынша "Ақжайық" ықшам ауданында тағы 9 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ол үйлердің 3-інің құрылысы аяқталуға жақындаса, 6-ы келер жылы ел игілігіне тапсырылмақ. Ал жалпы таяу жылдары "Отбасы банктің" салымшыларына әкімшілік тарапынан 25 көпқабатты үй салу жоспарланған көрінеді.

Қоғамның осал топтарына қамқорлық таныту – мемлекеттің маңызды әлеуметтік міндеттемелерінің бірі. Бүгін тұрғындарға пәтер кілтін тапсырған облыс әкімі Нариман Төреғалиев те осыған ерекше екпін түсірді.  

"Қадірменді жерлестер! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің басты міндеті екенін атап өтті. Осы орайда, әр отбасын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бастамалар аса маңызды. Біз бүгін 9 қабатты үш жаңа үйден пәтер кілттерін асыға күткен иелеріне табыстағалы тұрмыз. Мұнда барлығы 360 пәтер бар. Пәтерлер "Отбасы банк" АҚ арқылы тұрғын үйге мұқтаждар кезегінде есепте тұрған азаматтарға жеңілдетілген пайыз арқылы берілуде. Баспаналы болған жерлестерімізді осынау қуанышты күнмен шын жүректен құттықтаймын!" –  деді өңір басшысы. 

Жалпы шаһарда 22 мыңнан астам азамат баспанаға мұқтаж жандар есебінде кезекте тұр. Бүгінгі күні облыс орталығында "Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын  дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы" Үкімет қаулысына сәйкес 14 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Одан бөлек биыл Орал қаласында кезекте тұрғандарға 25 пәтер жергілікті атқарушы билік тарапынан сатып алынған. Келер жылы 130 жаңа пәтерді құрылыс компанияларынан сатып алып, кезекте тұрғандарға жалға беру көзделген екен. 

Талқылау