"Мұндай боларын білгенде ұлымды әскерге жібермес едім": Жамбыл облысындағы жарылыстан жапа шеккен сарбаздың отбасы сұхбат берді
Тараз қаласының маңында болған жарылыстан зардап шеккен әскери сарбаздың әкесі "мұндай жағдай боларын білгенде ұлымды әскерге жібермес едім деп отыр. Сөзінше, ұлын әскерге жібергенде мұндай болады деп мүлдем ойламаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасының "Айна" бағдарламасына сілтеп хабарлайды.
"Басында әскерге кетіп бара жатқанда мен айтқанмын анасына "Соғысқа бара жатқан жоқ қой, барып қайтсын 1 жыл. Қайта өмір көреді. Болашағына пайдасы болмаса зияны болмайды" дегенбіз. Қайдан білейік мұндай болатынын. Мұндай болатынын білгенде жібермейтін де едік қой", – дейді жарылыстан жаралы болған сарбаздың әкесі Асқар Оразов.
Тұрғындар 26 тамыздан 3 күн өткен соң тағы да жарылыс болып, 2 адам жараланды деп отыр. Апат орнында жүрген министрлік өкілдері де мұны растады.
ҚР Қорғаныс министрлігі Бас инспекцисының басқарма басшысы Жұмабек Хасенов орын алған жайтты "хлопок" деп атап, жарылыс деп айтып халықты үрейлендірмеу қажет деді.
"Жарылыс дейді, оны жарылыс деп айтуға болмайды елді қорқытып, хлопоктан ине ұшып шығып, 2 қызметшімізге, әскери қызметші емес, "ВОХР" дейміз, сол 2 жігіттің аяғына біраз ине тиіп, жарақат алды. Ешқандай қауіп-қатер жоқ", – дейді ол.
Әскерилер "жарылыс емес, хлопок" деп жайбарақат айтса да Қайнар халқы тырс еткен дыбыстан үрейленіп қалған. Оның үстіне 60 жылда бір рет те ауылдың мазасын алмаған қойманың аяқ астынан өртенгеніне де күдіктенеді екен.
"Байзақ ауданында газ 26-ы күні азанда өшеді. Сол сияқты болған жайттар өте көп. Ондай заттар алдын ала істелуі де мүмкін", – дейді Қайнар ауылының тұрғыны Дәулет Әшірбеков.
Ал Байзақ ауданы газ шаруашылығының директоры Рустам Құсбеков тұрғындарды газ хатқа сәйкес өшіріледі деп біраз бұрын ескертілгенін алға тартады.
"Бұл хат бізде әлі күнге дейін сақтаулы тұр", – дейді ол.
Сәуір айында жазылған құжатта 23-27 тамыз аралығында Жамбыл облысы Байзақ ауданында газ ағытылатыны жазылған. Әдейі істелмеді деген күннің өзінде, іргедегі тонналаған оқ-дәрі қайнарлықтардың түн ұйқысын ұрлайтыны анық. Көбі туып-өскен ауылдан кетпейміз десе, кейбірі бала-шағаның амандығы маңыздырақ дейді.
"Бұл қарулар әлі де болса қауіпті. Неге салып жатқандықтарын түсінбеймін. Күні кеше жылқыларды көруге барғанда жарылмаған жартысы тұрғандығын өз көзіммен көрдім", – дейді Қайнар ауылының тұрғыны Мұхтар Тұрғымбаев.