Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан мұнай өндірісін не себепті қысқартпақ және бұған Ресейдің қандай қатысы бар - Сарапшылар жауап берді

Қазақстан мамыр айынан бастап елдегі мұнай өндірісін қысқартатынын мәлімдеді. Әрине шикізат көзіне таңылған мемлекетіміз үшін бұл жағдай экономикамызға кері әсерін тигізбей ме деген сауал туындайтыны анық. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі бұл шешімнің салдары бар ма, мұның астарында Ресейді қолдау саясаты жатқан жоқ па деген сауалдар төңірегінде сарапшылар пікірін сұрап көрді. 

мұнай

Танымал экономист Атамұрат Шаменов мұнай өндірісін қысқарту экономикаға тиімсіз екенін айтты. Сөзінше, ел бюджетіне түсетін қаржының басым бөлігі шикізаттан, яғни мұнай мен газдан келеді екен. Ал оның көлемін азайту тиімсіз деп отыр. 

“Бірақ саяси жағдайды, халықаралық мәселелерді ескермесе тағы болмайды. Жалпы мұнай өндірісін қысқартудың басты себебі мынада. Біріншіден еліміз шикізатты КТК арнасы арқылы экпорттап келді. Ал өткен жылы Ресей біздің құбырды тоқтатып, біраз қысым жасағанын білесіздер. Сол жағдайды биыл да қайталамасына кім кепіл. Осы орайда Қазақстан мұнай тасымалының альтернативті жолын қарастыра бастады. Осылайша Каспий арқылы баяғы Тибилиси-Жайсан жолын үңгуді қолға алды. Оны дұрыс жолға қою үшін уақыт керек. Танкерлердің де қажеттілігі туындап тұр. Оны сатып алып, жеткізу де бір күндік шаруа емес. Міне, алғашқы себебі осы болуы мүмкін. Яғни экспорт мәселесін толық шешпейінше өндірісті қысқарта тұру саясаты. Екіншіден ОПЕК+ мұнай өндірісін қысқартып, бағаны 84 долларға дейін көтерді ғой. Бұл тұрғыдан алғанда елімізде сол саясатты қолдап отыр десек болады”, – дейді маман.

 Ал Ресейге бұл жағдайдың қатысы бар-жоғы жөнінде айта келе экономист алпауыт елдерге салынып жатқан тоқтаусыз санкция әсерін тілге тиек етті.

“Ресей де оған қарамастан өз мұнайын сатуға жанталасып жатыр. Санкция аясында Ресей мұнайы 60 доллардан асып кетпеуі керек. Ал Қазақстанның мұнай өндірісін азайтуы Ресейдің арзан, әрі көп шикізатын сатуға жол ашады. Әрине, бұл нақты емес. Бірақ мүмкін осындай да саясат жатқан шығар деген ой. Жалпы алғанда елімізде экспорт мәселесі дұрыс жолға қойылмайынша жөнсіз мұнай өндіре беру тиімсіз ғой. Бізде оны ұзақ сақтайтын орын жоқ. Сондықтан өндірісті қысқартуда әзірге осы мәселені бір жақты қылу саясаты жатса, екіншіден Ресейді қолдау мәселесі де болуы мүмкін деп ойлаймын”, - дейді экономист. 

Ал саясаттанушы Расул Рысмамбетов мұнай өндірісін қысқартудан еш ұтылмаймыз деп отыр. Сөзінше, өндіріс көлемінен түсетін қаржыны баға айырмашылығымен-ақ жолға қоя аламыз. 

“Менің ойымша, КТК функциясында бірқатар түсінбеушіліктер бар. Қалай жұмыс істейді деген мәселе төңірегінде. Бірақ мұнай өндірісін қысқарту ел экономикасына кері әсерін бермейді. Одан бюджетке түсетін ақша азайып қалмайды. Әзірге экспорттық маршруттарды нақты анықтап алған жоқпыз ғой. Оның үстіне алдымызда Ресейге бағытталған 11-санкция салдарынан қауіп бар. Сондықтан дәл қазіргі уақытта, экспорт жағдайы қиын шақта мұнайды барынша аз өндірген тиімді. Оның үстіне нарықта “аз тауарға сұраныс жоғары, соған сай баға да қымбат болады” деген ереже бар. Бұл тұрғыда біз өндіріс көлемінен ұтылғанымызбен, баға арқылы оның орнын толтыра аламыз деп айтар едім. Біз қазіргі уақытта мұнай өндірісі бойынша Ресеймен бәсекелес мемлекеттерденбіз. Сондықтан бұл ешқандай да Ресейді қолдау емес”, - дейді маман. 

Экономист Мақсат Халық бұл шешім ОПЕК+ ұйымының ішкі мүддесін қорғауға бағытталған деген пікірін айтты. Яғни, әлемдегі шикізатқа сұраныстың төмендеуі мұнай бағасын қымбаттатуға және өндірісті неғұрлым қысқартуға алып келді, дейді. 

“ОПЕК+ ұйымына Қазақстан да, Ресей де мүше. Тәуелсіз ойыншыларды ОПЕК-ке қосымша қосу деп + белгісін қойған. Осы орайда Сауд Арабиясы тәулігіне 500 мың баррелге дейін қысқартып отыр. Ал Қазақстан мұнай өндірісін 78 мың баррельге қысқартады. Әрине бұл шешімнің Қазақстан экономикасына кері залалы болады деп айта алмаймыз. Бірақ алдағы уақытта мұнай бағасы түссе, ол түсуіде мүмкін. Өйткені әлемде рецессия болады деген болжам бар. АҚШ-та бірнеше банктердің банкрот болуы және халықаралық валюта қорының дерегінше Америка, Еуропа және Қытай осы жылы рецессияға өтуі мүмкін деген болжам бар. Осының салдарынан белгілі бір дәрежеде алдағы уақытта өндіріс тағы қысқарып, шикізатқа сұраныс азаяды. Осылайша мұнай бағасы тағы құлдырауы мүмкін. Егер осы сценарий орын алса онда ОПЕК тағы өндіріс көлемін азайтады. Міне осы кезде кері залалы болады. Себебі үлкен көлемде қысқартуға болса бұрғылау жұмыстарының тоқтауына алып келеді, әрі келіп отырған мұнайдан айырылып қалуымыз мүмкін, яғни тереңге кетсе оны ұңғу қиындайды. Өндірісті тоқтату деген сөз екіншіден қосымша жұмыссыздыққа алып келеді. Осындай кері салдары болуы мүмкін. Бұл ешқандай Ресейді қолдау емес. ОПЕК елдерінің өздерінің мұнай бағасын жоғары ұстап отырудағы ішкі мүддесінен шығады деп айтушы едім. Бір жағынан Ресейге де пайдалы. Баға жоғары болса Ресейдің де мұнайын сатуға шама шарқынша пайдасын тигізіп тұрады”, - дейді сарапшы.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан ОПЕК+ мемлекеттерімен бірге 2023 жылдың мамырынан бастап мұнай өндірісін қысқартуды жоспарлап отырғанын жазған едік.

Талқылау