"Мұнай өндіретін ел болсақ та, тапшылық көріп отырмыз": Тоқаев елдегі өткір мәселені қозғады

Мемлекет басшысы Үкімет отырысында мұнай саласындағы күрделі ахуалға тоқталып өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президенттің сөзінше, елімізде жылына 100 миллион тонна мұнай өндіріледі, бірақ оның 18 миллион тоннасы ғана қайта өңделеді.
“Еліміздің импортқа тәуелділігі туралы айтқанда мұнай саласындағы күрделі ахуалға тоқталмай кетуге болмайды. Қазақстанда жылына шамамен 100 миллион тонна мұнай өндіріледі, бірақ елімізде соның тек 18 миллион тоннасы ғана қайта өңделеді. Соның салдарынан біз мұнай өндіруші ел болсақ та, жыл өткен сайын дизель отыны бойынша тапшылық пайда болып жатыр. Авиациялық керосин бойынша да импортқа тәуелді болып отырмыз”, – дейді президент.
Қазақстанның ең ірі мұнай кен орнындағы өндірістің тоқтауына байланысты мұнай бағасы өсті
Венесуэладан Қазақстанға дейін: Саяси жағдай мұнай нарығына қалай әсер етіп жатыр
Президент, сондықтан отынға деген сұраныстың жоғары екенін ескеріп, елімізде жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту керек екенін айтты.
“Бұл жұмысты жедел орындау қажет. Аталған қадам бір жылда өңделетін мұнай көлемін 9 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді (18,4 миллион тоннадан 27,4 миллион тоннаға дейін). Бұл – министрліктің мәліметі. Үкімет жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты байыпты шешім қабылдауы қажет. Ең алдымен, мұнай өңдеу зауытына шикізат қайдан жеткізілетінін, қандай өнімді және қанша көлемде өндіретінін дұрыс есептеу керек”, – деді президент.
Мемлекет басшысы бұл жобаны іске асыру үшін жеке инвестор тарту керегін айтты. Оның үстіне, мұндай ірі жобаны тек мемлекет қаржысына салу тиімсіз дейді президент.
Айта кетейік, бұған дейін Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуыл салдарынан Қазақстан экспортта шамамен 3,8 миллион тонна мұнай жоғалтылғаны айтылған еді.
"Оқушылар аттестатпен қатар, кәсіп алып шығады": Қазақстандық жігіт Таиландтағы мемлекеттік мектепте ағылшын тілінен сабақ береді