Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы аясында алматылық мектептердің бірінде жазушыға арналған мұражай ашылды

Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай Алматыдағы №128 жалпы білім беретін мектебінде жазушыға арналған мұражайдың ашылу салтанаты өтті. Шараға Әуезов мұражай-үйінің директоры Диар Қонаев, Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты театр және кино бөлімінің меңгерушісі Амангелді Мұқан мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов қатысты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

мұражай

Сурет: Вечерний Алматы басылымынан

Мектеп директоры Жанат Есдәулетова білім ордасына Мұхтар Әуезовтің есімі берілгенін айта келе, мерейтойда шет қалмауды жөн санағандарын мәлімдеді. 

"Мұражайды жазушының 125 жылдығы қарсаңында аштық. Мұхтар Омарханұлының ұрпақтары, туыстары мен танымал қонақтарды шақырдық. Мұражайдағы ең құнды жәдігер – Әуезовтің баспа машинасы. Оны бізге Әуезов мұражай-үйінің директоры Диар Қонаев сыйлады. Біздің мұражайда осындай құнды заттың барына қуаныштымын. Өзге жәдігерлерді біз – мұғалімдер ұжымы, ата-аналар мен оқушылар өз күшімізбен жинады. Мұражайдағы бюстті мектебіміздің ата-аналары сыйлады", – деді мектеп директоры.

Мектеп оқушылары жазушының есімі берілген мектепте білім алып жатқандарына қуанатындарын айтты. Ал мұражайдың ашылуына ұстаздар мен оқушылар тыңғылықты дайындалған. Мұражай бойынша экскурсияны мектептің үздік тәрбиеленушілері Диас Нұрғазы мен Інжу Жақсыбек екі тілде жүргізді. 

"Бүгін біздің мектепте үлкен мейрам болады. Біз Әуезовтің мұражайын ашамыз, маңызды қонақтар мен жазушының ұрпақтарын шақырдық. Аздап уайым бар, мейрамға ұзақ дайындалдық", – деді Диас Нұрғазы Вечерний Алматы басылымына берген сұхбатында. 

Оқушылардың сөзінше, олар жазушының шығармашылығы мен мұрасын өскелең ұрпаққа әр уақытта таныстыруға дайын.

"Мұражай жәдігерлерінің қатарында "Абай жолы" романының қолдан жазылған көшірмесі бар. Әуезовтің шығармашылығын сүйіп оқимыз. Жазда "Абай жолын" оқуға тапсырады. Барынша осы кітапқа зейін қойғанымызды қалайды, себебі біздің мектепке Әуезовтің есімі берілген", – деді Інжу Жақсыбек. 

Мұражай лентасын Диар Қонаев пен Болат Әбділманов қиды. Диар Қонаев өз сөзінде Мұхтар Әуезов шығармашылығының отандық әдебиетте алар орнының ерекше екенін айтты. 

"Мұхтар Әуезовтің шынайылығы, халқына деген жанашырлығы шығармаларынан-ақ білініп тұрады. Ол өзін есімін Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазды. Алматылықтар Мұхтар Әуезовтің шығармаларына асқан құрметпен қарайды. Оның есімі көшелерге, мектептерге, театр мен ауданға берілген", – деді ол. 

Ал Болат Әбділманов мұражайға сәттілік тілеп, келген қонақтарға бата берді. 

"Биыл еліміз айрықша оқиғаны – Мұхтар Әуезовтің мерейтойын атап өтуде. Ал біздің театр жаңа маусымды Әуезовтің ұранымен бастайды. Мен мектепке Әуезовтің баспа машинасын сыйлағаны үшін Диар Қонаевқа алғыс айтамын. Бұл оқушылардың рухани тұрғыдан баюына әсер етеді", – деп алғыс айтты актер. 

Өз кезегінде Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мұражайға жазушының барлық пьесалары енген кітапты сыйлады. 

Талқылау