Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұғалімдердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетті": Қазақстандағы ауыл мектептері заманауи тұрғыда қалай өзгеріп жатыр

Соңғы жылдары ауыл мектептерінің білім сапасы мен техникалық жабдықталуының қаладан кем түспейтінін көріп жүрміз. Бұған Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры, "Қазақстан Халқына" қоры мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің "Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту" жобасының қосқан үлесі зор. Жобаның арқасында Қазақстандағы ауыл мектептері жаңа жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жүздеген мұғалімдер заманауи оқыту әдістемелері бойынша тәжірибелерін шыңдап келеді. Қазір оқушылар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, облыстық, республикалық ғылыми олимпиадалардан жүлделі орындар алып жүр. 

2022 жылдан бері жобаға ел көлемінде 79 мектеп қатысқан, олардың 8-і Beeline Қазақстан компаниясының қаражатына жабдықталған. 8 мектептің қатарында Абай облысы Аягөз қаласындағы көпсалалы қазақ мектеп-гимназиясы да заманға сай жаңартылды. Әр мектепке бас-аяғы 250 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Stan.kz тілшісі білім ордасының жай-күйімен танысып көрді. 

“Мұғалімдер НЗМ оқытушыларының әдістемесі бойынша тағылымдамадан өтті”

2022 жылы "Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту" жобасы аясында Абай облысының Аягөз қаласында заманауи жаңартылған мектептің тұсаукесері өтті. Жоба аясында оқу орнының материалдық-техникалық базасы толығымен жаңарып, озық үлгіге сай жабдықталды. Ал мектептің мұғалімдері Назарбаев зияткерлік мектебінің оқытушыларының әдістемесі бойынша курс оқып, тәжірибелерін арттырды. Бүгінде мектепте 1051 бала оқып, 100 мұғалім жұмыс істейді.

Мектептің материалдық-техникалық базасы оның ішінде 32 оқу кабинеті, кітапхана, технология шеберханалары жарақтандырылды. Мұның барлығы болашақта ауданның басқа мектептеріне үздік тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік береді. 

“Мектептің бұрынғы жағдайымен салыстырғанда қазіргі жағдайы өте жақсы, жоғарғы деңгейде жабдықталған. Барлығы жаңа, жұмысқа деген тағы бір серпіліс пен мотивация болды. Заманауи техниканың сабақта зерттеу жұмыстарын жүргізуге көмегі мол. Мысалы былтыр және осы жылы біз екі зерттеу жұмысын сәтті жүргізіп облыс деңгейіндегі конференцияларда қорғадық. Жоспарымызда бұнымен тоқтап қалмай, жүйелі зерттеулер жүргізуді көздеп отырмыз. Жалпы жабдықтарды дұрыс, әрі тиімді пайдалану мұғалімдердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетті. Бұл оқушылардың АКТ сауаттылығын қалыптастыруда маңызды баспалдақтың бірі екені сөзсіз. Осы жобаға қатысуға себепкер мектеп әкімшілігіне, жоба ұйымдастырушыларына, демеушілеріне жалпы мектеп ұжымының атынан айтар алғысымыз шексіз”, – дейді мектеп- гимназия директоры Айнұр Канапьянова. 

“Оқушылар әртүрлі деңгейдегі ғылыми жобаларға қатысып, жүлдегер атанды”

Жаңа буын кабинеттері мен заманауи зертханалардан басқа, мектептер видео қабырғалармен, ақпараттық киосктермен, арт-студиялармен, онлайн сабақтар мен шеберханаларды жазуға арналған телестудиялармен, еңбек сабақтарына арналған шеберханалармен толық жабдықталған. Әр мектепте шахмат пен үстел ойындары бар, сурет салуға арналған орындықтар мен роботтарды жинайтын бұрыш бар. 

"Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту" жобасы аясында алғаш биология кабинетіне келген жабдықтарды көріп, ерекше қуанышқа бөлендім. Тізімде жазылған құрал-жабдықтарды асыға күттік. Өйткені биология пәні бойынша методикалық база өте ескі еді. Қазір оқушыларда біржасушалы организм құрылысынан бастап, зерттеп білуге арналған микропрепараттар, өсімдіктің құрылысын игеруге арналған муляждар мен тұқымдастарды толық қамтитын гербарийлер, жануарлардың және адам ағзасындағы мүшелердің құрылысын сипаттайтын 3D оқулықтар, адам қаңкасының құрылысы, сезім мүшелерінің макеттері бар. Сонымен қатар Vernier компаниясының құрылғылары зертханалық жұмыстарды толық жүргізуге үлкен көмегі тигізіп жатыр. Оқушылардың құрылғылармен жұмыс істеуге және биология пәніне деген қызығушылығы артты. 2023-2024 оқу жылында 86% білім сапасын көрсетті. Әртүрлі деңгейдегі ғылыми жобаларға қатысып, жүлдегер атанды”, – дейді Абай облысы, Аягөз көпсалалы мектеп-гимназиясының биология пәнінің мұғалімі Гүлнұр Мухамедиярова.  

Оқу-ағарту министрлігі бұл мектептер тізіміне модернизациялауды қажет ететін және бір мезгілде өз ауданындағы шағын жинақталған мектептерге тірек бола алатын әлеуетке ие оқу орындары кіретінін айтты. Мұғалімдердің сөзінше қажетті жағдай жасалған мектепте жақсы білім алуға мүмкіндік алған ауыл оқушыларының зерттеу жұмыстарын жасауға қызығушылығы артқан. 

"Осы жобаға еңгеннен бастап, біздің мектепте оқығысы келетін балалардың саны артты. Оған қоса, ауыл мектептерімен тәжірибе алмасып, танысып, ортақ жобаларды қолға алудамыз" - дейді, 8 "А" сынып оқушысы Төкенбай Елдана. 

Ал, 10 "А" сынып оқушысы Мейрамбекұлы Ислам: "IX халықаралық Roboland 2024 жылғы турнирінде командамыз 2-орын жүлдегері атанды" - деп, қуанышты хабарымен бөліссе, сыныптасы Ержанқызы Айгерім Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен "Бір қадам алға" атты ғылыми жобалар байқауында "Автоматтандырылған инкубатор арқылы бөдене балапандарын шығару" жобасымен жеңімпаз атанғанын айтты. 

“Мектептің бұрынғы жағдайымен салыстырғанда осындай оң өзгерістің тиімді тұстары көп болды.  Әдемі жабдықталған сынып бөлмесінде оқуды ұйымдастырудың өзі жайлы. Әр бөлмеге қойылған интерактивті панельдің өзі сабақтың тиімділігін арттыруға ықпал етті. Атап айтқанда, сабақта көрсетілетін бейне материалдар, түрлі көрнекіліктер, сабақ презентациясы, интерактивті ойындарды тақтаның көмегімен кеңінен пайдалануға мүмкіндік туды. Берілген демонстрациялық материалдар, таратпа материалдарды сабақта пайдаланудың нәтижесінде оқушылардың сабаққа қызығушылығы арта түсті. Мысалы: жаратылыстану, дүниетану, математика сабақтарында практикалық, зерттеу және тәжірибе жұмыстырында тиімді пайдаланамыз.  Соның нәтижесінде оқушылардың білім сапасының артқаны байқалды”, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Толқын Жақсылықова. 

“Бір мектепті жабдықтауға 250 миллион бөлінді”

Тұтастай алғанда жоба еліміздің әр облысында бір мектепті қамтуды жоспарлап отыр. Жобаны "Қазақстан халқына" қоры және Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры жүзеге асырады. Осы тізімдегі 8 ауылдық мектепті жабдықтауды Beeline Қазақстан мобильді операторы қаржыландырды.

Бұл қайырымдылық шарасы Beeline Қазақстан компаниясының тарихындағы маңызды жобалардың біріне айналды. Компания оны іске асыруға 2 миллиард теңге, яғни сегіз мектептің әрқайсысын жаңартуға 250 миллион теңгеге жуық қаражат бөлді. 
Жаңа жабдықтармен, техникамен қамтылған оқу орындарының тізіміне Ақмола облысындағы Қатаркөл, Қостанай облысындағы Сарыкөл, Абай облысындағы Аягөз, Ұлытау облысындағы Ұлытау, Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл, Жетісу облысындағы Жансүгіров ауылдарының, сондай-ақ Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарындағы ауыл мектептері кірді. 

Барлығы 8 мектепте 280-ге жуық оқу кабинеті жаңартылды. Жобада 1 балаға жұмсалатын шығынның орташа сомасы – 329 мың теңге, яғни 4656 бала Beeline жаңартқан мектептерде оқиды.

Компания қаражатына техникамен қатар, орындықтар, оқушылардың әрқайсысының жасына сәйкес келетін түрлі көлемдегі антивандалды парталар сатып алынды. Сондай-ақ жаратылыстану ғылымдарымен айналысуға арналған STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, арт-алаңдар және телестудиялар ашылды. 

"Біз 2020 жылдан бастап серіктестермен бірлесіп, "250+" жобасын іске асырып жатырмыз. Соның арқасында Beeline мобильді интернеті мен байланысы 1500-ден астам ауылда пайда болды. Енді осы ауылдардың тұрғындары интернетке қолжетімдігі бойынша қаламен тең мүмкіндіктерге ие. “ Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту” жобасы ауыл балаларының сапалы білім алуы мен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етуге жол ашады. Сондықтан Beeline Қазақстан осы маңызды бастамаға қаражат бөліп, қолдауды шешті", – деп, Beeline Қазақстан компаниясының Бас атқарушы директоры Евгений Настрадин атап өтті.

Талқылау