Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұстаздардың жалақысы 2 есеге өсті": Тоқаев мұғалімдерді мерекесімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар күні

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарды мерекесімен құттықтап, мұғалімдердің кәсіби мерекесі елімізде ерекше аталып өтетінін, ұстаздар қауымына зор құрмет көрсетілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Міржақып Дулатұлы "Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім" деген. Мұғалім – әр азамат үшін өте қадірлі тұлға. Басқа сөзбен айтқанда, мұғалім – әрбір балаға өмір жолын көрсетеді. Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Себебі әр мұғалімнің еңбегі – ерен, еліміздің дамуына қосқан үлесі – орасан. Сондықтан бүгін мен білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаевтың сөзінше, соңғы бес жылда білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артты. 1200 жаңа мектеп ашылып, ұстаздардың жалақысы екі есе өсті. 

"Келешек мектептері" ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба бойынша заман талабына сай 150 білім ошағы салынды. Сондай-ақ осындай 67 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Балалардың сапалы білім алуына қажетті барлық жағдай жасалуда. Бұл деректі халық білуі керек, себебі мемлекет жас ұрпақтың біліміне және ұстаздардың жағдайына баса назар аударып жатыр. Біз педагогтердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шараларды қолға алдық. Арнайы заң қабылдадық. Бүгінде ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті, – деді президент.

Бұдан бөлек Тоқаев ұстаз болу нағыз білікті, дарынды, шебер маманның ғана қолынан келетінін айтты. Президент мұғалімнің еңбегі соған сай лайықты бағалануға тиіс екеніне тоқталды.

“Қазір білім нарығында бәсеке күшейді, көптеген жастарымыз ұстаз болуға ұмтылып жатыр. Әсіресе, мектепті "Алтын белгімен" бітірген түлектердің арасында мұғалімдік жолын таңдағандар көп. Бұл – өте жақсы үрдіс. Мемлекет мұндай азаматтарды әрдайым қолдайды. Биыл мұғалімдер даярлау үшін 13 мыңнан астам грант бөлінді. Бұл – еліміздегі барлық гранттың бестен біріне жуығы деген сөз. Жалпы, білім беру саласында жүйелі жұмыс істеліп жатыр, нәтижесі де жақсы деп айтуға болады. Мысалы, былтырдан бері мыңнан астам оқушы түрлі пәннен халықаралық білім сайысында жеңімпаз атанды. Бұл – ұстаздардың белсенді жұмысының жемісі, дарынды жастарымыздың табанды еңбегінің нәтижесі. Мен тамыз айында олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Ақордаға шақырып, оларға арнайы сертификаттар табыстадым. Бұл дәстүр жалғасын табады”, – деді президент.

мұғалімдерФото: Ақорда

Мемлекет басшысы ел жастарына зор үміт артып, өскелең ұрпақтың ертеңіне үлкен сеніммен қарайтынын жеткізді.

“Қазіргідей құбылмалы заманда сапалы біліммен қатар, саналы тәрбиенің маңызы ерекше. Біз осы мәселеге баса назар аударуымыз керек. Бұл іске мемлекет те, мектеп те, отбасы да бірдей атсалысуы қажет. Биылдан бастап барлық мектептің оқыту үдерісіне "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізіліп жатыр. Басты мақсат – жас ұрпақтың санасына жалпыұлттық құндылықтарды сіңіру, оларды отаншыл рухта тәрбиелеу”, – деді ол. 

Сондай-ақ ол "Таза Қазақстан" науқанына қатысқан мұғалімдерге алғысын білдірді. 

"Таза Қазақстан" жалпыұлттық қозғалысы – жай науқан емес, бұл – мән-мағынасы терең, еліміздің болашағына тікелей қатысы бар жұмыс. Сондықтан мен барлық мұғалімдер қауымына осы бастамаға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Мұның бәрі, түптеп келгенде, ұлт сапасының мықты болуына әсер етеді. Жалпы, алда әлі де көп жұмыс бар. Мен Тамыз конференциясында білім беру ісіне қатысты бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталдым. Үкіметке нақты тапсырмалар бердім. Оқу-ағарту министрлігі барлық жұмысты уақтылы әрі сапалы орындауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 01 Қазан, 2025 16:15
Талқылау