Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұғалімдердің еңбек демалысы 56 күнге дейін ұзарады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің еңбек демалысы 56 күнге дейін ұзартылатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

мұғалімСурет: lenta.inform.kz

Бүгін Тәуелсіздік сарайында дәстүрлі Тамыз конференция өтіп жатыр. Осы орайда Тоқаев педагогтардың мәртебесін арттыру мәселесін көтерді.

«Педагогтар мәртебесін шын мәнінде арттыру маңызды. Осында айтып отырғанымыздың барлығы тікелей мұғалімдерге байланысты. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін педагогтарымыздың жоғары мәртебесіне жету қажет», - деді президент. 

Мемлекет басшысы «Педагогтар мәртебесі туралы» заң жобасында мұғалімдердің жүктемесін азайту, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау және материалдық кепілдіктер секілді қолдаудың кешенді шаралары қарастырылғанын айтты.

Олардың ішіндегі ең маңыздысы – сыныпқа жетекшілік еткені және дәптерлерді тексергені үшін екі есе мөлшерде қосымша ақы төлеу, барлық педагогтардың еңбек демалысын 56 күнге дейін ұзарту, магистр дәрежесі үшін қосымша ақы және тағы басқа да шаралар бар.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесінің жаңашылдыққа тез бейімделеуі қажет екенін айтты. 

«Бүгінде IT және биотехнология саласындағы жаңалықтар адамзаттың өмірін өзгертіп жатыр. Осы орайда білім беру жүйесі жаңа реалияларға жылдам бейімделуі қажет. Жаһандағы жетекші мектептер балалардың креативті потенциалын дамытумен айналысып, цифрлық технологиялар мен нақты ғылымдарды оқытады. Педагог мамандар оқыту әдістемесін ойын форматына ауыстырып, жаңа дағдылар іздейді. Бәріміз Қазақстанды гүлденген, дамыған елге айналдыруға ұмтыламыз. Бұған жетудің басты кілті – сапалы, қолжетімді білім», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін мемлекет басшысының ұстаздар жалақысын 2 есеге арттыруды тапсырғаны туралы хабарлаған едік. 

Талқылау