Қазақстанда ең жоғары жалақы төленетін мамандар аталды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы ең жоғары жалақысы бар салаларды атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Ведомство қыркүйек айында Enbek.kz электронды еңбек биржасында 136,6 мың бос жұмыс орны орналастырылғанын мәлімдеді. Тамыз айымен салыстырғанда бұл 4% (4,9 мың) артық.
Қыркүйек айында жұмыс берушілер келесі мына мамандарға ең жоғары жалақыны ұсынды:
- бас құрылысшыларға айына 716 мың теңгеден;
- авиация саласындағы инженерлерге 565 мың теңгеден;
- тау-кен өнеркәсібіндегі қызмет бастықтарына 502 мың теңгеден.
“Жұмыс іздеушілер, өз кезегінде, келесі позициялар үшін ең жоғары жалақыны сұрады: өндіруші өнеркәсіптің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары – 1,2 млн теңге, ақпарат және байланыс саласындағы басшылардың орынбасарлары – 858 мың теңге, сондай-ақ коммерциялық сектордағы маркетинг қызметінің басшылары – айына 847 мың теңге.
Осылайша, қыркүйек айында Қазақстанның еңбек нарығында жұмыс іздеушілердің белсенділігінің төмендеуінің нәтижесінде бос жұмыс орындар санының артуы байқалды. Жұмыс динамикасы мен түйіндемедегі аймақтық айырмашылықтар елдегі экономикалық белсенділіктің біркелкі емес екенін көрсетеді. Осыған қарамастан, сұраныс пен ұсыныстың біліктілік құрылымында тепе-теңдік бар
“Бұл ретте жұмыс іздеушілер белсенділігі төмен. 122,5 мың түйіндеме жарияланған. Бұл тамызға қарағанда 5% (6,4 мың) аз. Кадрларға сұраныстың айтарлықтай өсуі күзгі-қысқы жылыту маусымы мен өнеркәсіп, құрылыс және көлік жұмысшылары алдындағы жұмыс көлемінің ұлғаюына байланысты”, – делінген хабарламада.
Сонымен бірге ақпаратқа сай білім беру саласы ең сұранысқа ие сала болып отыр. Бос жұмыс орындарының үштен бірінен астамын (53,2 мың) осы сала құраған.
“9,5 мың бос жұмыс орнын денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласының ұйымдары орналастырды.
Білім беру саласында тәрбиешілер (2,7 мың бос жұмыс орны), математика мұғалімдері (2,1 мың) және бастауыш сынып мұғалімдері (2,1 мың бос жұмыс орны) үлкен сұранысқа ие болды. Денсаулық сақтау саласында санитарлар (1,3 мың бос жұмыс орны), медбикелер (1,3 мың) және жалпы практика дәрігерлері (604 бос жұмыс орны) аса сұранысқа ие”, – делінген хабарламада.