Қазақстанда енді мұғалімдер сабақтан тыс уақытта оқушылар үшін жауапкершілік арқаламайды

Қазақстанда мұғалімдердің әлеуметтік желілерде міндетті түрде парақша жүргізуден бас тарту құқығын заңнамалық деңгейде бекітілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тиісті түзету “педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасына енгізілді.
Құжатқа сәйкес, “Педагог мәртебесі туралы” заңның 7-бабының жаңа редакциясында мұғалімдердің әлеуметтік желілерді жүргізуден бас тарту құқығы бекітіледі.
“Педагог кәсіби қызметін жүзеге асыру барысында онлайн-платформаларда аккаунттарды міндетті түрде жүргізуден және онда жазбалар жариялаудан, сондай-ақ оның кәсіби қызметіне қатысы жоқ және еңбек шартымен (лауазымдық нұсқаулықпен) көзделмеген имидждік немесе өзге де жұмыс түрлерін орындаудан бас тартуға құқылы”, – делінген заң жобасында.
Депутаттардың айтуынша, жаңа ереже мұғалімдердің құқықтарына қосымша кепілдіктерді бекітеді. Мұғалімдердің жүктемесі азайып, соның нәтижесінде олар негізгі білім беру қызметіне көбірек көңіл бөліп, оқыту сапасын арттыра алады.
Сондай-ақ аталмыш заң жобасында сабақтан тыс уақытта оқушылармен болған оқиғалар үшін жауапкершіліктен босату көзделген.
“Педагог және (немесе) білім беру ұйымының басшысы білім алушылармен немесе тәрбиеленушілермен болған оқиғалар үшін тек өздерінің кәсіби қызметін жүзеге асыру кезінде, соның ішінде білім беру қызметіне байланысты лауазымдық міндеттерін орындау барысында ғана жауапты болады”, – делінген құжатта.
Сонымен қатар "Білім туралы" заңға ата-аналардың және өзге де заңды өкілдердің құқықтары мен міндеттеріне қатысты өзгерістер енгізу ұсынылды:
- педагогтің құқықтарын құрметтеу міндеті;
- ата-аналар мен білім беру ұйымы арасында жасалған шарт талаптарын сақтау;
- сабақтан тыс уақытта баланың мінез-құлқы мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті ата-аналар немесе өзге де заңды өкілдер көтереді.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда мектеп оқушыларының үзіліс кезінде де телефон пайдалануына тыйым салынатыны туралы жазған едік.
"18 жыл бойы несиесін өзім төледім": Ақтөбеде 72 жастағы зейнеткер жалғыз ұлымен үйді бөлісе алмай жүр