Мьянмадағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 694-ке жетті
Мьянмада болған жер сілкінісінен қаза болғандар саны күрт артты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Aungban Philanthropic Group
28 наурызда Мьянмада болған жер дүмпуінен 694 адам қаза тауып, 1670 адам жараланып, 68 адам із-түзсіз жоғалған.
Бір күн бұрын 144 адам қаза тауып, 700-ден астам адам жараланды деп хабарланға еді. Бірақ мерт болғандар саны күрт өсті. Ел билігі алты аймақта төтенше жағдай жариялады.
Мьянма билігі кез келген елден, кез келген ұйымнан гуманитарлық көмек сұрап, "шетелдік көмек үшін барлық жолды ашқанын" мәлімдеді.
Жерасты дүмпулері Таиланд, Бангладеш, Лаос, Қытай және Үндістанда сезілді.
Таиландта 6 адам қаза тауып, 16 адам жарақат алып, 100-ден астам адам із-түзсіз жоғалып кеткен.
Еске салайық, Оңтүстік-Шығыс Азияда екі күшті жер сілкінісі болды. Соның салдарынан Бангкокта салынып жатқан көпқабатты ғимарат құлады. Жерасты дүмпулерінің эпицентрі Мьянмада тіркелді. Қазір адамдар эвакуацияланып жатыр. Әлеуметтік желіде кран орнатылған биік ғимараттың құлап, үлкен шаң бұлты көтерілгені, ал адамдардың айқайлап, жан-жаққа қаша бастағаны көрсетілген видеолар тарады.
Осыдан соң Тоқаев Мьянма мен Таиланд халқына көңіл айтып, жеделхат жолдады.