Мьянмада тағы да қатты жер сілкінді
Мьянмада жойқын жер сілкінісінен кейін елде қайтадан қатты жер дүмпуі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Boonecutle
Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының мәліметінше, 29 наурызда Мьянмада тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Оның магнитудасы – 5,1.
Мамандардың айтуынша, жер сілкінісінің ошағы елордадан оңтүстік-батысқа қарай 19 шақырым жерде орналасқан, онда шамамен 925 мың адам тұрады. Жер асты дүмпулері жергілікті уақыт бойынша 15:50-де (Қазақстан уақыты бойынша 14:20) болған.
Жер сілкінісінен пайда болған қирандылар мен зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
БАҚ хабарлауынша, Мьянма астанасы мен ірі қалаларда төтенше жағдай жарияланған. Жарық, су, байланыс, көлік және әуе қатынасында ақаулар бар. Әуежайдың радар жүйесі жойылды. Құтқарушылар зардап шеккендерді іздеп жатыр.
Еске салайық, Оңтүстік-Шығыс Азияда екі күшті жер сілкінісі болды. Соның салдарынан Бангкокта салынып жатқан көпқабатты ғимарат құлады. Жерасты дүмпулерінің эпицентрі Мьянмада тіркелді. Қазір адамдар эвакуацияланып жатыр. Әлеуметтік желіде кран орнатылған биік ғимараттың құлап, үлкен шаң бұлты көтерілгені, ал адамдардың айқайлап, жан-жаққа қаша бастағаны көрсетілген видеолар тарады.
Бүгінде жер сілкінісінен қаза болғандар саны мыңнан асты.
Осыдан соң Тоқаев Мьянма мен Таиланд халқына көңіл айтып, жеделхат жолдады.