Ата-анасы Мейрамбек Беспаевқа қыздарын бермей қойған
Аты аңызға айналған «МұзАрт» тобының жігіттері жеке өмірлері жайында сыр шертіп, бүгінде ұл-қыздарын тәрбиелеп отырған жарларымен қалай танысқандарын айтып берді.
Бұл туралы Ләйля Сұлтанқызының «Әйел бақыты» бағдарламасында айтылды.
Топтың үлкені Сәкен Майғазиев «МұзАрт» құрылмай тұрғанда-ақ шаңырақ көтергенін айтты. «Динараның алдымен көзіне, одан кейін өзіне ғашық болдым» дейді Сәкен. Мейрамбекке кезек жеткен кезде ол «Үйленгенге дейін қанша рет ғашық болғаныңды айт» деп қалжыңдады. Сонда Мейрамбек Беспаев:
«Қанша рет екенін білмеймін. Бірақ Мархаббатқа ес-түссіз ғашық болдым. 2004 жылы. Оны көрген кезде үйлену керек екенін түсіндім. Ол кезде Мархаббат 18-ге толмаған еді. Сол себепті әке-шешесі рұқсат бермей, біраз күтуге тура келді. Басында әртіс деді. Дегенмен дұрыс жігіт екеніме көздері жеткеннен кейін үйлендік. Мен ол кезде 28-де болдым. Бірінші түріне, содан кейін араласа келе жан-дүниесіне, қарапайымдылығына ғашық болдым», – деп жауап берді.
Бүгінде бір қыз, бір ұлды тәрбиелеп отырған Мейрамбек көпбалалы әке болуды армандайтынын айтты.
«Құдайға шүкір, бір қызым, бір ұлым бар. Кім көп балалы болғысы келмейді? Білмеймін, ондай адамдарды түсінбеймін, біз де армандаймыз. Мен негізі атам мен апамның қолында өскенмін. Онда 10 бала бар. Сол кісілердің баласы болғандықтан әке-шешемнің бар екенін өскеннен кейін бір-ақ білдім. Менен кейін екі қарындасым бар. Өкінішке орай, мен үшбалалы отбасыдан шықтым. Бірақ Кәусардың, Абухайырдың іні-қарындастары көп болса екен деп армандаймын», – деді «МұзАрт» тобының серісі.
Топтың кенжесі жұбайы Жәмиляны аса бағалайтынын айтты.
«Мен 26 жасымда үйлендім. Жұбайым өзінің инабаттылығымен, сыпайылығымен қарапайымдылығымен өзіне тартып алды. Ешқандай өкінбейміз. Аллаға шүкір, жолға шыққан кезде біздің тілеуімізді тілеп, сапардан келген кезде жылы шыраймен қарсы алып жатады», – деді Кенжебек Жанәбілов.
Бағдарламаға қонақ ретінде танымал әнші, Мейрамбекпен бірге «Ғашық жүрек» фильмінде басты рөлді сомдаған Мөлдір Әуелбекова қатысты. Ол Мейрамбек ағасының актерлік шеберлігі туралы сөз етті.
«Кино әлемі деген қызық қой. Одан бері де 6 жыл өте шығыпты. Әбден «аға, аға» деп өскеннен кейін ыңғайсыз болды. Ол жерде Мейрамбек пен Мөлдірдің арасында махаббат сезімін көрсету қиынға соқты. Мысалы, Мейрамбек аға текпешекпен жүгіріп бара жатып «Мөлдір, тоқташы» деген кезде күлкім келді. Ірі планмен көрсететін болса, мен ол жерде негізі күліп жүгіріп бара жатырмын. Ғашық көзбен қарау қиын болды. Актерлік қабілетіне, әншілігіне сөз жоқ», – деп атап өтті Әуелбекова.
Бағдарлама барысында «МұзАрт» тобы еш жерде жария етпеген жаңалығымен бөлісті. Топ тағы да бір рет 15 жылдық мерейтойын атап өтпек. 27 қараша күні Алматыдағы республика сарайында «МұзАрт» тобының концерті өтеді.
Жіберіп алмаңыз:
Сәкен Майғазиев МузАрттың тарамақ болғанын растады
Әнші Жазира шашы ұзын қыздар арасында байқау ұйымдастырды (фото)
Әділ Ахметов: «Анаға апарар жолдағы» Ілиясқа 90% ұқсаймын (видео)
Ерке Есмахан болашақта толыққанды жанұясының болғанын қалайды