Мұсылманның айналысуына тыйым салынған 4 бизнес
Мұсылман адамға төрт нәрсенің саудасымен айналысуға қатаң тыйым салынған.
Ардақты Мұхаммед (с.а.у.) бұл туралы былай дейді: «Алла мен Оның Елшісі (с.а.у.) мас қылатын (ақылын тұмшалап, буындарын босататын) ішімдік саудасын, өлексе (арам өлген мал) саудасын, шошқа саудасын және пұттардың саудасын харам етті (яғни оларға қатаң тыйым салды)…».
Өкінішке қарай, шариғатта осыншалықты ауыр тыйым салынғанына қарамастан, әлі де осы бизнеспен айналысып жүргендер ұшырасады. Негізінде, Алла бір нәрсеге тыйым жасаса, онда адамдар оның өз басына, отбасы, бала-шағасына, денсаулығына, ертеңгі үрім-бұтағына, күнделікті тіршілігіне өте ауыр зардабы бар деп ұғынуы керек.
Аталмыш төрт нәрсе қазіргі таңда итше балалап, көбейіп кеткені де жасырын емес. Онымен айналысатындардың көздері шелденгені сонша Алланың харам еткеніне пысқырып та қарап жүрген жоқ. «Бала-шаға асырау керек» деген ұранды ұстанып, барынша қарқынмен бизнестерін жүргізуде. Мысалы, мас қылатын ішімдіктің сансыз көп түрі дүкендерде самсап тұр. Арақ, сыра, шарап дейсіз бе, коньяк, ликер, тағы басқа нәрсе дейсіз бе, бәрі де бүгінде тонна-тоннасымен, вагон-вагонымен сатылып жатыр.
Өлексенің етін алып, шұжық жасайтын сан түрлі цехтар мен зауыттар ашылып кетті. Шұжықтың да мың бір түрі жасалып, қарқынды саудаға қосылып кеткен. Оларды үлкендеріміз де, жастарымыз да, балаларымыз да ештеңесіне қарамай асап жатыр.
Шошқаның еті мен майын саудалап, шошқа бағатын базалар ашып жүрген ағайындарымыз да ортамызда жүр. Өз нәжісіне өзі былғанып, қорсылдап жүріп, өз баласын өзі жеп қоятын тексіз хайуанның еті мен майы сауда орталықтарында аз сатылып жатқан жоқ. Осы етті жегендердің де қорсылдап, қасиетсіз, тексіз болып жатпасына кім кепіл?
Ал енді еш болмаса жасанды құдай, пұт сатқаннан аман шығармыз деп ойласақ, тағы қателесеміз. Қазір кейбір үйлерге барсаңыз, үйге бақыт әкеледі деп неше түрлі тастан жасалған мүсіндерді сөрелерде тұрғанын көресіз. Солар кімнің үйінде тұрса, соның «жолы болады» деген түсінікте жүргендер аз ба? Сонда ол пұт емей не болды?
Жолды ашатын, бақты беретін Алланы қоя салып, өзге түгіл өзіне пайда келтіре алмайтын, жансыз, меңіреу, саңырау мүсіндерді үйіне кіргізіп алған қаракөздерге не деуге болады? Енді олардың үйіне Алланың берекесі қайдан келсін? Алла Тағаланың шариғатына соншалықты жеңіл қарауға бола ма?
Міне, көріп отырғанымыздай, Алла мен Оның Елшісі (с.а.у.) қатаң тыйып тұрса да, біз аталмыш бизнес түрлерімен белсене айналысып жүрген жағдайымыз бар.
Бұл істерді не Құдайдан қорықпай, не адамнан ұялмай жасай беретін болдық. Сонда қайда бара жатырмыз? Сонда бауырымыздан жаралған бала-шағамыздың аузына харам ас салғаннан не ұтпақпыз? Арам астың ақыры не болмақ?
Қайран, бұрынғы тақуа әйелдер-ай! Таңертең күйеулері үйлерінен шығып жатқанда, әлгі әйелдер: «Отағасы! Біз аштыққа шыдаймыз. Шөлге шыдаймыз. Бірақ мәңгі тозақтың отына шыдай алмаймыз!» – дейді екен. Ал біз ше: «Отағасы! Әкетай! Қалай келіп жатқанына қарама! Ақша тауып әкелсең болды. Біз тәтті тағамсыз, дәмді сусынсыз шыдай алмаймыз. Біз ыңғайлы көлік, зәулім баспанамыз болмаса, шыдай алмаймыз. Ештеңеге қарамай ақша табыңыз! Ақша табыңыз!» деген сөз айтып немесе соған ишара жасап жүрген жоқпыз ба?
Ойланайық, көзімізді ашайық, ағайын. Құдайдан қорқайық! Мәңгілік тозақ отынан сақтанайық. Бала-шағамызды сақтайық.