Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұхтар Әуезов: Енді кездесе қалсақ, бір-бірімізді танымайтындай болайық…

Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнар Міржақыпқызы бір естелігінде жазушы Мұхтар Әуезов жайлы айтып өткен еді.

1484812400_novyy-kollazh

– Гүлнар, сенбісің? – деген дауысқа жалт қарасам, қарсы алдымда Мұхтар Әуезов тұр екен. Ағамен қол алысып сәлемдестім. Бірақ ол бір кездегідей бетімнен сүймеді. Оған да мән бере қойғам жоқ. Бұрынғыдай еркелете де сөйлемеді. Үй-ішімнің амандығын, Алматыға қашан келгенімді сұрады.Ал мен болсам, Қаныш Сәтбаев ағамның ақылымен Томскіде медицина институтына түскенімді, бірақ жағдайға байланысты оқудан уақытша қол үзуге тура келгенін, ендігі жылы оқуымды Алматыда жалғастыратынымды жасырмай жапа-тармағай баяндап жатырмын. Оның үстіне Мирзоянның өзі жолдама берем дегенін, Жұмысқа орналастыратынын, сөйтіп болашағыма жол ашылғанына қуанып келе жатқанымды айттым. Үндемей тыңдап келе жатқан Мұхтар ағам кенет сөзімді бөліп:

– Гүлнар, қарағым, енді  кездесе қалсақ, бір-бірімізді танымайтындай болайық… – дегені. Мұны естігенде төменнен тас түскендей болды. Сөзін әрі қарай тыңдамай, тез бұрылып кеттім. Әйтеуір жүгіре басып алыстай бергенімді ғана білем. Мына сөзді әкемнің ең жақын дос-інісі, мақтанышы,кішкенайымда қолымнан жетектеп апарып талай рет «тәтті суық» (мен балмұздықты «тәтті суық» дейтінмін) алып беретін, жақсы көретін ағамнан естігенім жаныма қатты батты. Алдында ғана шарықтаған балаң көңіл аяқ астынан  су сепкендей басылды.Жүрегім жараланып, ішкі дүнием құйын ұрғандай алай-түлей.

Іңкәрға бара жатқан бағытымды өзгертіп, Бірімжановтардың үйіне қарай бұрылдым. Ол үйдегі атақты Әлмұхаммет Сейдалин төренің қызы Гүлжауһар әжекем, бүкіл қазақ зиялыларының қадірлі анасы, жеңгесі болған текті кісі еді. Көңілім соншалықты бұзылып келгенін бірден аңғарып:

– Кел, бері, әңгімеңді айтшы. Бүгін сен осы Мирзоянға бармаушы ма едің, соншалықты көңілсізсің ғой, не болды өзі?! –  деді.

Мен Мирзоянға кіргенімді, шаруамның қалай шешілгенін айтып келе жатыр ем, әжекем:

–  Е-е, жұмысы сәтті тынған кісі осылай тұра ма?! Сүйінші сұрамаймысың?! – деп, бір жағынан қуана, бір жағынан менің ішкі жан-дүниемнің аласапыран күйіне алаңдап:

– Қой, мұнысы несі тағы? Адам қуанғанда да жылайды деуші еді, бірвқ сенде бір мұң бар секілді ғой, не боп қалды? – деп, үрейлене сұрады.

– Әжеке, менің бүгінгі қуанышымда шек жоқ еді, әттең … – деп, Мұхтар ағаммен болған барлық шындықты шағынып айттым. Әжекем мені жұбата отырып, ұрсып та алды.

– Сабыр сақтауға үйрен, балам. Босқа жаси бермей, берік бол. Алдымен кімнің қызы екеніңді ұмытпа. Әкеңе тартсаң, жаман болмассың. Жау болды дегені несі, сенбе оған! Әлі-ақ қадіріне жетер күн туар. Шыда. Әкеңді мақтан тұт! – деп маған дем берді. Өткен-кеткенді қозғай отырып, әжекем  елдегі болып жатқан мен білмейтін біраз жайлардың шетін шығарды:

– Балам, сен жырақта жүріп, көп нәрседен хабарсыз едің ғой. Мына заман кімге жақсылық әкелді дейсің? Сондай бір қырсыққа Мұхтар ағаң да ілікті емес пе?! Сонан түрмеден бір-ақ шықты. Бәле-жаладан құтылудың жолы ма, әлде ауыр азапқа төзе алмады ма, кімнің жайын кім білсін, әйтеуір тығырықтан шығатын жол тапты ғой.  Абақтыда бірге отырған Әлімхан Ермеков екеуі өздерінің бұрын Алашордаға мүше болғанын мойындап: «адасқанымызды енді түсіндік, бұдан былай «түзу» жолға түсеміз» деп жазып, оны орысша, қазақша екі бірдей газетке жариялап, зорға құтылған еді. Темір тордың тауқыметін тартқан кісінің үркектігіне ренжіп қайтесің. Сенің бүкіл өмірің алда. Ал тірлікте талай сын кездеседі. Бекем болуға әдеттен, – деді маған жігерімді қайрайтын талай әңгіменің басын қайырған әжекем.

Бұл әңгіме маған үлкен сабақ болды. Мұнан кейін мен қиындықтан жасығанда да, қуаныштан тасығанда да – бірқалыпты сыбырлы салқынқандылық сақтауға бірте-бірте қалыптастым.

Дереккөз: Н.Әбутұрапова Ғұмыр-дария (сыр-сұхбат)

Жіберіп алмаңыз:

Мұхтар Әуезов Әзірет Әлидің қырық бесінші ұрпағы болып шықты (фото)

Рахымжан Отарбаев: Мұхтар Мағауин – нашар жазушы

Дінмұхамед Қонаев 7-сынып оқып жүргенінде бір адамды ажалдан құтқарып қалған

Талқылау