Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұқағали ақынның Олжас Сүлейменовтен опық жегені рас па?

Мұқағалимен Жазушылар одағында, көшеде талай рет кездесіп, әңгімелескенмін. Дұрыс сәтінде де, “бұрыс” сәтінде де. “Бұрыс” деп отырғаным – қызу жүретін кездері. Онысын төңірегіндегілер түгел білетін едік қой. Ол көңілшек адам болатын. Кейде «әттең» болып қалатыны сол мінезінен еді.

Әнуар Әлімжановтың Мұқағалиды да, Тоқаш Бердияровты да “бұрыс” сәттерінде келгендерінде де қалайда қалжың күлкімен қарсы алып, қияс қылықтарын кешіріп, алдап-сулап шығарып салып тұрғанын бірнеше рет көрдім. “Әкәу, жарайды дедім, жарайды енді, ертең келші, бәрі болады, ертең кел!” деп, шағын денесі селкілдей күліп, қарап тұратын. Екеуінің талантын сыйлайтын. Сыйламаса, адалдығына, ақжүректілігіне сенбесе, бірінші басшының аты – бірінші басшы, мысалы, екеуін Жазушылар одағының мүшелігінен шығаруға тырысқандарды жақтай салатын еді, әсте қарсы болмас еді, қорғамас еді.

Мұқағали Мақатаев та, Тоқаш Бердияров та Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылған емес, “Шығарды” деп әлдекімдер алыпқашты сөз таратып жіберіпті. Ал екі ақынның Қазақстан жазушыларының сол жылдардағы құрылтайларының бәріне кәдімгі ресми делегат боп қатысқандары анық. Осы тұста мына бір жәйтті де мәлім етейін. Жоғарыда Әнуардың “біздің жігіттер қызық” дегені кәсіподақ жиналысы жайында. Бір күні одақтың кәсіподақ комитеті жалпы жиналысын шақырды. Қаралмақ мәселелердің бірі – Мұқағали Мақатаевтың тәртібі. Жиналысты Олжас Сүлейменов ашып, жүргізіп отырды. Негізгі мәселе бойынша баяндама жасалып, жарыссөз болып, одан соң күн тәртібіндегі басқа мәселелерді қарауға кезек келді. Олжас әдетінше Мұқағалиға шүйіліп біраз сөйлеп:”Мақатаевты кәсіподақтан, Жазушылар одағы мүшелігінен шығару керек!” деп ұсыныс жасады. Мінберге шыққандар қостай бастады. Мен шығып:

-Мұқағалидың анда-санда масаңдау жүретіні рас, бірақ, ешкімнің басын жарған жоқ, көзін шығарған жоқ, Сәкенінен, Ілиясынан, Бейімбетінен, Мұхтарынан, Сәбитінен, басқа да үлкен-кіші тұлғаларынан айырылған қазақ әдебиетіне енді жетпей тұрғаны Мұқағалиды куып тастау ма? – дей келіп, орынсыз ұсынысқа мүлде қарсы екенімді айттым. Жазушылар Бексұлтан Нұржекев пен Оразбек Сәрсенбаев мені қостап сөйледі. Ию-қию өршіді. О тұстан, бұ тұстан ала-құла сөзді айқай шықгы. Сол кезде әлдекім:

– Мұқағали кәсіподақтың мүшелік жарнасын уақтылы төлеп жүр ме, соны айтсыншы өзі! –деді.

Мұқағали залдың орта шенінде отырған-ды. Жұрт: “Иә, иә, айтсын!” десіп, Мұқағалиға жалт-жалт қарасты. Ол тісі ақсия күліп отыр. Қолын сілтейді. Және біреу: “Оның айтқысы келмесе, комитеттің жарна жинаушысы кім еді, сол айтсын!” деп талап етті. Комитет төрағасының тұрмыс мәселелері жөніндегі орынбасары біздің бухгалтер Фарида Миникеева еді, сол кісі орнынан тұрды да: «Мүшелік жарнасын үш жыл бойы төлемегендігі себепті Мақатаев жолдас мүшеліктен алдыңғы жылы шығып қалған», – деді. Қарқ-қарқ күлкі залды жарып жібере жаздады. Қызыл шеке бола бастаған көпшілік сол күлген бойы тарап кете барды. Жиналыс жайына қалды. «Біздің жігіттердің қызығы» – сол!

Енді мына бір құжатқа үңілейік:  «Әнуар! Айып етпе, сенің алдыңа барып барлық жағдайымды айтуға арланып отырғаным жоқ. Сен қабылдамайды, тыңдамайды деген де ойдан аулақпын. Сенің қазіргі жұмысың қауырт, оны да түсінем. Сондықтан менің Жаңа жылдан бергі жағдайымды өзің білесің бе, жоқ па деп хат жазуыма тура келді. Менің, семьямның қазіргі халі осыған мойын ұсындырды мені. Үйіңе барып жолығуды ұят көрдім. Тағы да өтінем, айыпқа бұйырма. Өзіңе белгілі болар, биылғы жыл (1973) маған оншама қуаныш әкеле қойған жоқ, әзірше. «Жұлдыздан» мені босатқан, ол кезде сен ОАР жаққа кеткен едің. Сенің келісімің болды ма, жоқ па, ол жағы маған әлі белгісіз. Өзім де кінәлімін, әрине, дегенмен де, дәл Жаңа жыл келгенде, балаларымның жеп отырған қорегінен ажырататындай ешкімге ешнәрсе істей қойған жоқ едім…

Жасыратыны жоқ, байқаймын, сен маған суық қарайсың. Сен мені, менің болмысымды танитын сияқты едің ғой. Түсінбеймін, қандай ғана өсекшінің тіліне ердің?! Арамдық, адамға деген жауыздықтан бойын аулағырақ ұстайтын бір адам мендей-ақ болар (осылай деуге ұялмаймын!). Егер мен тарапынан көбік езу біреулер саған бірдеңе деп жеткізсе, оның бәрі жалған екендігін түсінуіңді өтінем.       Ал әлгі дерт, ішімдік мәселесіне келетін болсақ, енді оның иісін сездіріп, ізін де білдірмеуге бел байлағам. Есіңде болсын, бұл –менің азаматтық сөзім!       Адамның бәрін дос санап, көңілдерін жықпай, көлгірсіп келіппін. Байқасам, менде дос жоқ екен. Дұшпаным бар ма, жоқ па, білеймін. Мендегі бар айып –жек көретін, құлқым сүймейтін адамға жек көретінімді, құлқым сүймейтіндігін сол адамның алдында оп-оңай білдіріп алатындығым (ішсем де, ішпесем де).        Әнуар! Бүгіннің қызығынан, рахатынан, байшылық-баршылығынан қаншама безініп, болашақ үшін, қауым үшін, болашақтың әдебиеті үшін өмір сүрейін десем, менің қазіргі болмыс-тұрмысым соншама езіп, жаншып, жуасытып барады. Өзім жарық дүниеге әкелген балаларымнан артық бақыт жоқ маған. Соларды ойлаймын, қиындап кетті…

Өтініш: егер менен үмітіңді біржола үзбесең, мені өзіңнің қарауыңа жұмысқа ал. Ақындығы да, таланты да, атағы да құрысын, балаларымның жоқшылықта болуын көргім келмейді. Бәрі де ержетіп, естері кіріп қалыпты, ұялып жүрмін солардан… Өзің білесің, қырықтан аттанып барам ғой, енді қандай баланың қарауына барып әдеби қызметкер болмақпын. Не де болса, өз қарауыңа ал, батыр! Қиындап кетті. Сенен алғашқы да, ақырғы да өтінішім осы. Қалғанын азаматтығыңнан, құрбылығыңнан күттім! Сәлеммен, Мұқағали. 20. 03. 1973 ж. Бұл хаттан кейін екеуі жақсылап әңгімелескен болар. Көп кешікпей Мұқағали Мәскеуге, Әдебиет институтына оқуға жіберілген. Ол Әнуардың: мұндағы «достарынан» уақытша болса да қол үзсін, үлкен ортаны көрсін, оқысын, ойлансын деген қамқорлық ниеті ғой. Бірақ Мұқағали тиянақтап оқи алмады. Сол туралы Әнуарға институттан 1973 жылғы қарашада хат келіпті. Жолдаған кісі аты-жөнін анық жазбастан иірлеп қол қоя салған. Ол біздің ақынды «стихийная одаренность которого несомненна» деп бағалай келіп, оқудан шығаруға мәжбүр болғандарын өкіне мәлімдепті. Ал Әнуар хат иесін әбден танитын болса керек, жауабын: «Уважаемый Александр Петрович!» деп бастап, Мұқағалиды өзінің жоғары құрметтейтінін айтып (мұрағатжайдағы орысша нұсқасынан сол жерде қалайда қазақ тіліне аударып жазып алғанымды ұсындым): «…Мұқағали Мәскеуден қайтып келгенде мен шет елде едім, ол орнымда қалған хатшыға: «Жазушылар одағы алдында ұяттымын. Енді мұнда жүре алмаймын, ауылыма кетіп барамын, жаңа жыр жинағымды дайындап болған соң келемін», – деп кетіпті…

Талантты ақынның одаққа танылуы үшін кітабын Мәскеуде орыс тілінде шығарғымыз келеді, Сіз көмектессеңіз жарар еді», – деп жазыпты. Кейінде ақынымыздың Алматыда «Зов души» деген атпен шыққан (орысшалағандар Әнуардің мәскеулік достары – Ю.Александрова мен М. Курганцев) үш дастаны мен 55 өлеңі енгізілген жинағына алғысөзін Әнуар: «…творчество Мукагали Макатаева – яркая страница казахской поэзии шестидесятых-семидесятых годов нашего столетия», деп бастап: «Порой он бывал грустен, порой беспокоен, задирист в споре. Но всегда оставался жизнелюбом и оптимистом… Добротой наполнены его строки, добротой и любовью к человеку», – деп тұжырыпты. Осындай адал пікірлі Әнуардфң Мұқағалиға қашанда оң көзімен қарағанына бұл және бір дәлел. Әнуар болмаса, бұл жинақ шықпас та еді (сөз ыңғайына қарай айта отыруға болар бір жәйт: кейінде Ленинград баспасынан жарық көрген «Поэты Казахстана» жинағын Мұхтар Мағауинге құрастыртып, жолын ашқан да Әнуар екен).      Әнуар Жазушылар одағын басқарып тұрғанында Мұқағалиды, Тоқашты одақ мүшелігінен шығарып тастаған болатын» деген «жаңалық» мүлде бекер.      Қазақстан Жазушылар одағының мұрағатжайында басқарма хатшылары алқасының 1974 жылғы қаңтардың 24-і күні өткізген мәжілісінің №3 «а» қаулысы бар. Онда Мұқағали Мақатаевты КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығаруға шешім қабылданғаны жазылған. Ол—жалған шешім. Себебі: біріншіден, сол мәжілісте қаралған негізгі мәселе жайында баяндама жасаған Қалаубек Тұрсынқұловтан (одақ басқармасының үшінші хатшысы) кейін сұрағанымда ол жолы Мұқағали туралы ешқандай сөз болмағанын айтты.

Екіншіден, ҚЖО басқармасының бірінші хатшысы Ә.Әлімжанов Мәскеуде іссапарда жүрген, ал бірінші басшы жоқ кезде кімді болсын мүшеліктен шығару сияқты күрделі мәселе қаралмайтыны өзінен-өзі белгілі. Егер тіпті бір шұғыл себептермен қарау қажет болған күннің өзінде мәжілісті бірінші басшының міндетін уақытша атқарушы екінші басшы – Ілияс Есенберлин өткізіп, шешімге сол қол қоюға міндетті еді. Олай болмаған. Сыртқы байланыс жөніндегі хатшы (төртінші) О. Сүлейменов қол қойыпты, Есенберлин отырғанда оның дәл сол жолы өйтуге құқы жоқ болатын. Үшіншіден, қаулының өзін «а», «ә», «б»… деп нөмірлеу ешқашан болған емес. Қосымша мәселе қаралған болса, онда сол қаулының баптарына қосымша ретінде: «а», «ә», «б»… деп тармақ енгізіледі. Яғни мынау «№3 «а» қаулы» әлдекімге не Мұқағалиды мұқату үшін, не Әнуарді арандату үшін керек болған да, кейін, мәжілістен соң жазылған, демек, жалған құжат екені даусыз. Жалғандығына және бір дәлел—ол мәжілісте Мұқағалидың тәртібі қаралса, шешім қабылданбастан бұрын талқылау, пікірлесу болуы, шешімнің неше дауыспен мақұлданғаны айтылуы талап етіледі ғой, ал Жазушылар одағының мұрағатжайында ондай құжат (мәжіліс хаттамасы) жоқ, пәленбай мәжіліс өтті, түгленбай шешім қабылданды деген жарты парақ жазба ғана бар.         Қаншама жыл қызметтес, жолдас болып жүргенімде Әнекеңнің қол астындағы қызметкерлердің бірде-бірін, тіпті жұмыстан шығармақ тұрғай, ренжіткенін де көрген емеспін. Үлкен-кішімен әзілдесіп, қатар құрбысындай тең сөйлесетін, олардың ағаттықтарына кешірімді еді. «Жүйріктің түбін берік аладыны» бекер айтпаған ғой. Әнекең сол Берік Азамат болды!

Ғаббас Қабышұлы, “Жұлдыз” журналы

Тағы да оқыңыз:

Қазақтың үш асыл ұлы бір әйелге ғашық болған

Ілияс Жансүгіровтың үлкен ұлы қалай өмір сүруде

Сәбит Мұқанов Мағжан Жұмабаевтың жақсылығына жамандық жасаған ба?

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр