Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мопедін тіркемегендерге жүруге тыйым салынады, мобильді операторлар тарифі қымбаттайды: 1 сәуірден бастап Қазақстанда не өзгереді

Енді елімізде мопедті тіркеусіз және жүргізуші куәлігінсіз басқаруға тыйым салынады. Оған қоса 1 сәуірден бастап қағаз түріндегі еңбекке жарамсыздық парағы жойылып, цифрлық форматта қолданылады. Ал кейбір байланыс операторлары тарифті қымбаттатып жатыр. Stan.kz ақпарат агенттігі 2025 жылдың сәуір айында елімізде қандай өзгерістер болатынына шолу жасады.

Фото: Stan.kz

Елімізде 1 сәуірден бастап бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталады

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл бірінші сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірден 31 тамызға дейін жалғасады. 

"Білім туралы" заңға сәйкес, балалар 1-сыныпқа ата-анасының өтініші бойынша 6 жастан бастап қабылданады. Құжаттарды мемлекеттік egov.kz электронды үкіметке және қағаз нұсқада тапсыруға болады.

Фото: novoshahtinsk.bezformata.com

Жалпы білім беретін орта мектепке қабылдауға қажет құжаттар тізімі:

  • ата-ананың немесе заңды өкілінің өтініші;
  • №065-у нысанындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама және №052-2/у нысанындағы баланың денсаулық паспорты;
  • өлшемі 3х4 см сурет (2 дана).

Министрлік ата-аналарды құжаттарды тапсыруды соңғы күндерге қалдырмай, балаларды мектепке беруді алдын ала ойластыруға шақырды. 

Көлік салығын төлемегендер 1 сәуірден бастап айыппұл арқалайды

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 1 сәуірден бастап көліктің салығын төлемегендер кешіккен әрбір күні үшін айыппұл арқалайды. 

Көлік құралдарына салынатын салық сомасын kgd.gov.kz web-порталында және "e-Salyq Azamat" мобильді қосымшасында орналастырылған салық калькуляторының көмегімен дербес есептеуге болады.

Қазір салық органдарымен есептелген алдағы төленетін көлік құралдарына салынатын салық сомалары Kaspi bank АҚ және Halyq bank АҚ мобильді қосымшаларын пайдаланушыларға PUSH-хабарлама түрінде жіберіліп жатыр.

Бұдан басқа ақпарат kgd.gov.kz web-порталда "Жеке тұлғалар үшін алдағы төлемдер" сервисінде, "e-Salyq Azamat" және екінші деңгейлі банктер Kaspi bank АҚ және Halyq bank АҚ қосымшаларында орналастырылады.

Ал салық төлемегендердің ісі арнайы бұйрық бойынша сот орындаушысының қолына өтеді. Ал олар салық төлемеген азаматтан қарыздың әрбір тиынын, жұмыс ақысын өндіріп алады. Қарызды қайтару үшін борышкердің мүлкі мен банктегі шотын бұғаттап, шетелге шығуына шектеу қояды. Сонымен қатар салықтан жалтарған азамат қарапайым банк қызметін де ала алмайды. Атап айтқанда, банктен шот ашу, аударым жасау және несие алу мүмкін емес.

1 сәуірден бастап еңбекке жарамсыздық парағы электронды форматқа көшеді

Сәуірдің бірінен бастап еңбекке уақытша жарамсыздық парағы және басқа да медициналық анықтамалардың сегіз түрі электронды форматта беріледі.

Фото: gov.kz

Бұл өзгеріс азаматтарға қағаз анықтамаларды алып жүру қажетін жояды. Олардың келісімімен электронды анықтамалар тиісті мекемелерге жіберіледі.

Электронды форматқа көшірілетін медициналық анықтамалар тізімі:

  • Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы;
  • 075/е "Медициналық анықтама";
  • 026/е "ДКК қорытындысы";
  • 073/е "ТҚ басқаруға рұқсат туралы анықтама";
  • 069/е "Санаторийлік-курорттық карта";
  • 052-2/е "Баланың денсаулық паспорты”;
  • 076/е "Қаруға рұқсат алу";
  • 038/е "Еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама";
  • Азаматтар eGov Mobile мобильді қосымшасындағы "eDensaulyq" бөлімін пайдалана отырып, өздерінің жеке медициналық деректеріне қол жеткізе алады.

Бұл жаңашылдықтар медициналық құжаттарды алу процесін жеңілдетіп, олардың қолжетімдігін арттырады.

5 сәуірден бастап мопедті тіркеусіз және жүргізуші куәлігінсіз басқаруға тыйым салынады

5 сәуірден бастап мопедтерді пайдалануға қатысты жаңа ережелер күшіне енеді. Заң талаптарына сәйкес, тіркелмеген мопедтерді басқару және жүргізуші куәлігінсіз мопедті пайдалану тыйым салынады.

Фото: san-moto.ru

Аталған күннен бастап мопед иелері келесі талаптарды орындауға тиіс:

  • көлік құралын полицияда тіркеуден өткізу;
  • A1, A немесе B санатындағы жүргізуші куәлігін алу;
  • техникалық тексеруден өту;
  • азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыруды рәсімдеу.

Полиция мәліметінше, 5 сәуірге дейін қажет құжаттарды рәсімдемеген жүргізушілерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612 ( Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы) және 590 (2-тармақ) (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) баптары бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Жаңа шаралар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және мопедтерді пайдалану кезінде болатын құқық бұзушылықтар санын азайтуға бағытталған. Мемлекеттік органдар азаматтарды белгіленген талаптарды сақтап, құжаттарды уақытында рәсімдеуге шақырады.

5 сәуірден бастап "Жол қозғалысы туралы" заңнамаға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар қолданылады

Оның аясында көліктерді техникалық тексеруге қатысты талаптар қатаңдайды. 

Премьер-министр Олжас Бектеновтың айтуынша, енді автотранспорт құралдарын міндетті техникалық тексеру талаптарын бұзған, жалған, техтексеру анықтамаларын берген операторларға 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл (2025 жылы – 393 200 теңге) салынады. 

Бұған дейін, айыппұл мөлшері 30 АЕК болған. 

Енді елімізде жол ережесін жиі бұзатындар үшін көлікті сақтандыру қымбат болады

7 сәуірден бастап Қазақстанда көлікті міндетті сақтандыру құнын анықтайтын “бонус-малус” коэффициенті жүйесі өзгереді.

Енді автосақтандыру бағасына жазатайым оқиғалар ғана емес, белгілі бір жол қозғалысы ережелерін бұзу да әсер етеді. Бұл өзгеріс 2024 жылдың қазан айында жарияланған еді.

Фото: kpravda.ru

Бұрын сақтандыру класы жүргізушінің кінәсінен болған жазатайым оқиғаларда ғана төмендетілетін. Жаңа ережелер үш қосымша төмен сыныпты – A, M1 және M2 коэффициенттерін 3,5-ке дейін арттыруды енгізеді.

Негізгі өзгеріс жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты. Жүргізуші сақтандыру мерзімінде белгіленген жылдамдықты сағатына 40 километрден үш және одан да көп рет асырса, қарсы жолаққа шығып кетсе немесе төтенше жағдай туғызса, онда жол-көлік оқиғасы кезінде оның класы айыппұлсыз жүргізушілерге қарағанда көбірек төмендейді.

Өзгерістер төтенше жағдайға да, абай жүргізушілерге де әсер етеді. Бес жыл бойы апатқа ұшырамағандар үшін сақтандыру құны төмендейді, ал жиі тәртіп бұзушылар мен жазатайым оқиғаға кінәлілер үшін ол қымбаттайды.

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі жетілдіріледі

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша есептеу сомасын есептеу қағидаларын, сақтандыру төлемдерін жүзеге асырудың есептемесі мен тәртібін бекіту туралы" қаулыға өзгерістер енгізді. 

Сақтандыру төлемі сақтандыру сыйлықақысы (жарналар), есептелген мемлекеттік сыйлықақы, бастапқы білім беру капиталы және инвестициялық кіріс негізінде есептеледі.

Мемлекет сыйақысы үшін сақтандыру сыйлықақылары (сақтандыру жарналары), бастапқы білім беру капиталы, инвестициялық кіріс, өткен кезеңдерден есептелген мемлекеттік сыйлықақылар ескеріле отырып, сақтандыру шарты бойынша қалыптасқан сақтандыру резерві негізінде айқындалатын есептік сома қабылданады.

"Келешек" бағдарламасын іске асыруға байланысты Мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесі аясында сақтандыру шарттары бойынша есептелген соманы анықтау тәртібі нақтыланып жатыр. 

Енді жинақ сомасы мемлекеттен біржолғы бастапқы білім беру капиталымен (барлық адамға 60 АЕК (2025 ж. 235 920 теңге), жетім балаларға 120 АЕК (471 840 теңге) қосылады. Ол да инвестицияланады және оған инвестициялық кіріс есептеледі. 

Бұл білім беру қызметтеріне ақы төлеу бойынша жинақтардың жалпы сомасын арттырады. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі қатысушыларының жағдайын жақсартады.

Бұйрық 2025 жылдың 8 сәуірінен бастап күшіне енеді.

Қазақстандық ұялы байланыс операторлары тағы да бағаны көтермек

Елімізде 21 сәуірден бастап телекоммуникация нарығындағы компаниялардың қызмет құны артады. 

Activ-тің "Топ М" тарифі 21 сәуірден бастап өседі. Тариф 3 690 теңгенің орнына 4 090 теңге болады. Кәсіпорын бағаның көтерілуін құрал-жабдықтар мен оны жөндеуге кететін шығындардың өсуімен түсіндіреді.

Altel операторы да сәуірден бастап бағаны қайта қарайды. Себептері бірдей – желілерге салынған инвестиция, жабдықты жаңғырту, шығындардың өсуі.

Kcell 21 сәуірде "Престиж S" тарифінің бағасын 3990 теңгеден 4490 теңгеге дейін көтереді. Бірақ пайдаланушыларды ренжітпеу үшін компания 3 ГБ тегін интернет ұсынды. Бұл бонус 2025 жылдың қыркүйегіне дейін есептеледі.

Цифрлық даму министрлігі байланыс қызметтерінің бағасын реттемейтінін мәлімдеді.

Талқылау