Мөлдір Қабатова: Тұрсынбек тереземнің алдында үнді әндерін айтып, би билейтін
Елімізге танымал әзілқой Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы қалай танысқандарын айтып, бала тәрбиесіне қатысты пікірімен бөлісті.
Фото: instagram.com/moldir.mt/
Бұл туралы “Біздің Қостанай” басылымы хабарлайды.
Мөлдір Қабатова Амангелді ауданының Үрпек ауылында дүниеге келген. 2000 жылы мектепті бітіріп Астана қаласы Қазақ агротехникалық университетінің экономика факультетіне түскен. Әкесі 53, ал анасы 45 жасында қайтыс болған. Мөлдірдің әкесін жұрт 25 жыл ауылда бас экономист, ал анасын талантты музыкашы әрі педагог ретінде біледі. Отбасындағы алты бала анасының арқасында өнерлі болып өскен.
“Біздің бос уақытымыз болмады. Мектептен келе салып, домбыра, хор, би сынды түрлі үйірмеге баратынбыз. Әр бала дәл осындай сабақтан бөлек үш үйірмеге қатысатын. Үйіміздің төрінде әрдайым аспаптар тұрып, қалаған кезде оларды үйренетінбіз. Мен 8 сынып оқып жүрген кезде отбасымызбен өнер көрсетіп, ауылда концерт қоятынбыз”, – дейді Мөлдір.
Тұрсынбек пен Мөлдір студенттік кеште танысқан. Екеуі де еліміздің бас қаласына 2000 жылы барған. Алайда КВН-ші бұл қалаға жұмыспен шақыртылған. Бос уақытында Мөлдір оқитын университеттің КВН командасына жетекшілік етіп, түрлі нөмір ұйымдастырып жүрген.
Конгресс-холлда концерт өтіп, Мөлдір оркестр құрамында домбыра аспабында ойнаған. Ал Тұрсынбек өзінің әзілқой шәкірттеріне көмектесіп жүрген. Осы сәтте екеуі бір-бірін алғаш рет көреді.
Жүректерінде махаббат отының тұтанғанын сезінсе де, екеуі бір жарым жылға дейін тек дос болып араласып жүреді. Жігіт-қыз болып жүріп, арада бір жылдай уақыт өткен соң отбасын құрады.
“Артистер өте сезімтал адамдар. Тұрсынбек мені жиі жасайтын тосын сыйларымен таңқалдырып, баурап алды. Студент шағымда төрт қызбен бірге үшінші қабаттағы бөлмеде тұрдым. 22.00-де жатақхана есігі жабылып, Тұрсынбек тереземнің алдында тұрып концерттер ұйымдастыратын. Үнді өлеңдерін айтып, би билейтін. Оның өнерін барлық қыз тамашалауға құмар болатын. Ол уақытта ұялы телефондар болмағандықтан, біз осылайша терезе арқылы тілдесетінбіз”, – деп Қабатова жастық шағын еске алды.
Дәл қазір Қабатовтың отбасында төрт бала бар – үш қыз, бір ұл. 12 жастағы тұңғыш қызы болашақта сәнгер болғысы келеді. Қазір сурет салатын түрлі үйірмеге қатысып жүр. Екінші қызы фортепиано аспабында ойнайды. Әкесінің концертінде өнер көрсетуді армандайды. Ал кіші қызы төрт жаста, ұлы екі жаста. Әзірге олардың бойындағы ерекше қасиеттерді байқау қиынға соғатын көрінеді.
“Біз Тұрсынбек екеуіміз қатал ата-ана емеспіз. Баланы жылы сөзбен, ашық әңгімелермен-ақ жақсы тәрбиелеуге болатын сияқты. Қыздарымыз әкесін қатты жақсы көріп, Тұрсынбекпен құпияларын бөлісіп отырады”, – дейді Мөлдір Қабатова.
Кез келген мерекеде Қабатовтар бас қосып, туған иесінің бөлмесін шармен безендіреді. Балалар жақсы көретін пиццаға тапсырыс береді.
“Тұрсынбек екеуіміз асханада шай ішіп отырған кезде өзінің әзілдерін жиі айтып отырады. Дәл сахнадағыдай қарсы алдыма тұрып алып өнер көрсетеді. Маңызды жұмысым шығып қалса да, оны сөзін бөлместен тыңдауға әзір тұрамын. Меніңше, отағасының кім екеніне қарамастан, оны қолдап отыру – әр әйелдің парызы”, – дейді Мөлдір.
Бақытты отбасы дәл қазір Астана қаласында тұрып жатыр.