Мөлдір Әуелбекова: Мен құрған топ фонограммамен ән айтпайды
Мөлдір Әуелбекова экс-продюсері Баян Мақсатқызының жолын қумақ. Продюсерлікке бет бұрған әнші жаңа қыздар тобында ән салатын аруларға кастинг жариялаған еді. Бірер күн бұрын әнші іріктеу өткізіп, топтың болашағы жайлы болжамдарымен бөлісті.
Бұл туралы 31 арнаның “Айта берсін” бағдарламасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
“Қаншама жыл сахнада жүрдім, 10 жыл оқыдым, үш дипломым бар. Сол жинаған тәжірибеммен бөлісейін деген ой бұрыннан бар. Қазіргі тілмен айтқанда продюсер. Үш қыздың басын қосып, қазақи нақышта халыққа ұялмай көрсететіндей туынды болса деймін. Ең бірінші, ән орындайтын қыздар болады ғой, әрине. Қазақтың қызының келбетін ұялмай көрсететіндей сұлу, сымбатты болса да қуанар едім. Одан кейін тәртібі міндетті түрде. Биге икемі болса, яғни өнерге жан-жақты дайын адам болса“, – деген Әуелбекова арулардың музыкалық білімі маңызды емес дегенді алға тартты.
Мөлдір экс продюсері ұқсап кастингті бірнеше күнге созбай, бір күннің ішінде үш қызды таңдап қойды. Қызығы сол, қыздардың басқа қаладан келуі де продюсерді алаңдатпайтын секілді.
«Жағдайдың бәрін жасауға тырысамын. Бұл жобаға түбегейлі кірісіп отырмын. Жаныммен де, қаражат жағынан да жан-жақты. Өйткені мақтанып көрсететін жоба болса деп отырмын. Өз тарапымнан бар жағдайды жасауға тырысамын. Бейнебаяндар, әндер, егер басқа қаладан келген қызды алып жатсақ, оны тұратын жермен де қамтамасыз етуге тырысамын.
Ақша жинап қойдым. Ән бар, бейнебаян түсіретін ән дайындап қойдым. Оны түсіретін команда да дайын тұр. Енді тек қана сол қыздарды алып, костюмдерін дайындау керек. Вокал жағынан тек қана өзім дайындаймын. Барлығы дайын тұр, тек үш қыздың басын қосу керек”, – дейді су жаңа продюсер.
Мақсатқызының мектебінен өткен Әуелбекова өз тобының өзге гелзбендтерден несімен ерекшеленетінін де түсіндірді.
“Мен КешYou-де былай болды, енді бізде былай болсын деп айтпаймын. Өйткені менің мектебім – өзге мектеп. Баяннан үйренгенім өзге мектеп, өте мықты мектеп ол. Баяннан өте көп тәжірибе жинадым. Заман өзгеріп жатыр, қазір қыздар да басқаша. Біздің кез басқаша болды.
Ең әуелгі айырмашылығы – біздің қыздар ән айтады. Қазір фонограммаға жүгінетін топтар көп. Халық та біліп отыр оны, қазір халықтың талғамы жоғары. Алла бұйырса, алдағы көктемде концерт беруді жоспарлап отырмын. Сол концертте де симфониялық оркестрмен орындай алатын қыздар болады міндетті түрде“, – деп мәлімдеді Мөлдір.
Жіберіп алмаңыз:
«Дос-Мұқасан» тобы құрылғанына 50 жыл толуын сүйікті тыңдармандарымен бірге атап өтті (фото, видео)
Әли Оқапов пәтеріне ескертусіз келе беретін анасына ренжіп жүр
Роза Қуанышқызы: Жұрт мені сыр бермейтін «темір әйел» дейді. Бірақ, жалғыздықта көп жыладым
Айгүл Иманбаева: Сәбиттің ата-анасына әлі күнге дейін сәлем салып, “мама, папа” деймін