Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұялы байланыс базалық станциялары қалай жұмыс істейді

Кейде өміріміздегі кейбір нәрселер қалыпты әрі өздігінен жүзеге асатындай көрінеді. Мысалы, ұялы байланыс сапасын интернет "ұстап тұр" немесе "ұстамай тұр" сынды қарабайыр стандарттармен өлшеп, оның шын мәнінде қалай жұмыс істейтіні туралы ойланбаймыз. 

Базалық станция дегеніміз не? 

Ұялы байланыс пен интернетті қаланың барлық аудандарында орнатылған базалық станциялар арқылы телеком-операторлар қосады. Телефондағы байланыстың "болуы" немесе оны "жоғалтуы" оператордың сол аймақты қамтуына байланысты. Базалық станция – осы алып жүйедегі негізгі бөлшектің бірі. Бірақ байланыс сапасына әсер етуі мүмкін тағы бірнеше жайт бар. 

Барлық базалық станциялар бірыңғай желіге трансмиссиямен жиналады. Арнайы аппаратураның көмегімен сигнал қабылданып, абоненттен алынған ақпар интернет-серверге кетіп, одан кейін абонентке қайтарылады.
Байланыс инженерлерінің айтуынша, жабдықтар орналасқан бөлмеде белгілі бір температура сақталуы керек, себебі температураның өзгеруі жабдықты өшіріп тастауы мүмкін. Сондай-ақ электр қуаты жоғалған жағдайда станциялардың жұмысын қамтамасыз ететін аккумулятор батареялар немесе дизельді генераторлар қажет.

Мұның бәрі қайда орналасады? 

Базалық станциялар әртүрлі жерлерде орнатылады. Елді мекеннің орналасуы мен жер бедерінің ландшафтына мән беру қажет. Мысалы, тұрғын үй көп орналасқан аумақта ғимараттардың төбесінде орналасуы мүмкін. Бұл барлық тұрғындардың байланыс желісіне қосылуына мүмкіндкті арттырады. Қала маңы мен елді мекендерде 7-12 метрлік шағын мұнара монополь қолданылады.

Егер станция үйдің төбесіне қойылмаса, онда биік жерде орналасуы үшін биік мұнара керек. Тек тау бөктерінде мұнара орнатылмайды. Ашық алаңдарда, қаланың сыртында, керісінше, 75 метрге дейінгі биік мұнаралар қойылады. Бұл байланыс қамту ауқымын кеңейтіп, ландшафтқа біркелкі тарау үшін жасалады.

Базалық станция әдетте үш сектор антенналардан тұрады. Олар үш бағытқа бет бұрады. Бұл аумақты толыққанды қамтуға мүмкіндік береді. 

Абонент біреуге қоңырау шалғанда немесе интернетке кіргенде, базалық станция басқа телефонмен немесе интернет-сервермен байланысып, деректерді бір құрылғыдан екіншісіне жібереді. Базалық станция алыс болса, сигнал әлсіз болуы мүмкін және бұл интернет жылдамдығына немесе қоңырау сапасына әсер етеді.

Фольгадан қалпақ киеміз бе? 

Айтпақшы, радиосигнал радиофобтар қорқып жүретін сәулелердің бір түрі. Сонда станцияға жақын жерде немесе телефонмен сөйлескен кезде бізге фольгадан қалпақ кию қажет пе?

Бірден айтып өтейік, қажет емес. Себебі базалық станциялар санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарында қатаң тексеруден өтіп, олардың талаптарына сәйкестігін растайтын рұқсат құжаттарды алады.
Адамдар үшін кәдімгі күн сәулелері әлдеқайда қауіпті. Себебі күнге күйіп қалуға болады. Немесе флюорография кезіндегі рентген сәулелерінен де қауіп жоғары. Микротолқында пешті қолдану жақын жерде орналасқан базалық станциядан әлдеқайда қауіпті. Алайда адамдар пешті қолданудан бас тартпайды.

Айтпақшы, Қазақстанда базалық станцияда рұқсат етілген электромагниттік сәулелену деңгейі 10 мкВт/шаршы см. Бұл әлемдегі ең қатаң нормативтердің бірі. Мәселен, АҚШ-та рұқсат етілген деңгей 60 мкВт/шаршы см-ге жетеді. Ал Швецияда бұл көрсеткіш біздегіден 10 есе көп!

Базалық станцияны орнату 

Базалық станцияны орнату бірнеше кезеңнен тұрады: орынды таңдау, рұқсат құжаттарын дайындау және нақты орнату жұмыстары. 

Станцияны қою үшін байланыс ең әлсіз жер таңдалады. Себебі қамтылмаған аумақты қосу қажет. Тұрғындарды байланыспен қамту үшін орталыққа, биік жерге орналасуына мән беру қажет.
Сигнал бетон мен болаттан өтпеуі мүмкін, сондықтан лифттерде, жертөлелерде және алып ғимараттардың төменгі бөлігінде желі "болмауы" мүмкін. 

Орын, аумақ немесе ғимарат таңдалғаннан кейін құжаттарды жинау басталады. Бұл ең қиын кезең. Алдымен мұнара орнатуға барлық тұрғындардан рұқсат сұрау қажет. Оператордың айтуынша, тұрғындардың келісуі қиын. Егер рұқсат болмаса, станцияны орнатуға болмайды.

Рұқсат алғаннан кейін барлық санитарлық нормалар сақталғаны тексеріліп, радиожиілік спектрін пайдалануға қорытынды жасалады. Мұнара құрылысы кезінде қосымша құжаттар қажет: сәулет-жоспарлау тапсырмасы және құрылысқа рұқсат. 

Әдетте, мұндай құжаттар пакетін жинау өте ұзақ процесс және ол алты айдан тоғыз айға дейін созылуы мүмкін. Станцияның орналасқан жерін сәл өзгерту керек болса, рұқсат құжаттарын қайта жинауға тура келеді.

Осылайша, бізді сапалы байланыспен қамтамасыз ету оңай жұмыс емес. Алайда инженерлер бізде әрдайым байланыс "болуы" үшін аянбай еңбек етеді.
 

Талқылау