Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Суицидпен күрес министрлігі, арнайы курс оқыту: Әлем елдері суицидпен қалай күреседі?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде 40 секунд сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсайды, яғни жылына 703 мың адам суицидтен жан тасырады. Суицид деңгейі бойынша Оңтүстік Корея, Беларусь, Ресей, Венгрия, Жапония, Украина мен Латвия және Қазақстан көш бастап тұр. Бұл індет көп елде өзекті болып тұрғандықтан, мұнымен белсенді түрде күресу мақсатында әр мемлекетте күрес шаралары қолға алынған. Stan.kz тілшісі әр елдегі суицидтің алдын алу тәжірибесін зерттеп көрді.

Фото: UNICEF

Мамандар жоғарыда аталған елдерде суицид үлесінің басым болуын қаржылық қиындықтар, жеке тұлғаға жүктелген міндеттемелердің тым көп болуымен байланыстырады. Психолог Қаламқас Базарбайдың айтуынша, өмір салтында топтық коллективизм басым халық депрессивті келетінін айтады. Яғни соның салдарынан өздеріне қол салу сынды ой оларды жиі мазалайды дейді.

“Қаржылық тұрақсыздық, шамадан көп жауапкершілікті жүктеу адамның сағын қайыстырып жіберуі мүмкін. Өмір сүру салтын индивидуализм және коллективизм деп екіге бөліп қараймыз. Батыс елдерінде индивидуализмді ұстанады, яғни адам өзін бірінші орынға қояды, жекеше дамиды. Ал коллективизм топтық дамуға негізделген. Әсіресе, Жапония, Корея елдерінде бұл қатты дамыған, ал зер салып қарасақ, бұл елдер де суицид алдыңғы қатарда тұр. Кореялықтар мен жапондықтар қоғам ұстанған нормаларға сай өмір сүрмесе, қысымға ұшырайды, шеттеледі. Мұндай факторлар оларды күйзеліске түсіреді”, – деді маман.

Оңтүстік Корея

Оңтүстік Корея өзін-өзі өлтіру фактісі бойынша сұмдық нәтижелерді көрсетеді. Онда жылына 13 мың суицид орын алады, яғни күніне 36 адам өз өмірін қияды. Әр бесінші өлім суицид салдарынан болады екен. 

Сеулде адамдар көбіне көпірден секіріп, өмірмен қоштасады. Хань өзенінің үстіндегі Мапходэгё көпірі сеулдіктер арасында “суицид көпірі” аталып кеткен. Сол себепті Корей билігі шара қабылдаған.

Фото: Adindex

2016 жылы көпір қоршауға алынған. Мамандар соның арқасында суицид саны 26%-ға қысқарды дейді. Дегенмен қоршауларды бұзып, көпірден секіретіндер бар. Сол үшін көпірлер камералармен, қозғалыс сенсорларымен жабдықталған. Адамның көңілін көтеріп, өзіне қол салу ойынан айныту үшін “Күніңіз қалай өтті?”, “Үйге қашан келесіз?”, “Үмітің үзілмесін”, “Бүгін тамақтандың ба?” деген сынды түнде жанатын жазулар ілінген.

Сонымен қатар көпірде телефондар тұрады. Сол арқылы арнайы құтқару орталығының операторлары өзін өлтіруге бекінген адаммен сөйлесіп, уақытты барынша созады. Осы уақыт ішінде құтқарушылар көмекке келіп үлгеруі тиіс.

АҚШ

АҚШ-та салыстырмалы түрде тұрғындардың өзіне қол салу фактісі аз болғанымен, америкалық әскерилердің суициді белең алған. Айтуларынша, 2001 жылы болған Пентагондағы террористік акттен кейін әскери қызметкерлер жаппай өзіне қол жұмсаған. 20 жылда 30 мыңнан аса сарбаз суицид жасады. Осы ретт бүгінгі таңда ұлттық суицидтің алдын алу қызметі жұмыс істейді. Оған АҚШ әскерінің сарбаздары мен олардың отбасы мүшелері тегін жүгіне алады. Әрі әскерде офицер, сарбаздармен жұмыс істейтін психологтар бар.

2014 жылдан бастап АҚШ қарулы күштерінде “Суицидтің алдын алу” арнайы курсы оқытылады. Қатардағы жауынгерлер мен сержанттар арасында "Жолдасыңа қамқор бол және оған көмектес" деген арнайы бағдарлама қарастырылған. 

Сонымен қатар АҚШ-та балалар мен жасөспірім жыл сайын скринингтен өтеді. Скрининг барысында түрлі сауалнамалардың көмегімен олардың өзіне қол салу ниеті, суицид жасауға бейімі бар-жоғы тексеріледі. 

Ұлыбритания

Ұлыбритания – суицидпен ең қарқынды күресетін мемлекет. 2018 жылы Ұлыбритания билігі ең алғашқылардың бірі болып суицидпен күрес министрлігін құрды. Министрліктің мәлімдеуінше, мұнда жылына 4,5 мың адам өзіне қол салады. Министрлік психикалық ақауы бар азаматтарға қамқорлық жасап, оларды тегін емдейді. Жасөспірімдер арасында буллинг және күйзелістің алдын алумен айналысады. 

Бұған қоса қайырымдылық қоры, дағдарыс орталықтарына қаржы бөледі.

Израиль

Ал Израиль суицид деңгейі төмен елдердің қатарында. Қабылданған шаралардың нәтижесінде онда өзіне қол салу деректері азайып жатыр дейді. Ең көбі 2014 жылы 382 адам болған.

Израильде суицидтің алдын алудан бөлек, суицид орын алғаннан кейін де шаралар қабылданады. Мысалы әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі белгілі бір отбасы мүшесі өзіне қол салған жағдайда жақындарына көмек көрсетіп, топтық және жеке емдеуден өткізеді. Онда министрлікке қарайтын онға жуық дағдарыс орталығы жұмыс істейді.

Сонымен қатар мектептерде "Хосен" бағдарламасы бар, онда жасөспірімдерге арналған суицидтің алдын алудың шаралары жасалады.

Қазақстан

Қазақстан ұл балалар арасында суицид бойынша екінші орында. 2022 жылғы дерек бойынша, бір жылда елімізде 3700 адам өзін-өзі өлтірген. Суицидтің алдын алу мақсатында денсаулық сақтау министрлігі ЮНИСЕФ-пен ынтымақтаса отырып, шаралар жүргізуге бекінген. ЮНИСЕФ қаржылай және сараптамалық қолдау көрсетеді. Тұрғындардың өздеріне сенімсіз болған уақытта хабарласып, сөйлесе алатын 150 сенім телефоны жұмыс істейді.

Талқылау