Министрлік неліктен әлемдік жұлдыздардың концертпен Қазақстанға жиі келмейтінін түсіндірді
Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев әлемдік деңгейдегі әншілердің концертпен Қазақстанға неліктен жиі келмейтінін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Ержан Еркінбаев брифингте елімізге әлемдік жұлдыздардың көп келе бермейтін себебінің бірі қаржылық жағдайда екенін түсіндірді.
"Ресей немесе басқа елдердегідей бізде неге жиі концерттердің болмауының бірнеше себептері бар. Біріншіден, біз – логистикалық тұрғыдан өте алыста орналасқан елміз. Әрбір жоғары деңгейлі жұлдыз өзімен бірге 20-дан астам жүк көлігіне сыятын құрал, техникаларын алып жүргісі келеді. Оны бізден жалға ала алмайды. Олар: дыбыс, жарық, шоуға арналған барлық жабдық.
Сондықтан осы 20-дан аса жүгі бар жұлдызды Қазақстанға әкелу, концерт өткізу және кері қайтару өте қымбат. Бұл бірде-бір жұлдызға, бірде-бір ұйымдастырушыға пайда әкелмейді", – деді Ержан Еркінбаев.
Сондай-ақ вице-министр мұның бәрі әртістердің "қымбат құнына" қосылатынын айтты.
"Жұлдыздардың тұрақты тұратын жеріне жақын елдердегідей бізге келе салу тиімді емес. Бізге ұшу да, келу де алыс", – деп қосты ол.
Еркінбаевтың айтуынша, тағы бір себеп, Қазақстанда тиісті деңгейдегі концерт залдары жетіспейді.
"Бізге осындай әлемдік жұлдыздар деңгейіндегі үлкен концерттер өткізу үшін кең көлем қажет. Сондықтан жаңа қала Алатауға үлкен концерттік Арена салу жоспарда бар. Бурабайды дамытудың кешенді жоспарында да концерт залдың құрылысы бар.
Дженнифер Лопес сияқты жұлдыздардың концерттері енді жыл сайын әрі тұрақты түрде болады деп ойлаймыз. Біз логистика мәселесін шештік. Олардың бізге келуден бас тартуына немесе Қазақстанды ескермеуіне ешқандай себеп жоқ. Біз ө тыныш, қауіпсіз, әрі әдемі елміз. Неліктен олар мұнда келмеуі керек? Мәселенің бәрі тек ақшада", – деп түйіндеді вице-министр.