Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"AKON-ның эротикалық сипаттағы әндері тәрбиені бұзады": Депутат шетелдік жұлдыздарды елімізге шақыруда қатал болуды талап етті

Депутат Аманжол Әлтай премьер министрге депутаттық сауал жолдап, Астанада өткен AKON-ның концертін сынға алды. Айтуынша, әншінің әндері эротикалық сипаттағы нәпсіні қоздыруға итермелейтін, сананы лайлап, тәрбиеге теріс әсер ететін қауіпті мазмұнда. Депутат министрліктерден елімізге әлемдік жұлдыздарды шақырмас бұрын дұрыс таңдау жасауды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Қыз тәрбиесі бұзылса, ұлт тәрбиесі әлсірейді” деген депутат AKON-ның концертінде болған бірнеше жағдайға тоқталды.

“Біріншіден, концерт кезінде жанкүйер жастар әншіге іш киімін лақтырып, төмен моральдық мінез-құлық көрсетті, еліміздің беделіне нұқсан келтірді. Екіншіден, ұлттық өзегі әлсіз, өзгені пір тұтқыш жастар әндердің контекстінде байқалатын гендерлік кемсітушілік мәселесін, қыздардың намысын, абыройын қорлайтын теріс мазмұнын аңғармай есі кетті. Үшіншіден, "smack that" әнінің мәтінінен эротикалық сипаттағы нәпсіні қоздыруға итермелейтін, сананы лайлап, тәрбиеге теріс әсер ететін қауіпті мазмұнды аңғарамыз”, – деді депутат. 

Аманжол Әлтай ұйымдастырушылардың әншіге ұлттық киім кигізіп, домбыра сыйлағанын орынсыз деп атады.

“Біз мәдени атрибуттарымызды ілгерлетуде, насихаттауда талғамды болуымыз керек. Ұлттық музыкалық мұрамыздың символы – қасиетті домбыраны жезөкшелік пен әйелдерді қорлауды насихаттаудың айқын сипатына ие "Smack that", "hypnotiser" сияқты әндерді орындайтын әншіге беру – парықсыздық, ұлттық құндылықтарды табанға таптау деп қабылдаймын”, – деп қосты ол. 

Осыған байланысты депутат Үкімет құрамындағы құзырлы мекемелерге келесі шараларды қолға алуды ұсынды.

“Мәдениет және ақпарат министрлігі шетелден елімізге кіретін мәдени өнімдерге, гасрольдік сапармен келушілерге қойылатын нақты талаптар жиынтығын әзірлеуі тиіс. Айғайлағанның бәрі әнші емес! Біздің нормамыз бен ұстанымдарымызға қайшы келетін өнімдерді таратпау үшін шетел әртістерін таңдауда қатаң талаптар сақталсын! Оқу-ағарту министрлігі мектеп бағдарламасына "Салт-дәстүр және ұлттық құндылықтар" пәні енгізілсін. Ғылым және жоғарғы білім министрлігі жастар арасында ұлттық тәрбие жұмысын жетлдіруі тиіс”, – деп қорытты Әлтай.

Еске салсақ, Астанада жанкүйерлер Akon-ға іш киімін лақтырғаны туралы хабарлаған едік. 

Талқылау