Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Министрлік күйзелісте жүрген қазақстандықтар еңбекке жарамсыздық парағын қалай рәсімдей алатынын түсіндірді

Фото: istockphoto.com

Денсаулық сақтау министрлігі күйзелісте жүрген қазақстандықтар еңбекке жарамсыздық парағын (больничный) қалай рәсімдей алатынын түсіндіріп берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Биыл Қазақстан бойынша ресми түрде мұндай диагноз 1517 науқасқа қойылған, ал 2024 жылы – 1457 адамға қойылған.

Орта және ауыр дәрежедегі күйзелістер стационарлық жағдайда емделеді, бұл еңбекке уақытша жарамсыздық парағын алуға кедергі келтірмейді.

“Амбулатория деңгейінде де еңбекке жарамсыздық парағын алуға болады, бірақ ол үшін міндетті түрде психиатрдың растауы қажет. Жалпы тәжірибелік дәрігер күйзеліс белгілерін анықтай алады, алайда ол науқасты түпкілікті диагноз қоятын психиатрға жолдауы тиіс”, – дейді денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әсел Қыдырәлиева.

Мамандардың айтуынша, мұндай диагнозбен көбіне 18 бен 40 жас аралығындағы, яғни орта жастағы адамдар жүгінеді, олардың басым бөлігі – әйелдер. Күйзеліс шамадан тыс шаршаумен шатастыру оңай, сондықтан көпшілік оған мән бермей жатады. Дәрігерлер оның дамуын үш кезеңге бөліп, әрқайсысын жеке белгілермен сипаттайды.

“Жеңіл дәрежеде адамның көңіл күйі төмендейді, бірақ еңбекке қабілетігі сақталады және күнделікті өмірге бейімделуі бұзылмайды. Орташа дәрежедегі депрессияда көңіл күй тұрақты түрде төмен болып, еңбекке қабілеттілік бұзылады. Ал үшінші дәрежеде суицидтік ойлар пайда болады”, – дейді психиатр Виктория Ефимова.

Ауыр дәрежедегі күйзелісте дәрігерлер психокоррекция мен дәрілік ем қолданады. Ал жеңіл түрлерімен психолог айналысады.

“Адам күйзелістен өз бетімен де шыға алады: серуендеу, сүйікті іспен айналысу секілді әрекеттер маңызды. Күш пен сергектік беретін нәрселерді өмірге енгізу қажет”, – дейді психолог Арай Нұрбекова.

Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту орталығының деректеріне сәйкес, елде бұл диагнозбен берілген еңбекке жарамсыздық парақтарының саны бойынша есеп жүргізілмейді.

Еске салсақ, Қазақстандықтар күйзеліс кезінде еңбекке жарамсыздық парағын аштыра алады

Дана Русланқызы
Жұма, 07 Қараша, 2025 22:25
Талқылау