Министрлер қазақстандықтардың жалақысы неліктен экономикалық өсіммен бірге көтерілмейді деген сұраққа жауап бере алмады
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров пен Қаржы министрі Мәди Тәкиев қазақстандықтардың жалақысы экономикалық өсіммен бірге неліктен көтерілмеді деген сауалға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Коллаж Stan.kz
Министрлерге журналистер тарапынан, неліктен қазақстандықтардың жалақысы экономиканың өсуіне қарамастан 150-300 мың теңге деңгейінде қалып отыр, деген сауал қойылды. Олар сұраққа нақты жауап бере алмады. Дегенмен мемлекет азаматтардың әл-ауқатын жақсарту бойынша жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Үкімет отырысында министрлер тоғыз айда (2024 жылдың қаңтарынан қыркүйекке дейін) экономика өсімі 4%-ға жеткенін айтты.
Байбазаровтың сөзінше, жалақы деңгейі еңбек өнімділігіне байланысты.
"Өндіріс пен табыс өскен кезде кәсіпорындар өз жұмысшыларының жалақысын көтеруге тырысады. Біз мемлекеттік қолдау көрсету кезінде кәсіпорындардан қызметкерлердің жалақысын көтеруді талап етеміз. Бюджеттік салаға келсек, кейінгі жылдары мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы тұрақты түрде өсіп келеді және солай жалғаса береді", – деді министр.
Сондай-ақ ол үкіметтің басты міндеті азаматтардың өмір сүру деңгейін көтеру екенін айтты. Министр Тәкиев төмен жалақы мәселесінен хабардар екенін жеткізді.
"Қазақстанда халықтың 35 пайызы 150-300 мың теңгеге дейін, ал 36 пайызы 300-600 мың теңгеге дейін жалақы алады. Экономиканың құрылымы өзгеріссіз қалғанын көріп отырмыз. Бірақ біз айтарлықтай қолдау көрсетіп келеміз. Кейінгі екі-үш жылда мемлекеттік қызметкерлердің, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы екі есе өсті. Олардың бұдан әрі де өсетініне сенімдіміз", – деді министр.
Сондай-ақ ол Қазақстандағы ең төменгі жалақы қазір 85 мың теңге екенін еске салды.
14 қазанда депутат Асхат Аймағамбетов елімізде "жұмыс істейтін кедейлер феномені" өсіп жатқанын мәлімдеді. Депутат қазақстандық әлеуметтанушылар жасаған дерекке сілтеме жасап, күні бойы жұмыс істеп, бірақ жалақының аздығынан кедейлік шегінде қалып отырған азаматтарға алаңдаушылық білдірді.
Аймағамбетов бұл мәселе бюджеттік сала қызметкерлерінің өміріне қатты әсер еткенін айтты. Оның айтуынша, "жұмыс істейтін кедейлер феномені" Қазақстанда қауіпті жағдай туғызып жатыр.