Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Министр мұғалімдердің жалақысын өсіру қалай жүзеге асатынын айтты

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мұғалімдердің жалақысын өсіру қалай жүзеге асырылатынын айтты. Осы туралы мәжілісте өткен үкімет сағатында депутат Шавхат Өтемісов министрден мұғалімдердің жалақысы қалай және қашан өсетінін сұрады.

Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.

“Енді мұғалімдердің жалақысы біліктілік тестерін тапсыруына байланысты 30-дан 50 пайызға дейін өсетін болады. Осыған байланысты кейбір анықтағым келген мәселелер бар. Біріншіден, мұғалімдердің қандай санатына үстемеақы көзделеді және ол неге байланысты болады? Мысалы, жұмыс өтіліне ме, оның кәсіби жетістіктеріне ме, қалалық не ауылдық мектеп дегенге байланысты бола ма? Мұғалімге еңбекақысын өсіру үшін не істеу керек? Өйткені олардың барлығы жаңартылған білім мазмұнымен жұмыс істемейді ғой. Және үстемеақы нақты қандай кезеңнен бастап жүзеге асырылатынын түсіндіріп берсеңіз”, — деді депутат.

Министр жаңа оқу жылынан бастап мұғалімдерді бірыңғай тестілеуден өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

“Тек қана бірыңғай тестілеу жүйесін енгіземіз, ал бұрынғы жүйе сол күйінде қалады. Бірыңғай тестілеу неге керек? Қазір бәрімізге керегі – мұғалім өзінің сабағын біле ме, білмей ме? Соны білу үшін, мұғалімдер дайындалу үшін бірыңғай тестілеу режимін енгізіп отырмыз”, — деді Сағадиев.

Емтиханда мұғалімдер 100 сұраққа жауап береді, оның 70 сұрағы пән бойынша болады.

“Ал 30 сұрақ білім беру әдістемелері және заңдар сияқты сұрақтарға арналған. Қазіргі уақытта сұрақтар дайын, бірнеше қабылдайтын құжаттар бар. Оның бәрін екі-үш айдың ішінде дайындасақ, жаңа оқу жылынан мұғалімдерді тестілеуден өткізіп, әрі қарай деңгейін көтеруге механизм енгіземіз. Бұл көп мемлекетте бар жүйе “, — деді министр.

“Мұғалімдердің бәрі тестілеуден өтуі керек пе?”, — деп сұрады мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева.

“Бірыңғай тестілеуден біліктілік деңгейін көтеруге мүдделі мұғалімдердің бәрі өтуі қажет. Бірақ, мысалы, мұғалімдер екі-үш жыл бұрын біліктілік деңгейін көтерсе, әрі қарай жұмыс істеуге болады. Келесі кезеңде ғана тестілеуден өтетін болады”, — деп жауап берді министр.

Одан кейін вице-спикер жалақысын көбейту үшін мұғалімдердің 100 сұрақтың нешеуіне жауап беруі керек екенін сұрады.

“Бәрі деңгейге бөлінген. Ең жоғары деңгейіне сұрақтың тоқсан пайызына, педагог-зерттеуші сексен пайызына, педагог-сарапшы жетпіс пайызына, педагог-модератор алпыс пайызына жауап беруі керек”, — деді Сағадиев.

“Сонда сіздердің ойыңызша, мұғалімнің бар кәсіби деңгейін осы 100 сұрақ анықтап береді деп отырсыздар ғой…”, — деді депутат.

“Жоқ, олай емес. Екі кезең болады. Бірінші, ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Екінші, комиссия шешетін болады. Яғни, қазіргі жүйе қалады. Біз тек қана бірыңғай тестілеу нәтижесін комиссияға беріп отырамыз. Жұмыс тобына бірнеше депутат қатысқан болатын. Біз бірнеше ай мұғалімдермен де, мектеп директорларымен де талқыладық. Қазіргі уақытта мұғалімдер оны түсініп, дайындалып отыр”, — деп жауап берді министр.

Тағы оқыңыз:

Көктем және жаз айларына арналған ауа райы болжамы

Вице-спикер министрлік өкілінен үкімет сағатын босатуын сұрады

Білім министрі: 7 жасар баланың ісіне қатысты кінәлілер болса, ең қатаң жаза қолданылады

Ресейде қазақстандықтарды тіркеу ережесі уақытша өзгереді

Талқылау