Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Министр Қазақстанда үш ауысымды мектептер мәселесі қашан шешілетінін айтты

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2025 жылғы 21 мамырда орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында елдегі үш ауысымды мектептер мәселесі қашан шешілетінін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Үкімет

Министрдің айтуынша, 3-4 жыл бұрын Қосшы қаласындағы 2000 орындық мектепте 5000 бала оқыған. Қалада салынған жаңа мектептер орын тапшылығын екі есе қысқартты. Бұрын бір сыныпта 40-қа дейін оқушы болса, қазір қайтадан 20-25 оқушыдан тұратын сыныптарға көшті.

"Кейінгі үш жылда үш ауысымда оқытатын 100 мектеп пен 32 апатты мектеп азайды. Құрылыстар толық аяқталған соң, елімізде үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешіледі деп күтіп отырмыз", – деді Ғани Бейсембаев.

"Жайлы мектеп" жобасын іске асыру барысында еліміз бойынша 100-ден астам жаңа мектеп салынды, бұл мыңдаған бала үшін оқу жағдайын едәуір жақсартты. Мысалы, елордада 9 жаңа мектеп ашылып, үш ауысымды оқыту мәселесін біршама шешуге мүмкіндік берді.

"Тәуелсіздік жылдары ішінде Ақмола облысында алғаш рет жаңа заманауи мектеп салынды, ал Алматы облысы Қошмамбет ауылында 1200 орындық заманауи мектеп іске қосылды. Бұл мектептер озық құрал-жабдықтармен жабдықталып, білім берудің жаңа сапа стандартының үлгісіне айналды. Осындай нысандар жобаның нақты пайдасын көрсетеді: балалар кең, жарық сыныптарда, заманауи техникамен жабдықталған жағдайда білім алады, ал ата-аналар мен мұғалімдер оң өзгерістерді атап өтеді", – деді Ғани Бейсембаев журналистердің сұрағына жауап бере отырып.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 21 Мамыр, 2025 16:32
Талқылау