Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Министр Қарағандыда жаппай уланған балалардың қазіргі жағдайы туралы айтты

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағандыда балалардың жаппай улануына қатысты пікір білдірді. Министр қазір олардың жағдайы жақсарғанын айтты. Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова комиссия жұмысының қорытындысы қашан белгілі болатынын нақты атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: ДСМ баспасөз қызметі

Ажар Ғинияттың айтуынша, бұл іс бойынша Бас прокуратура тексеріс жргізіп жатыр.

"О бастан екі баланың жағдайы ауыр болды, біз бұл туралы алғашқы күннен-ақ айтқанбыз. Осы уақыт бойы дәрігерлер олардың өмірі үшін күресті. Қазір бесеуі ауруханада, оның екеуі жансақтау бөлімінен мамандырылған бөлімге ауыстыру жоспарланып жатыр. Зертханалық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бір-екі айдың ішінде өткізілетіндері де бар. Сондықтан Бас прокуратура тексерісінің қорытындысын күтіп отырмыз", - деп жауап берді министр.

Бүгінде балалар денсаулығының оң динамикасы бар, естерін біледі. Оларға ерте оңалту жүргізіліп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балалардың жағдайына және оларға медициналық көмек көрсетуге тұрақты мониторинг жүргізеді.

Министр сөзінше балаларды емдеу тәсілі республикалық мамандар тарапынан үнемі бақылануда.

Ал премьер-министрдің орынбасары-еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова комиссия жұмысының қорытындысы қашан белгілі болатынын нақты атады.

"Қазір облыс әкімдігі жанынан құрылған комиссия өз жұмысын аяқтап жатыр, 5 қыркүйекте нақты не болды, қандай себеппен болғаны туралы қорытындыларын жариялайды", - деді Дүйсенова.


 

Талқылау